Тату елге әрқашан тыныштық пен тоқшылық нәсіп
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің даму бағытын айқындай отырып, жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұрудың нақты жолдарын ұсынды. Президент атап өткендей, Қазақстан – Еуразияның жүрегінде орналасқан, әлемдік қауымдастықтың ажырамас бөлігі. Осындай геосаяси маңызға ие ел ретінде бізге жүктелер жауапкершілік те ерекше.
Қазіргі әлем тұрақсыздық пен сын-қатерге толы. Геосаяси шиеленістер, экономикалық күйзелістер мен технологиялық бетбұрыстар адамзаттың даму бағытын түбегейлі өзгертуде. Осы күрделі кезеңде Президент еліміздің басты міндеті – тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін нақты атап өтті.
Жолдауда айтылған тағы бір маңызды мәселе – цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріне бейімделу. Бұл технологиялар енді болашақ емес, бүгінгі күннің шындығына айналды. Сондықтан Қазақстанның жаңа заман талаптарына сай болу үшін білім, ғылым, технология салаларында нақты реформалар ауадай қажет деп білемін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлт бірлігі мен азаматтық жауапкершіліктің маңызына да ерекше тоқталды. Өскелең ұрпақтың бақытты өмір сүруі – бүгінгі буынның табанды еңбегіне байланысты. Бұл – әр қазақстандықтың ортақ міндеті, ұлттық борышы деп санаймын.
Қожайхан Бижанов,
аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы.
