Балаларды тәрбиелейтін ең сенімді орта – отбасы

150 Views

Қазақ халқы үшін отбасыұлттың   ұясы, тәрбие мен тағылымның алтын бесігі. Әр шаңырақелдің бір бөлшегі. Сол себепті отбасы құндылығы тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның келешегін айқындайтын рухани  негіз.

Ата-бабамыз «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Себебі адам бойындағы адалдық пен ізгілік, жауапкершілік пен мейірімділік, тіпті ұлтжандылықтың өзі де ең бірінші отбасында бойға сіңеді. Отбасының тамыры тереңде. Әр буын  өз міндетін атқарады. Ата – шежіре, тарих пен тектіліктің көзі. Әже – мейірім, инабат пен ізгіліктің иесі. Олар бір үйдің ғана емес, бір әулеттің ақылшы тірегі. Атаның ақыл сөзі мен әженің ақ жаулығынан төгілген жылы леп – баланың  жүрегінде ұзақ  сақталатын шуағы мол естелік. Ал отбасының  рухани тірегі – әке. Оның өнегелі сөзі, сабырлы  мінезі – баланың болмысына бағыт береді. Ал ана – аяулы  алақанымен ғана емес, жүрек жылуымен де тәрбиелейтін жан. Әкенің қабағынан, ананың назарынан тәрбие алған бала – ешқашан адаспайды.

Қазір жаһандану заманы. Ақпарат пен технологияның жылдамдығы отбасы ішіндегі байланысты әлсіре­тіп, тәрбиенің орнын гаджеттер басып барады. Заманауи технологиялар, интернет, әлеуметтік желілер өмі­рі­міздің айнымас  бір бөлігіне айналды. Уақыттың қалай өтіп кеткенін де байқамаймыз. Бір кезде әке мен бала, ана мен қыз кешкісін дастархан басында отырып, әдемі әңгіме айтып, өткенді еске алып, болашаққа жоспар құратын. Ал қазір көп үйде үндеместік орнаған. Бірақ көпке топырақ шашпаймын. Әркім өз телефонына үңіліп, бір-бірімен сырласуға, көңіл бөлуге уақыт таппай жатады. Осындай сәтте рухани жақындықтың, отбасылық жылылықтың азайып бара жатқаны жүрекке тиеді. Өйткені отбасының қадірі – бір-бірін түсінуде, бірге уақыт өткізуде. Телефон мен ғаламтор ешқашан ата-ананың ақылын, бауырдың мейірімін, шынайы әңгіме мен күлкіні алмастыра  алмайды.

Отбасы – материалдық негізден бұрын, рухани кеңістік. Онда сабыр мен сыйластық, кешірім мен құрмет өмір сүруі тиіс. Отбасында жылулық, тыныштық, сенім мен мейірім болғанда ғана адам баласы өмірден өз орнын табады. Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі  ел тірегі. Ал оларды тәрбиелейтін ең сенімді орта –  ол отбасы. Сондықтан елдің ертеңі үшін әрбір ата мен әже, әрбір әке мен ана тәрбиенің үлгісін көрсететін тұлға болуы керек. Бала көргенінен үйренеді. Ата-ананың бір-біріне деген ілтипаты, үлкенге құрметі мен кішіге қамқорлығы – баланың жүрегіне жатталады.

Біздің ұлттық болмысымызда  отбасы әрқашан қасиетті орын саналған. Келіннің сәлемі, атаның батасы, әкенің рұқсаты, ананың пейілі – осының барлығы да бір шаңырақ астындағы тектілік пен тәртіптің көрінісі. Тәрбиесі мықты елдің болашағы жарқын. Ендеше әр отбасы – сол болашақтың іргетасы екенін ұмытпау керек.

 Айнұр Диханова.

Поделиться ссылкой: