Нұрданатымыз – Қазақстан кубогі жарысының жеңімпазы

20 Views

Алматы қаласында күрес түрлерінен өткен Қазақстан кубогі жарысында Жамбыл облысының атынан сынға түскен сақа балуан, жерлесіміз Нұрданат Айтанов 57 келі салмақ дәрежесінде белдесіп, жеңімпаз атанды.

Бұл бәсекені республикалық «Қазспорт» телеарнасы тікелей эфирден көрсетті. Нұрданаттың әрбір белдесуін тағатсыздана күтіп, тамашаладық. Нұрданат қазіргі таңда физикалық жағынан да, техникалық жағынан бабы келіскен Қазақстандағы мықты балуандардың бірегейі екенін айтуымыз керек. Қазақстан кубогі жарысында Нұрданат ақтық кезеңдегі қарсыласын 1 минуттан аса уақытта айқын басымдықпен жеңіп, чемпион атанды.

Жастайынан №25 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде білікті жаттықтырушы Асхат Телекеевтің қол астында жаттығып, талай жарыстарда жеңімпаз болған Нұрданат Айтановты осы күні Руслан Сексенбаев жаттықтырады. Нұрданат Айтановтың еркін күрес спортында қандай жетістіктерге жетіп жүргенін газетімізді үзбей оқып жүрген оқырмандарымыз жақсы біледі. Нұрданат қандайда бір жеңіске жетсе, біз міндетті түрде оны жазуға тырысамыз. Осы жолы да жазып отырмыз. Себебі ол оған лайық спортшы.

Ауданымыздан шыққан мықты балуандар мектебі бар. Сидней Олимпиадасында Ислам Байрамуков күміс медаль еншілесе, Лондон Олимпиадасында Ақжүрек Таңатаров қола жүлде еншілеген болатын. Оны ешкім ұмытқан жоқ. Әлішер Ерғали да екі рет Олимпиадаға қатысты. Біз Нұрданаттың болашағына жарқын үмітпен қараймыз. Бапкерлер де оның болашағы зор екенін айтады. Қазірдің өзінде Нұрданатымыз халықаралық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген дарынды спортшылардың бірі. Ол 2025 жылы еркін күрестен 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанса, сол жылы дәл осы категорияда Азия чемпионатында күміс медаль иеленді. Сонымен қатар Нұрданат Айтанов Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен Кубоктарында бірнеше мәрте жеңімпаз және жүлдегер атанған.

Алматы қаласында өткен Қазақстан Кубогі жарысында да 57 келі салмақ дәрежесінде белдескен жерлесіміз қарсылас шақ келтірмей, өзінің мықтылығын дәлелдеді.

Нұрданатты кезекті жеңісімен құттықтаймыз.  

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий