Жамбыл облысында 2021 жылы экономикалық өсім – 105,8 %

480 Views

Жамбыл облысында өткен жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары толығымен орындалып, мемлекеттік бағдарламалардың аясында ауқымды жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде экономикалық өсім 105,8 пайызды құрады. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Са­парбаевтың төраға­лығымен өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылды.
Облыс әкімінің орын­басарлары, басқарма және де­партамент басшылары, қала, аудан, ауылдық округ әкімдері қатысқан басқосуда 2021 жылдың қорытындысы қаралып, алдағы міндеттер нақтыланды.
– Мемлекет басшысының қолдауымен біз өткен жылы алдыңғы жылмен, республикалық көрсеткіштермен салыстырғанда барлық бағыттарда өсім қамтамасыз еттік. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 622,5 миллиард теңгені құраса, 400 миллиардтан астам инвестиция тартылды.
Атқарылған жұмыс аз емес, дегенмен кеткен кемшіліктер мен олқылықтарды саралап, олардан сабақ алуымыз керек.
Қаңтар оқиғаларының салдарын жою бойынша жүйелі жұмыс жасап, алдағы уақытта ондайға жол бермес үшін ел Президенті жүктеген барлық міндеттердің жүзеге асуы бақылауда болады.
Жастар тәрбиесі, қоғамдық тәртіпке баса көңіл бөлу қажет. Жаңадан құрылған «Қоғамдық қабылдау» жұмысында нәтижелі ұйымдастыру маңызды, – деді Б.Сапарбаев.
Бұдан соң баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет өткен жылы 704,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін жеткізді. 76 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қолға алынып, оның 41-і тапсырылды. Бұдан бөлек, аймақ басшысының бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы аясында мұқтаж отбасыларға 2020 жылы 99 үй, 2021 жылы 134 үй салынып берілген.
– Геопартал жүйесін енгізуді жеделдетіңіздер. Әрбір елді мекеннің жеке паспортын жасап, бос жер, жайылымдарды анықтау бойынша жұмыстарды аяқсыз қалдырмаңыздар. Бұл мәселені айтып келе жатқанымызға біраз уақыт болса да, түбегейлі нәтижеге қол жеткізген жоқпыз. Жайылым, суармалы су – халықтың көңіл-күйіне әсер етуші негізгі факторлар.
Кейбір елді мекендерге газ тар­тыл­ғанымен, ол ауылдағы әлеуметтік нысандар әлі күнге көмір жағып отыр. Бұл осы бағытта бақылаудың нашар екенін көрсетеді. Мемлекет қаржысын тиімді жұмсау үшін бірыңғай жобалық-сметалық құжаттарды дайындау керек, – деді Б.Сапарбаев. Аймақ басшысы жұмыс­тың нәтижелігіне назар аударып, ауылдық округ әкімдерінің, учаскелік полиция инспекторларының өздері жұмыс істейтін ауылдарда тұру керек­тігін тағы бір ескертті.
Облыс әкімі Еуропалық қайта құру және даму банкімен ирригациялық жүйелерді тазалау бойынша жүзеге асып жатқан жобалардың уақтылы әрі сапалы орындалуы бойынша жауап­тыларға нақты тапсырма жүк­те­ді. Сондай-ақ, егінге қажетті су канал­да­рын асар әдісімен тазалау шараларын жоғары деңгейде ұйымдастыруды мін­деттеді. Егер де, тапсырмалар орындал­маған жағдайда жауапты орынбасар мен тиісті аудан әкімдері, «Қазсушар» мекемесінің басшысына қатаң жауап­кершілікке тартылатынын ескертті.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынба­сары Дәулет Кәрібек өткен жылы 22 жаңа мектеп пайдалануға берілгенін, 4 мектептің қосымша ғимаратының құры­лысы жүзеге асқанын айтты.Сонымен қатар, 16 білім нысаны күрделі жөндеу­ден өткен. Денсаулық сақтау саласында 8 нысанның құрылысы, 6 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Салаға жауапты орынбасар қоғам­дық келісім, мәдени-рухани дамыту бағытында ұйымдастырылған, қолға алынған ауқымды шараларды атап өтті.
Басқосуда өзге де бірқатар басқарма басшылары есеп беріп, жұмысы сылбыр аудан және ауылдық округ әкімдерінен жауаптар алынды.
Облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков шағын орта бизнестегі қызметкерлердің айлығын көтеру қажеттігін айтты.
– Жалпы, былтыр атқарылған жұмыс ауқымды. Бірақ, біздің әлеуетіміз одан да жоғары. Сондықтан жұмыс қар­қынын арттыруға барынша күш салу керек­піз. Басты талап – мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіншілігін тиімді пайдаланып, халықтың тұрмысын жақ­сарту. Қосымша қаржы көздерін қарас­тырып, жаңа жұмыс орындарын құру, әлеуметтік мәселелерді уақтылы шешу маңызды. Инвестиция тарту ісі­не айрықша көңіл бөлінеді. Мен ірі кәсіпорын ұжымдарымен жиі кезде­сіп, олардың басшыларына жұмыс­шылардың айлығын көтеру ту­ралы айтып келемін. Бұл ретте ша­ғын және орта бизнес өкілдері де қыз­мет­керлерінің жалақысын арттыру шара­ларын қабылдау керек. Оларда еңбек ететін халықтың үлесі аз емес, – деген облыс әкімі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағалары бақылауда бола­тынын, қоғамдық тәртіп пен ұрпақ тәрбие­сіне ерекше ден қойылатынын атап өтті.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: