ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ ТІРЕГІ – ОТБАСЫ

27 Views

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ ТІРЕГІ – ОТБАСЫ

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов айтқандай, қай кезеңде де ұлттың болашағы – саналы, тәрбиелі ұрпақтың қолында. Ал сол ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттер мен ұлттық құндылықтарды дарытатын ең қасиетті орта – отбасы. Сондықтан отбасы тәрбиесі – қоғамның ең маңызды әрі өзекті мәселелерінің бірі.

Отбасы – әр адамның өміріндегі алғашқы мектеп, тәрбие мен өнегенің бастауы. Бала дүниеге келген сәттен бастап ата-анасының жүріс-тұрысын, сөйлеген сөзін, іс-әрекетін бойына сіңіріп өседі. Халқымыздың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл сөзінің мәні де осында. Балаға берілетін ең алғашқы тәрбие – ата- ананың тәрбиесі.

Қазақ халқы ертеден ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Ұл баланы – ел қорғайтын азамат, қыз баланы – болашақ ана, отбасының ұйытқысы деп тәрбиелеген. Ата-бабаларымыз баланы тек сөзбен емес, өнегелі ісімен тәрбиелей білген. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, адал еңбек ету, мейірімділік, қанағатшылдық, имандылық сияқты асыл қасиеттердің барлығы бала бойына алдымен отбасында сіңеді.

Қазақ халқында «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген дана сөз бар. Шынында да, бала үшін ата-ананың орны ерекше. Әкенің тәрбиесі – жауапкершілікке, батылдыққа, еңбекқорлыққа баулыса, ананың тәрбиесі – мейірім мен ізгілікке жетелейді. Сондықтан отбасындағы ата-ана бірлігі мен сыйластығы – бала тәрбиесінің басты негізі. Бүгінгі таңда қоғамда отбасы тәрбиесіне қатысты түрлі мәселелер туындап отыр.  Әсіресе технологияның дамуы, ғаламтор мен әлеуметтік желілердің кең таралуы балалар тәрбиесіне үлкен әсер етуде. Қазіргі кезде көптеген балалар бос уақытын телефонмен өткізіп, әлеуметтік желіге тәуелді болып барады. Кейбір ата-аналар балаға көңіл бөлудің орнына телефон немесе планшет ұстатып қояды. Мұның салдары бала психологиясына к е р і  ә с е р і н  т и г і з і п , т ұ й ы қ -т ы қ , ашушаңдық, қатыгездік сияқты жағымсыз мінездердің пайда болуына себеп болуда. Қазіргі уақытта тик-ток, түрлі әлеуметтік желілер арқылы балалар қажетсіз дүниелерді көріп, соған еліктейтін жағдайлар жиілеп кетті. Соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік, төбелес, буллинг, құқықбұзушылық сияқты келеңсіз жағдайлардың жиі орын алуы қоғамды қатты алаңдатып отыр. Әлеуметтік желілер мен теледидардан мектеп оқушыларының бір-біріне күш көрсетуі, қорлауы, тіпті адам өміріне қауіп төндіретін әрекеттерге баруы туралы ақпараттарды жиі кездестіреміз.Бұл – тәрбие мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетеді. Осындай жағдайда ата-ананың жауапкершілігі ерекше маңызды.  Өкінішке қарай, қазіргі таңда бала тәрбиесін тек мектепке жүктейтін ата-аналар да кездеседі. Алайда мектеп – білім беретін орта болса, отбасы – тәрбие беретін алтын бесік. Сондықтан ата-ана мен мектеп арасындағы байланыс әрдайым нығая түсуі керек.

Ұстазға құрмет көрсету де тәрбиенің маңызды бөлігі болып табылады. Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» деп бекер айтпаған. Мұғалім – жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін тұлға.Сондықтан ұстаз мәртебесін көтеру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұрындары оқушылар мұғалімін көрсе, үлкен құрметпен сәлем беріп, ізет көрсететін. Қазір кей жағдайда мұғалімге дөрекілік көрсету, ата- аналардың ұстаз беделін түсіруі кездесіп жатады. Бұл да тәрбиенің әлсірегенін көрсетеді. Бала үлкенді сыйлауды ең алдымен үйден үйренуі керек. Қазіргі қоғамда ата-ананың балаға уақыт бөлмеуі де үлкен мәселеге айналып отыр. Күнделікті тіршіліктің қамымен жүріп, кейбір ата-аналар баласының ішкі жан дүниесіне үңілуді ұмытып кетеді. Ал балаға ең керегі – ата-ананың мейірімі, жылы сөзі мен қолдауы. Бала ата-анасымен еркін сөйлесіп, ойын ашық жеткізе алғанда ғана дұрыс қалыптасады.

Осы орайда аудандық аналар кеңесінің атқарып отырған жұмыстары ерекше атап өтуге тұрарлық. Аналар кеңесі 2023 жылы құрылып, құрамына әр салада ұзақ жыл еңбек еткен, өмірлік тәжірибесі мол ардақты аналар енді. Бүгінде олар ұрпақ тәрбиесі бағытында көптеген игі шаралар ұйымдастырып келеді.

Аналар кеңесі республи­ка көлемін­де жүзеге асырылып жатқан «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Жоба аясында «Еліне азамат тәрбиелеген отбасы», «Бақытты ана – бақытты отбасы», «Тұғырлы отбасы – бақытты балалық шақтан басталады», «Жақсылыққа жетелейтін жандар» бағыттары бойынша түрлі кездесулер мен тәрбиелік іс-шаралар өткізілуде.

Аудан мектеп­терін­де, бала­бақшаларда, ауыл жастары арасында ұлттық құндылықтарды насихаттайтын дөңгелек үстелдер, пікірталастар, кездесулер ұйымдастырылып келеді. Соның бірі – «Ұрпақ тәрбиесінің тірегі – отбасы» атты форум. Форумның негізгі мақсаты – ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту, ата-аналардың тәрбиелік жауапкершілігін арттыру және ұлттық тәрбиені дәріптеу болды.

Форум барысында қоғамдағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Қатысушылар қазіргі жастар тәрбиесіне алаңдаушылық білдіріп, ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар бала тәрбиесінде мейірім мен түсіністіктің орны ерекше екені айтылды. Ана – мейірімділікке, әке – батылдық пен жауапкершілікке тәрбиелейді.

Жақында Тараз қаласында өткен «Саналы қоғам қалыптастырудағы ананың рөлі» атты халықаралық форумда да аналардың қоғамдағы орны кеңінен сөз болды. Форумға шетелден және еліміздің әр өңірінен келген делегаттар қатысып, тәжірибе алмасты. Бұл – аналардың қоғамдағы тәрбиелік рөлінің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Қорыта айтқанда, отбасы – тәрбиенің алтын бесігі, ұлт болашағының негізі. Бала тәрбиесіне әр ата-ана жауапкершілікпен қарап, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре білсе, қоғамда саналы да тәрбиелі ұрпақ қалыптасады. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тағдыры. Сондықтан отбасы тәрбиесіне бей-жай қарамай, балаға мейірім мен дұрыс бағыт беру – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Түзел Алагөзова,

 аудандық аналар кеңесінің төрайымы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий