Қазақ тілі – ұлттық сана мен елдік рухтың өзегі

140 Views

Қазақ тілі – ұлттық сана мен  елдік рухтың өзегі

Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі және елдің рухани-мәдени негізінің басты тірегі. Ол халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тарихын, дүниетанымын, салт-дәстүрі мен ұлттық болмысын сақтап келе жатқан аса құнды мұра. Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде бекітілген, бұл оның қоғам өміріндегі айрықша орнын айқындайды.

Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің,  тәуелсіздіктің және ұлттық тұтастықтың нышаны. Қазақ тілі мемлекеттік басқару, заң шығару, білім беру, ғылым, мәдениет салаларында кеңінен қолданылуы тиіс. Соның ішінде сот саласында мемлекеттік тілдің қолданылуы ерекше маңызға ие. Себебі әділ сот төрелігі тіл арқылы жүзеге асады.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сот ісін жүргізу – мемлекеттік тілде жүзеге асырылады, ал қажет болған жағдайда орыс тілі немесе басқа да тілдер қолданылуы мүмкін. Бұл норма азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын толық әрі тең дәрежеде қорғауға бағытталған.

Сот процесіне қатысушылардың ана тілінде сөйлеуіне, өтініштер мен түсініктемелер беруіне, аудармашының көмегін пайдалануға заңмен кепілдік берілген. Сот жүйесінде қазақ тілін қолдану – құқықтық мәдениетті арттырудың маңызды тетігі. Сот актілері, үкімдер, шешімдер мен қаулылар мемлекеттік тілде сауатты, анық және түсінікті жазылуы тиіс. Бұл азаматтардың сот құжаттарын дұрыс қабылдауына, заң талаптарын терең түсінуіне мүмкіндік береді.  Сонымен қатар сот саласында қызмет атқаратын судьялар, прокурорлар, адвокаттар мен сот қызметкерлерінің мемлекеттік тілді жетік меңгеруі – кәсіби жауапкершіліктің бір бөлігі.

Соңғы жылдары сот жүйесінде қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекеттік тілде сот ісін жүргізу үлесі артып, заң терминологиясын біріздендіру, ресми-құқықтық тіл мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл өз кезегінде сот жүйесіне деген қоғамдық сенімді нығайта түседі. Қазақ тілінің дамуы – әрбір Қазақстан азаматының ортақ міндеті. Мемлекеттік тілді білу азаматтардың әлеуметтік бейімделуіне, кәсіби өсуіне және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік береді. Бүгінде қазақ тілін үйренуге барлық жағдай жасалған. Мектептер мен жоғары оқу орындарында қазақ тілінде білім беру кеңейіп, тіл үйрету орталықтары мен онлайн платформалар жұмыс істеуде. Осы ретте қазақ тілінің болашағы – жастардың қолында екенін айтқымыз келеді. Жас ұрпақтың ана тіліне деген құрметі мен сүйіспеншілігі оның күнделікті өмірде белсенді қолданылуынан көрінеді. Қазақ тілін заманауи ғылым, технология, бизнес және халықаралық қатынастар тіліне айналдыру – уақыт талабы.

Қорытындылай келе, қазақ тілінің сот саласында толыққанды қолданылуы – құқық үстемдігін қамтамасыз етудің, азаматтардың әділ сотқа қолжетімділігін арттырудың маңызды шарты. Мемлекеттік тілді сот ісін жүргізудің негізгі тіліне айналдыру – тәуелсіз Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуының айқын көрінісі. Қазақ тілінің мәртебесі биік болса, әділдік те, заңға деген құрмет те арта түседі.

Қазақ тілі – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттық сана мен елдік рухтың өзегі. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оны құрметтеу және дамыту – әрбір азаматтың қасиетті парызы.

Қ.Қамбарбек,

Т.Рысқұлов аудандық сотының судьясы.

Поделиться ссылкой: