239 Views
Дәл осындай тақырыпта жақында Өрнек ауылындағы «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасында аудандық семинар өткізілді. Іс-шараның мақсаты – әжелер мектебі арқылы балаларды қазақ халқының ұлттық құндылықтарына, отбасылық құндылықтарға, отаншылдыққа, Отанға деген сүйіспеншілікке, оларды мәдени‑әлеуметтік нормаларға баулуға, балаларды дамыту мен тәрбиелеу үшін отбасы мен мектепке дейінгі ұйымның күш жігерін біріктіру.
Халқымызда ұл баланы тәрбиелеуді аталар мен әкелер өз қолына алса, ал қыз баланы тәрбиелеу әжелер мен аналардың міндеті болып саналған. Ұлттық тәрбиенің дәнін себуші әжелер. Әже тәрбиесі арқылы жас толқын бойына адамгершілік қасиеттер сіңіріліп, отбасына деген құрмет, Отанға деген сүйіспеншілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді қасиеттер қалыптасады.
Осы іс-шарада балабақша меңгерушісі Нұржамал Секенқызы сөз алып, ұрпақ тәрбиесінде әже мен ананың алатын орны айрықша екендігіне, сандық технология дамыған дәуірде баланы ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеудегі рөлі зор екендігін айтты.
Қонақтарға әуенді ән шашу, «Балауса» ортаңғы тобының «Кесе» биі орындалып, «Әжелер ертегілер еліне саяхат» атты танымдық сағаты ұсынылды. Онда «Қарлығаш» ересек тобының бүлдіршіндеріне әжелеріміз Ұлжан Нарбаева, «Алтын сақа» ертегісін мәнеріне келтіріп айтып берді. Одан кейін «Шаш өру, жүн сабау, жүн түту, ұршық үйіру, тоқыма, киіз басу өнері – ұлттық мұра» атты шеберлік сағаттары көрсетілді. Онда балабақша тәрбиешілері жүн сабау, ұршық иіру, тоқыма, киіз басу өнерін көрсетіп, балаларға сабау, ұршықтармен таныстырып, мағлұмат берілді. Осы шеберлік сағатта тәрбиешілер М.Надирова, А.Есназарова, Қ.Сембиева, Ж.Булекова, К.Сарбасова және тәрбиеші А.Ташматованың ұйымдастыруымен ересек «Күншуақ тобы» тәрбиеленушілері киіз басу өнерінде өз шеберліктерін жоғары деңгейде көрсетті.
«Әке – асқар тауың» дейді халқымыз. Әке шаңырақтың тірегі. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкенің атқарар еңбегі ерекше. Қазақ халқында «Бір бала бар – атадан өте туады, бір бала бар – кері кете туады» деген тұжырымға, баланың қандай болмағына негіз қалайтын да әкенің өзі.
Қонақтар келесі кезекте «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» атты «Әкелер мектебінің» шығармашылық шеберханасында ата-ана Есбол Әтібеков орта «Балауса» тобы мен ересек «Қарлығаш» тобының тәрбиеленушілеріне ат әбзелдері туралы толық түсіндіріп, қамшы өрудің әдіс-тәсілін көрсетті.
Семинар бағдарламасына сай кезекті «Ұлттық ойындар – ұлтымыздың құнды мұрасы» бөлімінде тәрбиеші А.Ташматованың ұйымдастырылуымен ересек «Күншуақ» тобы тәрбиеленушілері «Бестемше» ойынын, тәрбиеші А.Келестің жетекшілігімен ересек «Қарлығаш» тобы тәрбиеленушілері «Бәйге» ойынын жоғары деңгейде көрсете білді.
Іс-шара соңында бүлдіршіндер ән айтып, тақпақтарын жатқа оқып, дөңгелене би биледі.
Семинар соңында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Селбайқызы сөз алып, әжелердің ұрпақ тәрбиесінде тигізетін пайдасы ұшан-теңіз, бала тәрбиесіндегі алатын орны ерекше екенін атап айтты. Аудандық аналар кеңесінің мүшелері алған әсерлерімен бөлісіп, ұжым мүшелеріне ризашылықтарын білдірді.
Н.Алимбекова,
«Қарлығаш» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі.
Поделиться ссылкой: