Ізгі лебіз

14 Views

1 қазан – Қарттар күні. Бұл мереке республика аумағында кеңінен тойланады. Ауданымызда да жыл сайын осынау даталы мерекеге орай ілкімді іс-шаралар көптеп ұйымдастырылады. Ауданымыздың ардагерлері кез келген қоғамдық істерге не болмаса шарапаты мол игі шараларға белсене қатысып жүргендігін де жұртшылық жақсы біледі. Құдай әрқашан берекелі  бірлігімізден айырмасын!

Қазір әлем бойынша түрлі жағдай болып жатқандығынан да көпшілік хабардар. Күні кеше ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясында сөз сөйлеп, ел тұтастығы мен берекелі бірлік туралы қадау-қадау ойын жеткізгендігін аудандық газет бетінен оқып, ерекше әсер алдым. Біз, ардагерлер, әрқашан өскелең ұрпақ жастарымызға бейбітшіліктің маңызы жөнінде айтып отырғанымыз абзал. Осындай тәуелсіз әрі бейбіт күнде өмір сүруді бабаларымыз да аңсап кетті. Мінеки, біздер, Тәуелсіздіктің тәтті самалын сездік, көрдік. Сондықтан осы құндылықтарды бағаласақ деймін.

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп қарға тамырлы қазақ бекер айтпаса керек. Осынау ұлағатты сөздің астарында терең мағына жатыр. Біз әркез қарттарын қадірлеген, үлкенді сыйлай білген, ата-анасын ардақтай алған халықтың ұрпағымыз. Бұл құндылықтар кейбір экономикасы қарыштап дамыған мемлекеттерде де жоқ. Сондықтан кей кездері барға да шүкіршілік еткен жөн.

Жастар үлкенді, аға буын өкілдері де жас ұрпаққа ағалық ақылын айтып, бір-біріне сыйластық құрметін танытса, одан біздің ұтарымыз көп. Барша аудан аумағындағы зейнеткер ардагерлерді, қазыналы қарттарды, ағаларды, жеңгелер мен замандастарды 1 қазан – Қарттар күні мерекесімен құттықтаймын. Барлықтарыңыздың дендеріңіз қуатты, өмірлеріңіз шуақты болсын. Заманымыз тыныш болғай. Ел іргесі бүтін болсын.  Мереке құтты болсын.

Қожайхан Бижанов,

 аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий