ШЫН СУРЕТКЕРДІҢ ШЫҒАРМАСЫ УАҚЫТҚА ТӘУЕЛДІ БОЛМАЙДЫ

9 Views

Оралхан Бөкей сөздің киесін сақтаған
суреткер, ол туралы аз жазылған жоқ.
Десе де қазақ прозасында айрықша
орны бар жазушы туралы жаза беру
әдебиетіміздің көркін аша түсері
сөзсіз. Қазақ әдебиетінде бір-бірінің
шығармашылық қуатын дәл танып,
әділ бағасын берген алып тұлғалар
аз емес. Солардың қатарында қазақ
журналистикасы мен әдебиетінің
қайраткері, Халық жазушысы Шерхан
Мұртазаның орны ерекше. Ол талантқа
ешқашан жеңіл қарамаған, атаққа емес,
шығарманың көркемдік деңгейіне бас
иген суреткер болатын.

Сондықтан да Шерағаның аузынан
шыққан әрбір баға әдеби орта үшін өлшем
саналды. Осындай биік бағасына ие болған
қаламгерлердің бірі – Оралхан Бөкей.
Оралхан Бөкей – қазақ прозасының көркемдік
көкжиегін кеңейткен, ұлттық әдебиетке жаңа
тыныс әкелген сирек талант. Ол әдебиетке
келген кезде қазақ прозасы жаңа ізденістерге
бет бұра бастаған еді. Дегенмен Оралхан өз
жолын ешкімге ұқсатпай қалыптастырды.
Оның шығармаларынан адам жанының терең
иірімдері, табиғат пен тағдырдың үндестігі,
уақыт пен қоғамның қайшылықтары ерекше
көркемдікпен өрілді. Мұны алғашқылардың
бірі болып терең таныған қаламгердің бірі –
Шерхан Мұртаза.
Шераға Оралхан туралы естеліктерінде
оның шығармашылық табиғатына жоғары
баға береді. Ол: «Оралхан не жазса да
жанымен жазатын. Оның әр шығармасының
артында үлкен жүрек тұр» деген мазмұндағы
пікірлерімен жас суреткердің әдебиеттегі
орнын айқындап берді. Бұл – құр мақтау емес,
үлкен суреткердің шығармашылық болмысты
дәл тануы еді. Өйткені Шерхан Мұртаза
үшін әдебиет – қасиетті ұғым. Ол әдебиетке
кездейсоқ келгендерді емес, сөздің киесін
түсінген қаламгерлерді ғана мойындады.

Оралхан Бөкей шығармаларын оқығанда ең алдымен көз алдыңа Алтай келеді. Бірақ бұл – географиялық кеңістік емес. Бұл – қазақ рухының символы. Жазушы үшін Алтай – табиғаттың ғана емес, адамның да мінезін қалыптастырған қасиетті мекен. Сондықтан оның кейіпкерлері де асқақ таулардай өр, өзендей мөлдір, кейде дауылдай мінезді болып келеді.
Оралханның көркемдік әлемінде табиғат ешқашан фон қызметін атқармайды. Табиғат – шығарманың басты кейіпкерлерінің бірі. Жел де сөйлейді, жаңбыр да мұңаяды, қар да адамның жан күйін жеткізеді. Мұндай көркемдік шешім қазақ прозасында сирек кездеседі. Сондықтан әдебиеттанушылар Оралхан Бөкейді табиғат философиясын терең меңгерген қаламгер ретінде бағалайды.
Жазушының шығармаларындағы тағы бір ерекшелік – адам психологиясын терең ашуы. Ол кейіпкерлерінің сыртқы әрекетінен бұрын ішкі әлеміне үңіледі. Кейде кейіпкердің бір ауыз сөзі жоқ, бірақ оның жан дүниесі тұтас бір романның салмағын көтеріп тұрады.

Мұндай шеберлік үлкен суреткерге ғана тән қасиет.
Шерхан Мұртаза дәл осы ерекшелікті ерте аңғарды. Ол Оралхан шығармаларын оқып отырып, қазақ әдебиетіне жаңа бояу, жаңа тыныс келгенін сезінді. Сондықтан оның шығармашылығына әрдайым жоғары құрметпен қарады. Шераға үшін Оралхан – жай ғана талантты жазушы емес, қазақ сөз өнерінің болашағына қызмет ететін үлкен суреткер болатын.
Оралхан Бөкейдің әдебиетке әкелген ең үлкен жаңалығы – ұлттық дүниетанымды жаңа көркемдік кеңістікпен ұштастыра білуінде. Ол қазақы болмысты ескі сүрлеумен емес, жаңа көркемдік шешімдер арқылы бейнеледі.
Сондықтан оның шығармалары бүгін де жаңаша оқылады. Әр оқыған сайын жаңа мағына ашылады. Бұл – мәңгілік әдебиеттің басты белгісі.
Шын суреткердің шығармасы уақытқа тәуелді болмайды. Оралхан Бөкейдің прозасы да сондай қасиетке ие. Оның кейіпкерлері кеңестік кезеңде өмір сүрсе де, олардың жан күйзелісі, арманы, сағынышы мен адамдық ұстанымы бүгінгі оқырманға да жақын. Өйткені жазушы уақытты емес, адамды жазды.
Гүлгауһар ҚҰРМАНӘЛІҚЫЗЫ,
Ш.Мұртаза атындағы руханият
және тарихтану орталығының
мәдени жұмыстарын
ұйымдастырушысы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий