“Мемлекет кадр даярлауды күн тәртібінен түсірмегені жөн”

610 Views

3 АҚПАН – ДҮНИЕЖҮЗІЛІК САЙЛАУ КҮНІ

Тәуелсіздік таңы атқалы бері елімізде сайлау жүйесін оңтайландыруға барынша көңіл бөлініп келеді. Бірнеше рет өзгеріске ұшыраған аталған жүйе бүгінде өзінің демократияға негізделген үлгісін сақтауда. Бастысы, Ата Заңда көрсетілген ел азаматтарының құқығы сақталып, сайлау жүйесі жемісін берді. Әлемде ақпан айының алғашқы бейсенбісі Дүниежүзілік сайлау күні ретінде аталып өтіледі. Осы айтулы күн қарсаңында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Серғали Өмірзақұлы, 3 ақпан – Дүние­жүзілік сайлау күні. Осы датаның жай-жап­сары­на кеңінен тоқталып өтсеңіз.
– Иә, ақпанның алғашқы бейсенбісі Дүние­­жүзілік сайлау күні ретінде 2005 жылы Будапештте (Венгрия) өткен сай­лауды ұйымдастырушылардың жал­пы конференциясында және БҰҰ қолдауы­мен сайлау органдарының кәсіби мерекесі ретінде белгіленген. Биыл бұл мереке 3 ақпанға сәйкес келіп отыр.
Дүниежүзілік сайлау күні халық­тың назарын азаматтардың сайлау құ­қықтарын қамтамасыз ету және сайлау үдерістерін жетілдіру мәсе­ле­сіне аударуға арналған. Бұл күн азаматтардың сайлауға жалпы да­уыс беру құқығын атап өтеді және жаһан­дық демократия үдерісін нығайтуға, сайлау туралы білімді арттыруға және олардың дауыс беруге қатысуын ынталан­дыруға бағытталған. Айтулы күнге орай облыстың аумақтық сайлау комиссиялары іс-шаралар даяр­лап, түрлі форматта өткізуді жоспар­лап отыр. Аталған шаралар тәуел­сіз Қазақстанның қалыптасу тарихы­мен тығыз байланысты елдің сайлау жүйе­­сінің қалыптасу және даму кезең­­дері туралы жұртшылықты ақпа­рат­­тандыруға, сайлаушылардың элек­торат­тық белсенділігін арттыруға және демократиялық құндылықтарды ұста­нуын қалыптастыруға бағытталмақ.
– Бүгінде елімізде мажоритарлық сай­лау жүйесін енгізу туралы ұсыныс­тар да айтылуда. Бұл ұсынысқа көз­қара­­сыңыз қандай?
– Еліміз 1991 жылы өз тәуелсіздігін ал­ғаннан бастап осы күнге дейін демо­кратияландыру үрдісін жүргізіп келеді. Яғни, демократиялық дамы­ған елдерге сай, Конституциясы қабыл­данып, биліктің үш тармағы орнатылды, сөз бостандығы жарияланды, цензураға тыйым салынды, жалпыға бірдей сай­лау құқы енгізілді. 30 жылдан астам уақыт ішінде елімізде Парламент депутат­тарын сайлау да бірнеше рет өзгертілді. Ең алғашқы болып можаритарлы жүйе қолданылса, одан кейін аралас жүйе енгізілді. Бүгінде мажоритарлы жүйе бойынша бір мандатты округтен көпшілік дауысқа ие болған үміткер сайланады. Ал аралас сайлау жүйесінде бүкіл мандаттардың тек бір бөлігі партиялық тізіммен, қалған бір бөлігі жекелеген үміткерлерге дауыс беру ар­қылы анықталады. Жоғарыда айтылған сайлаудың екі жүйесі де елімізде қолданыста болған.
Мәселен, 2007 жылы Ата заңы­мызға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, қазіргі кезде Парламент Мәжілісі депутаттарын және мәс­ли­хат депутаттарын сайлауда пропор­ционалды сайлау жүйесі қолданылуда. Соған сәйкес сайлаушылар сайлауға қатыс­қан саяси партияларға дауыс береді. Нәтижесінде жеңіске жеткен партия­лар өздерінің алдын ала жо­ғарғы органдарында депутаттыққа кан­дидат етіп бекіткен партия мүше­леріне депутаттық мандат тап­сыра­ды. Жалпы Қазақстан Респуб­ликасы азаматтарының тікелей және өз өкіл­­дері арқылы мемлекет басқа­руға қатысуға құқығы бар екендігі Консти­­туцияның 33-бабында айқын­дал­ғанын ескерсек, жоғарыда атап көр­сетілген сайлау жүйелерінің барлы­ғында азаматтарымыздың құқығының сақталғанын аңғаруға болады. Сон­дықтан Парламенттің қоғам талап­тарына сай жұмыс істеуі түптеп келгенде сайлау жүйесіне де байланысты емес, саяси партиялардың депутаттықа кандидаттарды іріктеуінде болып тұр. Ал Парламент депутаттарының кәсіби деңгейін, қабылдаған заңдардың үнемі өзгеріске ұшырауынан көруге болады.
– Былтыр ауыл әкімдерінің сай­лауы өтті. Алдағы уақытта аудан әкім­дері де сайланады деп күтілуде. Осы науқан еліміз үшін не берді? Халық өзінің таңдаулыларын іріктей алды ма? Жұрт арасында «бұл науқан руара­лық тартысты өршітті» деген қауесеттер де бар…
– Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан хал­қына Жолдауын іске асыру­дың ұлттық жоспарына сәйкес салыс­тырмалы көпшіліктің мажо­ритарлық жүйесін пайдалана отырып, 2021 жылы 24 мамырда «Қазақстан Респуб­ликасындағы сайлау туралы» Консти­туциялық заңға, «Қазақстан Респуб­ликасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Саяси пар­тиялар туралы» және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қыз­меті туралы» Заңда­рына ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін азаматтар тікелей сайлау көзделген өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Осыған орай, өткен жылдың ІІ жарты­жылдығында Жамбыл облысы бойынша 53 сайлау округінде (оның ішінде Талас ауданы Қаратау қаласы, Шу ауданы Шу қаласы) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Жалпы өткен жылдың екінші жартыжылдығында облыс бойынша ауыл, аудандық маңызы бар қала әкімдерінің 33,97 пайызы тікелей сайлауға түсіп сайланды. Облыс бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің өткі­зілген сайлау қорытындысы бойын­ша сайлау учаскелерінде сай­лаудың қорытындысын жарамсыз деп тану туралы негіз болмағанын, сайлау бюллетеньдерін қайталап санау фактісінің тіркелмегенін, сон­дай-ақ соттарға, жоғары тұрған комис­сияға жекелеген учаскелік сайлау комис­сияларының іс-әрекеттері туралы арыз-шағымдардан басқа байқаушылармен сайлаушылар тара­пынан арыз-ша­ғым­дардың түспе­гендігін ескерсек, халық өзінің таңдау­ларын жасай алды және олардың ойынан шықты деуге негіз бар. Сондай-ақ әкімдерді сайлау елімізде кенже дамып келе жатқан азаматтық қоғамды қалыптастырудың басты көрсеткіші ретінде көрініс тауып, жоғарыда сіз айтып отырған «рулық-туыстық» байланыстар сыналып, қоғамда мемлекеттік сана қалыптастыра оты­рып, азаматтық ұлтқа ұласуымызға жол ашты деп айтуымызға болады. Мәселен, бізде сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениеті осыдан он жыл бұрын жоқ еді. Халықтың бойында мұн­дай әлеуметтік иммунитет қалып­таспаған болатын. Ал қазір жұрт жем­қорлықты, оған жол беруі мүмкін кез келген жағдайды айыптайды. Ауыл әкімдерін сайлау кезінде де халық­тың басым көпшілігі осы ұстаным төңірегіне шоғырланып отыр. Дәл қазір маңыздысы – әділ сайлау өт­кізу, халықтың тікелей дауыс беруі және сайланған тұлғаның атқарған қызметін бақылай алуы, сол арқылы мемлекет басқаруға қатысуы әрбір қоғам мүшесінің дара тұлға екендігіне кепілдік береді. Сондай-ақ әкімдерді тікелей халықтың сайлауы, халықтың саяси мәдениетіне де әсер етуде. Бұл – саяси реформа деп атауға тұрарлық өзгеріс. Ал енді халық сайлаған әкім­дердің атқарып жүрген қызметі көп­шіліктің ойынан шығады ма, жоқ па оны келешек көрсетеді. Қазақстан Рес­публикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «2024 жылы аудан әкімдерін тікелей сайлау­дың пилоттық жобасы енгізіледі» деді. Бұл саяси науқан алдағы тұрған жыл­дардың еншісінде.
– Биылдан бастап сайлау процесін бақылайтын еріктілерді оқыту қолға алынуда. Бұл қалай жүзеге асады, мұның берер қандай пайдасы бар?
– Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамы­тудың объективті процестерімен және жергілікті әкімдерді тікелей сайлаумен толықтырылған осы күн тәртібі, сайлау процесінің барлық субъектілерін сайлауды өткізудің заңнамалық және ұйымдық-технологиялық негіздерінің, оның ішінде қазіргі заманғы әлемдік практиканы ескере отырып, сайлауды байқау жүйесін сайлау процесінің дербес және тәуелсіз сегментіне айналдыру. Сондықтан байқау институтын кәсібилендіру жөніндегі одан арғы жұмыс халықаралық стандарттар мен ұлттық заңнамада қолданылатын байқау регламенттеріне байқаушыларды оқытуды жоспарлы ұйымдастырудың қажеттілігі туындауда. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2021 жылғы 22 желтоқсандағы №19/434 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында сайлау процесінің қатысушыларын оқытуды ұйымдастыру жөніндегі 2022 жылға арналған іс-шаралар кешені қабылданды. Оның мақсаты – Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесіне білікті кадрлар даярлау, сондай-ақ сайлау процесіне басқа да қатысушыларының кәсіби деңгейін көтеру болып табылады.
Үстіміздегі жылдың қаңтар айында облыстық сайлау комиссиясы өзінің отырысында облысымызда сайлау процесіне қатысушылардың кәсіби деңгейін көтеру мақсатында оқу жоспарын қабылдады. Оқыту процесі екінші тоқсаннан бастап жүргізілетін болады.
– Күні кеше Мәжіліс депутаттары облыс әкімдерін де тікелей сайлау керек деген мәселе көтерді. Қазақ қоғамы бұған дайын ба? Жалпы шет мемлекеттерде бұл тәжірибе қалай жүзеге асырылуда?
– Әрине, құқықтық мемлекет пен әділ азаматтық қоғам құруды демо­кратиялық сайлау процесінсіз елес­тету мүмкін емес. Сондықтан сайлау институтының қазіргі заманғы демо­кратиядағы маңыздылығын ескере отырып, елімізде, жоғарыда айтып өткенімдей, демократиялық сайлау про­цесі іске асырылуда. Облыс әкім­дерін тікелей сайлау туралы мәселе көтермес бұрын, өткен жылғы тікелей сайланған аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкім­дерінің есепті жылда атқарған жұмыс­тарын зерделеп, ол сайлау жүйесі қоғам­ның әлеуметтік-экономикалық дамуына қаншалықты оң үрдіс бер­гендігін айқындап алуымыз керек деп ойлаймын. Одан кейін алдымызда аудан әкімдерінің сайлауы тұр. Ме­нің айтайын дегенім, мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару ор­ган­­дарының құрылымдарын өзгерту оңай, ал оларды заман талаптарына сай кәсіби деңгейі жоғары кадрлармен сайлау жүйесімен бе, әлде жоғарғы органдардың бекітуімен жасақтау үлкен саяси және ұйымдастыру жұмыстарын талап етеді. Сондықтан екі жағдайда да мемлекет кадр даярлауды күн тәртібінен түсірмегені абзал. Ал жергілікті бас­қарудың қазіргі заманғы шетелдік тәжі­рибесі континенталдық модельді көбірек таңдайды, мұнда муниципалдық мэрі сайланбалы жергілікті кеңестің төрағасы және мемлекеттің өкілі болып табылады. Модельдің артықшылығы – басқару рәсімдерін жеңілдету және қызметкерлер құрамын оңтайландыру.
Көптеген шет елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, тікелей сайлау кезінде жергілікті атқарушы орган басшысының өз сайлаушылары алдын­дағы жауапкершілігі оның жұмысының нәтижелеріне оң әсерін тигізеді. Сондық­тан шет мемлекеттер тікелей сайлау жүйесін таңдайды.
– Аумақтық сайлау комиссия мү­шелері қандай критерийлер бойынша сайланады? Сайлау процесі кезінде сайлау комиссиясы мүшелерімен БАҚ өкілдерінің арасында бірін-бірі түсінбеушілік фактілері болды ма?
– «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңының 10-шы бабының 3-ші тар­мағына сәйкес сайлау комис­сия­ларының құрамдарын тиісті мәсли­хаттар қалыптастырады. Сайлау комиссияларының өкілеттiк мерзiмi бес жылды құрайды. Аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін саяси партиялардың ұсыныстары негізінде тиісті мәслихаттар сайлайды. Әрбiр саяси партия тиiстi сайлау комиссиясының құрамына бiр кандидатура ұсынуға құқылы. Саяси партия сайлау комиссиясының құрамына осы саяси партияның мүшелерi болып табылмайтын канди­датураларды ұсынуға құқылы. Ал сайлау комиссиясының төрағасы, төрағасының орынбасары, хатшысы сайлау комиссиясының отырысында сайланады. Әлбетте сайлау процесі кезінде БАҚ-тың рөлі ерекше.
Олар Конститутциялық заңда бел­гіленген сайлау алдындағы науқан барысы туралы және сайлау күнгі, сайлаудан кейін сайлау қорытындысын ақпарат құралдарында объективті жазып-көрсетуді жүзеге асырады және сайлау процесін байқауға қатысады. Сайлау барысында кейбір түсінбеушіліктер орын алған жағдайлар болды. Мысалы, пандемия кезінде өткен сайлауларда БАҚ өкілдерінің кейбіреулерінде ПЦР-тесттен өткендігі туралы анықтаманың болмауы санитарлық талаптарға байланысты олардың сайлау процесіне қатысуына мүмкіндік бермейді. Сайлау процесіне қатысушы БАҚ өкілдерінің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында Орталық сайлау комиссиясымен бекітілген оқу жоспарына сәйкес сай­лау барысында қалай жұмыс жасау керектігі туралы семинарлар, тренингтер облыстық ішкі саясат бас­қармасымен ұйымдастырылып тұрады. Біздің облысымызда сайлау науқаны кезінде дәл осы тақырыпқа ешқандай наразылық түскен жоқ.
– Алдыңғы жылдары «Партиялар туралы», «Сайлау туралы» Заңдарға біршама өзгерістер енгізілді. Бұл өзге­рістер қандай нәтиже берді бүгінгі күні?
– Елімізде «Қазақстан Респуб­ликасындағы сайлау туралы» Консти­туциялық заңына 2019 жылдан бастап 8 рет, ал Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» Заңына 3 рет өзгерістер енгізілген екен. Олар: мәслихаттардың депутаттарын пропор­ционалды сайлау жүйесі, аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары немесе олардың орынбасарлары, сондай-ақ хатшылары өз өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыруы, партиялық тізімде әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдардың саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс, аудандық маңызы бар қала­лар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін сайлауы, Сайлау бюллетенiне «бәріне қарсымын» деген жолдың енгiзiлуі туралы және тағы да басқалар. Жоғарыдағы заң­ға енгізілген өзгерістер елімізде аза­маттық қоғамды қалыптастырудың бас­ты көрсеткіштерінің бірі деп айтуға бола­ды.
– Елімізде тіркелген партия­лар­дың басым көпшілігі тек сайлау ке­зінде ғана «ояна бастайды». Сіздің ойыңыз­ша, бұл біздегі партияаралық бәсе­келестіктің жоқтығын білдіре ме?
– Қазақстанда алты саяси партия тіркелгенмен, біздің облысымызда сайлауға қатысуға ниет білдірген 5 саяси партияның филиалдары сайлау науқандарына қатысуда. Олар – «Nur Otan» партиясы, Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық пар­тиясы, «Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «ADAL» саяси партиясы және Қазақстан халық партиясы.
Парламент Мәжілісі депутаттарын және мәслихат депутаттарын сайлауда пропорционалды сайлау жүйесінің қолданылуы барлық саяси партиялар үшін үлкен сынақ болды. Себебі сай­лаушылар сайлауға қатысқан саяси партияларға дауыс береді. Жеңіске жеткен партиялар Парламент Мәжі­лісінде және мәслихаттарда депутаттық мандаттарға ие болады. Өткен сайлау­лардағы саяси партия­лардың атқарған жұмыстарын сара­лайтын болсақ, партиялық-саяси актив­тің кәсібилігін арттыру мәселесі үнемі назарда болуы керектігі байқалды.
Қазақстан Республикасында сайлау процесінің қатысушыларын оқытуды ұйымдастыру жөніндегі 2022 жылға арналған шаралар кешенінің негізінде саяси партиялардың өкілдерінде оқыту жоспарланған.
– Біздегі құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін қандай шара­ларды қолға алған жөн?
– Сайлаушылардың құқықтық мәде­­ниетін арттыру мақсатында Орта­­лық сайлау комиссиясының бас­та­­масымен Қазақстан аумағында сайлау институтын қалыптастырудың та­рихи-құжаттық негіздері бойынша бірегей ғылыми-зерттеу жүргізілді. Соның қорытындылары бойынша «Қа­зақстандағы сайлау тарихы» моно­графиясы жарық көріп, оның 3 мың данасы еліміздің кітапханаларына таратылды. Қазақстан Республикасында сайлау жүйесін дамытудың қазіргі заманғы кезеңін одан әрі зерттеудің екінші шығарылымын дайындау жүргізілуде.
Болашақ және жас сайлаушыларды электораттық-құқықтық ағарту іс-шараларын ұйымдастыру үшін жалпы­республикалық деңгейде құжаттардың әдісте­мелік кешені, яғни мектеп Президентін және қалалық мектептегі өзін-өзі басқару көшбасшысын сайлау, ЖОО студенттері арасындағы олим­пиада, жас мемлекеттік қызметшілер арасындағы конкурс, Тәуелсіз Мемле­кеттер Достастығының Пар­ламент­аралық Ассамблеясына қатысушы мемлекеттер азаматтарының сайлау құқықтарын сақтау халықаралық инсти­туты бірлесіп, халықаралық студенттік ғылыми пікірталастар әзірленді және енгізілді.
Сондай-ақ Орталық сайлау комис­сиясы қалыптастырған сайлау құқығы және сайлау процесі мәселелері бойынша тақырыптар тізбесі еліміздің жоғары оқу орындарына студенттердің, магистранттар мен докторанттардың курстық және дипломдық жұмыстары ретінде ұсынылды.
– Сіздің пікіріңізше, бүгінгі күннің әкімі қандай болуы керек немесе қа­зіргі басшыларға қандай қасиет жетіспей жатыр?
– Олар ең алдымен стратегиялық жоспарлау мен басқарушылық шешім қабылдау секілді қабілеттерге ие болуы тиіс. Жасыратыны жоқ, бізде кейде өз мамандығы бойынша кәсіби деңгейі төмен, өмірлік тәжірибесі мүлде аз, халықпен сөйлесуді білмейтін қабілеті шектеулі жастар жоғары лауазымдарға қабылданады. Міне, қателіктер осын­дай кадрлардан шығып жатады. Оның деңгейін көрген халықтың да, бағы­ныштыларының да жұмысқа деген ынтасы азаяды. Ал кадрлар үлкен бас­қа­рушылыққа жету үшін барлық сатылардан өтуі керек. Өзінің қабілетін сол сатыларда көрсеткен адамға ғана сенім білдіруге болады.

– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Құрбанәлі ШАХАБАЙ.

Поделиться ссылкой: