«Жорға шымыр»немесе бектеміс ШЫНЫБЕК датқа

868 Views

Біздің Құлан өңірінен атағы алысқа кеткен қарақойлы Батырбек датқа мен шымыр Шыныбек датқа шыққан. Олардың екеуі де шешендігімен, тапқырлығымен және асқан алғырлығымен, ең бастысы әділдігімен ел аузына іліккен, беделі бүкіл төрт Дулаттың баласына ғана емес, үш жүзге мәлім болған ересен тұлғалар еді десем қателеспейтін шығармын. Бәлкім, сондықтан болар, жұрт Батырбекті: «қара қылды қақ жарған қарақойлы Батырбек» десе, Шыныбекті: «жорға шымыр» деп ардақтап, ат қойған екен.
Құрметті оқушым, «айтпаса сөздің атасы өледі» деген қазақта қайым бар. Сіздер: «Неге осы екі датқаның жанына Құдайбергенді қоспайсыз» деуіңіз бек мүмкін. Қоқан ханының теперішін көрмеген бүгінгілер: «Е, Құдай ханның қаһарынан сақта!» деген қатерлі сөзді де қазір қаперіне ілмейтін болыпты. Әйтпесе, Қоқан ханының Жарлығымен ғана датқалық атақ берілетінін білмей ме? Мәселен, Құдайберген майыр Бәйетұлына Қоқанның ханы Әлім датқалық атақты ешқашан берген емес. Соған қарамастан құландықтар, дәлірек айтатын болсақ, сиқым ұрпақтары: «бұл атақты оған халық берген» деп жалпақ жұртты жаңылыстырып жүр. Кезінде бір мақаласында облысқа танымал журналист (марқұм) Мақұлбек Рысдәулетов те «датқа» деп жазған болатын. Сол қателігін айтып телефон шалғанымда Мәкең: «Сенікі шындық. Датқалықты сол кезде хандар берген екен» деп мойындаған.
Егер тарих тереңіне көз жүгіртетін болсақ, оған анық айғақ таба аламыз. Кезінде Байзаққа датқалықты Қоқан ханы берген ғой. Кейін хандыққа қатер төнгенде Байзақ датқаның Черняев әскері жағына шығып кеткенін естіп, оны құзырына 48 нөкерімен бірге алдап шақырып алып, зеңбіректің аузына таңып, атып жібергенін біз тарихтан жақсы білеміз. Сөйтіп, Қоқан ханы датқалық сертіне адал болмаған Байзақты датқалықтан дәл осындай қатыгездік жолмен айырған болатын. Ал, Құдайберген Сыпатай батырдың жөн сілтеуімен Черняевтың жасағына қосылып, Қоқанға қарсы шыққан еді ғой. Осындай тарихи шындықты біле тұра біз неге Құдайбергенге өтірік датқалықты бере салғанға ұялмаймыз. Сондықтан Құландағы бір көшеге бадырайтып жазып қойған жазуымызды өшіріп, оның орнына «Құдайберген майыр көшесі» деп жазып қойсақ, бұл біздің тарих алдындағы адалдығымызды көрсетпей ме? Онсыз да Құдайберген майыр өзінің ұрпақ алдындағы борышын өтеп, елімізді Қоқан хандығының езгісінен құтқарды емес пе?
Бірді айтып, екінші бір тарихи оқиғаға ойысып кеткеніме кешірім сұраймын. Айтайын дегенім ол емес, Шымырдың Сәмбеті Бүркіт батырдың Мойынқұмға қалай келгені жайлы еді. Иә, Мойынқұм бетбағы, Түлей, арғы жағы Арқаның кең жазиралы сайын даласы алты-жеті ата бектемістерге аз көрінбейтін. Алайда, оларды Мақпал тауының «Қапшағай», «Сұлутөр» мен «Сөгеті» сілемдері, «Ой жайлауы» мен «Көл жайлаулары» ілгеріден-ақ қызықтырушы еді. Бектемістердің Шыныбек датқасы Жаныстар жайлап отырған осынау көделі өңірге аусары ауғанмен «алыс-беріске» бар ағайындар жайлауын бұларға беруге қия қоймады. Сонымен Шымыр балалары өзінің егізі Ботбайлардан араағайындық сұрап, Сыпатай батырға келеді. Барлық мәселені байыппен шешіп үйренген Сыпатай би Шыныбек датқаның талабын қолдап, бектемістерге Алатаудан кең қоныс береді. Осы тарихи оқиғаны кезінде бектеміс шайыры Сыдық пен шежіреші Мамыралы тебірене жырлады. Сол Мамыралы Сейдібайұлы абыздан ел аузында қалған бір әңгіме бар екен. Датқа жолаушылап кеткенде Бораншылардың бір атасы Шыныбек датқаның «Ойқұдықтағы» қонысына сұраусыз келіп отырып алады. Шыныбектің Оршыбек есімді ұлы болыс екен. Ағайындарының бұл әрекетін басынғандық деп біліп, оларды көшіріп жібереді. Сөйтіп, Бораншы балалары Қорағаты өзені сағасына ауа көшіп келеді. Баласының ойланбай істеген ожар қылығына разы болмаған датқа руластарын өзі іздеп келіп, баласы үшін кешірім сұрап, ағайындарын татулыққа шақырған екен.
«Дүние – кезек» деген. Бірде кіші жүз жағалбайлыдан тарайтын екі аталық Шу өзенін сағалай көшеді. Бұл туралы Бүркіт ағайындарынан естіп, білген Шыныбек датқа көшті тоқтатып, оларға өз орталарынан қоныс береді. Содан бері жағалбайлылар бектеміс балаларының бір бұтағындай болып, төсекте басы, төскейде малы бір күй кешуде. Датқа ағайын арасындағы дау-дамай, жанжал, барымта, жер мен жесір дауын дүйім жұрттың алдында әділ шешіп, ақты – ақ, қараны – қара» деп тура жолға салып отырған. Байзақ датқа мен бестерек Сәлімбай болыс арасындағы абыройсыз кикілжіңді шешуді Қоқан ханы өзіне жүктегенде лажсыздан келіскен. Уақиғаның ширығып, өршіп кетпеуін ойлаған ағайындар: «мұны жорға шымыр Шыныбек қана шеше алады. Соған жүгінейік» деген. Өйткені іс насырға шауып, Сәлімбай болыс «жаспын» демей, жасы шау тартқан Байзақ датқаны балағат сөзбен ғайбаттайды, оның намысына тиіп, қорлайды. Осы кемсітуге шыдамаған Байзақ датқаның кіші ұлы Сәлімбай болыстың жолын торуылдап жүріп, оны айуандықпен өлтіреді. Расында бұл кешірілмес күнә еді. Шыныбек датқа: «осы қанды оқиға ушығып, ағайын арасында өшпенділік туып кетпесін» деп осы іске араласуға өзі де белді бекем буып отырған. Оның үстіне Байзақ датқа да базынасын айтып алдына келеді. Сонда «жорға шымыр» Шыныбек: «Мен бұл дауды дүйім Дулаттың алдында айтамын. Шақыр бәрін!» депті.
Сонымен төрт арыс ел түгел Сөгетінің баурайына жиналады. Дау қуған бестеректерді Шыныбек датқаның өзі алдынан шығып, қарсы алады. Келген жұрт арнайы тігілген үйлерге жайғасады. Оларға жаңабай жұрты аяғынан тік тұрып, қызмет көрсетеді. Саба-саба қымыз, сойысқа деп жылқы мен қой сойылып, жиынға келген жұрт қарық болады. Ойсырап бара жатқан шығынға шыдамай Байзақ Шыныбекке келіп: «Шынжан-ау,шығынға шаш етектен батып барамыз, дауды ертерек шешпейсің бе?» дейді. Сонда Шыныбек датқа: «Шешімімді бестеректер келген күні-ақ айтып қойғанмын. Ел алдындағы түбегейлі байламымды ертеңгі астан кейін айтамын» дейді.
Сонымен «күлтөбеге» Дулаттың игі жақсылары, ру басы, билері тегіс жиналған мезгілде Шыныбек датқа:
– Уа, халайық! Өз орталарыңдағы Бекболат балалары дүйім Дулатты дуылдатып, Шымырды шырылдатып, басы дауға қалғанын білесіздер. Осынау дау алты Алашқа әшкере болмай тұрғанда баспасақ сүйекке таңба, елдігімізге сын, басымызға мін болғалы тұр. Осының шешімін тауып, бір бітімге келу міндеті менің мойныма жүктеліп отыр. Ендеше ер құнына келіп тірелдің, Жаңабай ағайын! Сен кісі өлтірдің. Демек бір кісінің өлімі үшін бір ердің құнын төлейсің. Сен кісіні жәй өлтіріп қана қойған жоқсың, өлі денені қорладың. Құлақ естіп, көз көрмеген қылмыс жасадың. Сол үшін екі ердің құнын төлейсің. Ағайын, сен жас та болса елдің ағасы, атақты Сәлімбай болысты өлтірдің. Сәлімбай жиын-тойдың көркі, келбеті келіскен, сымбатты да сұлу азамат болатын. Осынау ел ардақтысы болған Сәлімбайдың сұлулығы үшін бір ердің құны сенің мойныңда. Сәлімбайдың Сәлімбайлығы үшін бір ердің құны тағы бар, сонымен бес ердің құнын төлейсің! Менің шешімім – осы, ағайын! Біліп қойыңдар, құн даулаушы да, төлеуші де Бекболат балалары. Демек, құнды кінәлі жақ Бекболаттың бес баласы төлеуі тиіс» депті датқа. Осы ел аузында қалған әңгімені 1980 жылы жарлысулық теміржолшы Райымберді Райымбайұлы Мамыралы Сейдібайұлының баласы Шәкіралының аузынан естіп, жазып алған екен.
«Жорға шымыр» атанған Шыныбек датқа Қоқан шүриттерінің халықты тонап, шектен тыс үстемдік көрсетіп, қыздарын тартып әкетіп, зорлап, ер-азаматтарына әңгіртаяқ ойнатып жүргеніне тірідей куә адамның бірі. Осындай өрескел іспен алдына келген айыптыларды аяусыз жазалаған ол Ресей отаршылдары келгенде де алған бетінен қайтқан емес. Бірақ олардың мектеп салып, Жетісу мен Түркістанда бекініс орнатып жатқанына ықыласы ауып, Ұзынағашта отырған генерал Г.Калпаковскийдің әскеріне қосылып, Қоқанның он-сан қол әскеріне Қастек пен Пішпекте, Меркі мен Құланда қарсы тұрады. Қолына қару алып соғысқа қатысады. Бірақ генерал Черняевтің шектен тыс қаталдығы датқаға жақпай, ол Шоқан Уәлиханов сияқты Сайрамға жетіп қалғанда елге қайтады.
Шыныбек датқа Қоқан шүриттерінің жеңілетінін білді. Елге оралысымен «Ойқұдық» ойпатына бау-бақша өсіруді қолға алып, мектеп аштырып, балаларды оқытып, мешіт салдырады. Датқаның қамқорлығының арқасында Байсейіт Танагөзов, Ибаділдә Байқұрақов, Ұябай Табылдиевтер білім алады. Кейін Сыпатайдың асына бара жатқан Майлықожа ақын «Түйеқарын» жайлауына тоқтап, Шыныбектің қонағы болады. Датқаны көргенде қоңырат Майлықожа:
«Ассалаумағалейкум, ел қорғаны мәлімім,
Ел жұртыңа өнегелі тәлімің.
Ақиқатшыл шырын сөздің ділмәрі,
«Жорға шымыр» атанғаным әділім» деп құшағына алған екен.
Шыныбек датқаның көзін көріп, сөзін естіген ұрпақтары оның кескін-келбетін, елге жағымды іс-әрекетін, халыққа жаққан жақтарын сүйсіне дәріптеп, кейінгілерге өнеге етіп айтып отырған. Шыныбек датқаның шапағаты тигендер аз емес. Мәселен, Ұнасұлы Шыңғысбай мен Тойбайұлы Байқожаның ашаршылық кезінде зорлықшылардан ақысын ала алмай жүргенде болысқаны, Сендібайұлы Мамыралының ағайын арасындағы жарастықты сақтап қалу әрекеті шынында да әділдікті сүйген ер тұлғаның бойына біткен шынайы қасиеті еді.
Шыныбек датқаның Оршыбектен өзге де он екі перзенті болған. Әкесі Бүркіттің де, өзінің де зираты қайда екені әлі ешкімге мәлімсіз. Тек Мамыралы кісінің пайымдауынша Айғаным апаның: «Жаңадан түскен келін едім ол кезде. Болыс атамыздың үлкен ұлын ақ киізге орап, Асанның үйінен алып шығып, ақ түйеге артып, Сайрам, әлде Түркістан тарапқа алып кеткенін білемін» деген сөзі ғана әңгімемізге ілік бола алады ғой деп ойлаймын. Қалай десеңіз де, ел санасында атағы мен даңқы аппақ қағаздай сақталған әділ тұлғаның аты ел жадында мәңгілікке сақталуы тиіс.

С.Қожеке,
(Шыныбек датқа туралы марқұм Есназар Құрымбаевтың жиған деректері мен ел аузынан естігендерімді жарыққа шығаруды өзімнің азаматтық парызым деп санадым. Егер датқа туралы тың деректер табылып жатса, оны газетте жариялауға мүдделіміз). Автор.

Поделиться ссылкой: