Мыќты отбасы –мықты мемлекеттің кепілі
Отбасы күні береке мен бірліктің, сүйіспеншілік пен сыйластықтың белгісі. Осыған орай, өткен жұмада Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде «Мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі» деген тақырыпта тағылымды кеш өтіп, үлгілі отбасылар марапатталды.
Шараның шымылдығын аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жеңіс Бақытбекұлы ашып, отбасы құндылығының қоғамдағы орны туралы жүрекжарды лебізін жеткізді. Одан кейін аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Қазыбайұлы сөз алып, бірнеше буынға үлгі болып отырған өнегелі шаңырақтарды ерекше атап өтті. Сондай-ақ, үлгілі отбасылар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, отбасының берекесі мен құндылықтарының маңызын жеткізді.
Мереке аясында ауданымыздағы үлгілі отбасылар аудан әкімі орынбасарының алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында Өрнек ауылынан 55 жыл бірге ғұмыр кешкен Әбдікерімовтер отбасы, Көкдөнен ауылынан 54 жыл бірге өмір сүрген Қасымовтар отбасы, Луговой ауылынан 50 жыл бірге ғұмыр кешкен Рахишевтар отбасы және Қарақыстақ ауылынан 25 жыл бірге ғұмыр кешкен Мұхамеджановтар отбасы бар. Сонымен қатар азамат тәрбиелеген отбасы ретінде Дауланбаевтар, Шайыховтар және Каиповтар отбасыларына да құрмет көрсетілді. Мерекелік кеш барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән айтып, ерекше көңіл-күй сыйлады.
Шараға қатысушылар аудан әкіміне және ұйымдастырушыларға ыстық ықыластары мен ерекше алғыстарын жеткізді.
Ақжарқын Мұратбекқызы.
