«Заң мен тәртіп.

30 Views

«Заң мен тәртіп.

Әділ қоғам» облыстық ардагерлер форумына қатысушылардың облыс жұртшылығына

ҮНДЕУІ

Біз бүгін «Заң мен тәртіп. Әділ қоғам» облыстық ардагерлер форумына қатысушы құқық қорғау органдарының, дін саласының қызметкерлері және қоғам өкілдері, ардагерлер ұйымдарының белсенділері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын қоғамымызда тәртіп пен реттілікті, тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз етудегі, әділдік пен ізгілік амалдарын орнықтырудағы ықпалды, дәйекті бағдарламалық құжат ретінде қабылдай отырып, талқыланып отырған мәселенің өміршеңдігін, маңыздылығын ескере келіп, осынау салиқалы басқосуда айтылған ойлы ұсыныстарды, салмақты ой-пікірлерді қорыта келе, облыс жұртшылығына сөз арнауды жөн деп таптық.

Жиынымызда атап көрсетілгендей, тәртіп өздігінен орныға салмайды, тәртіп табалдырықтан басталады. Сондықтан қоғамда заң мен тәртіп қағидатын орнықтырып, адал адам тәрбиелеу үшін, әділетті қоғам орнату үшін, ең алдымен, біз, әрқайсымыз өзіміздің отбасымызда, еңбек ұжымымызда, көшемізде, ауылымызда және тұрғын үй аумақтарында қалыпты тәртіп орнықтыруға үлес қосуға тиістіміз.

Облыстық ардагерлер форумында аталып өткеніндей тәртіптің орнығуын, заң талаптарының сақталуын тек құқық қорғау органдарына жүктеп қойып отыруға болмайды. Әрине мемлекеттегі қоғамдық тәртіптің сақталуына, адамдарымыздың алаңсыз әрі тыныш өмір сүріне, еңбек етуіне, ұрпақ тәрбиелеуіне жағдай жасау – құқық қорғау органдарының тікелей міндеті. Олар бұл бағыттағы өздерінің міндетті қызметтерін заң талаптарына сәйкес атқаруда. Дегенмен ауылдарда, қалалардағы тұрғын үй аумақтарында, көп қабатты тұрғын үйлерде адамдардың жеке белсенділіктері, біздің ойымызша, заң мен тәртіп қағидатының сақталуына зор ықпал ете алады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, ауылдық жерлерде ауылдық округ  әкімдері, учаскелік инспекторлар, имамдар, ардагерлер ұйымдарының төрағалары, жастар бірлестіктерінің сол жердегі өкілдері бірлесе түсіністікпен, ақылдаса отырып қызмет атқарса, бұл бағытта нақты нәтижеге қол жеткізуге болар еді. Ауылдағы, көп қабатты тұрғын үйлердегі жеке мүлік ұрлығы, мал ұрлығы, майда бұзақылық, көршілер мен ауылдастар арасында орын алатын кикілжіңдер, жас отбасыларының ажырасуы сияқты келеңсіздіктерді ауыл болып, қауым болып алдын алуға сөзсіз қол жеткізуге мүмкіндігіміз бар. Бұған нақты мысалдар бүгінгі жиынымызда көптеп келтірілді.

Біз өмірдің мына шындығын мойындауымыз керек. Тәртіп орныққан жерде заң бұзылмайды. Тәртіпті адам – адал адам. Ал адал адамдарымыз неғұрлым көп болған сайын әділдік, әділеттілік қоғамдық сипатқа ие болады. Міне, Президентіміз бастамашы болып отырған «Заң мен тәртіп» қағидатының түпкі мақсаты осы екендігін біздер, қоғамның алдыңғы қатарлы белсенді өкілдері түсінуіміз керек және осы бағытта талмай жұмыс жүргізуге тиістіміз.

Құрметті ардагерлер, дін қызметкерлері, жастар өкілдері!

Біздер баршамыз болып бірлесе, жұмыла белсенділікпен заң мен тәртіпті орнықтыру бағытында өзіміздің қоғамдық қызметімізді жүйелі жүргізгенде ғана Президент алға қойып отырған міндеттерді толық жүзеге асыра аламыз ғой деп ойлаймыз. Бұл жұмыста сіздер көп тіршілік атқара алатындықтарыңызды түсінеміз және құқық қорғау органдарының қызметкерлері осынау игілікті жұмысымызға қолдау көрсететіндігіне сенеміз.

Үндеу «Заң мен тәртіп. Әділ қоғам» облыстық ардагерлер  форумында қабылданды.

 

        6 тамыз, 2025 жыл.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий