Өнегелі өмір

12 Views

Қазақтың халық әндерінің інжу-маржандарынан бастау алып, қалың елдің ұлттық қазынасын байытып, жаңғыру, жасарту арқылы тыңнан үлгі нақыс іздеп ән сүйер қауымның құлақ құрышын қандыра шырқалып жүрген әсем әндер аз емес. Солардың бірі белгілі әнші Досымжан Таңатаровтың орындауындағы ҚР Мәдениет қайрат­кері, «Құрмет» орденінің иегері, сазгер Дүйсенәлі Бықыбаевтың «Біз екеуміз» атты әні деуге болады. Қазақ радиосы мен телеарналарда жиі орындалатын осы әнді естіген сайын өткен ғасырдың 80, 90-шы жылдары есіме түседі. Ол кезде мен Меркі аудандық мұражайында директорлық қызметте едім. Аты шулы желтоқсан оқиғасынан кейін 1987 жылы Жамбыл облысының мәдениет бөлімінің бастығы Ә.Әмзеев мырза Д.Бықыбаевты Меркі аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. Кез келген ортаға жайлы, мейірбан, бауырмал мінезімен баурап алатын осы бір қарапайым ақкөңіл жас жігіттің мәдениет пен өнер жолында өзегін үзілдіре тер төккен талай жанкештілік еңбегінің куәсі болғаным рас. Ол келе сала «Қазақстан» мен «Жамбыл» колхоздарындағы тоқтап қалған халық театрларын қайтадан құрғызып, «Тамаша» ойын-сауық отауы мен «Асыл мұра» ансамблін ұйымдастырды. 1989 жылы «Меркі әуендері» ұлт аспаптары фольклорлық ансамбль мүшелері Республика Мәдениет Министрлігінің ұйғаруымен Мәскеудегі Бүкілхалықтық Халық шаруашылығы көрмесінің 40 жыл­ды­ғына жаңа бастамамен өнер көр­сетіп қайтты. Бұл өнер байқауына Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан және т.б туыс­қан республикалардың барлық өнерпаздарының ішінде топ жарып «Меркі әуендері» қола медалін жеңіп алды. Сондай-ақ, 1991 жылы Сыпатай батырдың 210 жылдығы дүркіреп өткені республика баспасөздерінде мақталып жазылды. Сол кездегі облыс, аудан басшылары Ө.Байгелді, Ә.Исақ, Н.Рақышова, Қ.Баймұхамбетов, Ө.Қыр­­­ғыз­баев, Т.Олжабаев, Б.Көкі­рек­­баев, Д.Бықыбаевтардың жетек­шілігімен батыр бабамыздың зәулім кесенесі бой көтеріп, халқымызды қуанышқа бөледі. Сол бір кеңестік дәуірде қиындықтың темір шеңгелі шырмаған шеген құрсауды бұзып, осындай айшықты ізгі істер атқару оңай шаруа емес болатын. Кейін қызмет бабымен Т.Рысқұлов ауда­нына барғанда сол ауданның әкімі Қ.Төлен­диевпен бірлесе отырып мәдениет үйіне марқұм сазгер Мэлс Өзбековтің есімін беріп, сазгерге бюст орнатылып, кітап шығарылды. Ал тоты құстай таранған Таразға кел­генде де Қазақ хандығының 550 жылдығының негізгі бөлімінің көне Тараз қаласында өтуінде және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне облысымыздың үн қосып, «Көне Тараздан – асқақ Астанаға тарту» атты тарихи-этнографиялық керуенінің аттануы, жол-жөнекей әрбір тарихи орындарды қамтитын 2 айдан астам жол жүріп, Астанаға жеткен керуен-көштің салтанатына қыруар күш-қайрат жұмсалғаны да шындық. Белгілі сатирик ақын Болат Бекжановтың:
– Құдай да емес.
Құдайдан бұлай да емес,
Зормен тура тап келді талай егес.
Қырандардың шайқасы зәу биікте,
Өмір сүру мықты боп оңай емес, – деген өлең жолдары осы түлкі бұлаң тірлігі мол сәттерде жазылған сияқты. Өйткені қазақ даласында тұяғы мықты тұлпарлар мен топшысы мықты сұңқарлардың бар екенін, Алатауды қозғайтын айбаты бар, Қаратауды қозғайтын қайраты бар ары таза, рухы биік азаматтардың қайраткерлігі іргесі мықты ел екенімізді айғақтап шартарапқа танытқаны өтірік емес. Облыста өтетін барлық мәдени іс-шаралардың басы-қасында жүретін Д.Бықыбаев бүгіндері 70 жастың тұғырына көтеріліп келеді. Бүкіл саналы өмірін ұлттық мәдениетке мазмұн, арқау еткен қайраткер Д.Бықыбаев жүрек домнасынан балқып, шымырлап шыққан көптеген сұлу әндердің авторы да. Кезінде облыс мәдениетінің күн шуақты асқар биігіне көтеріліп, өнер сүйер қауым «Мәденеиет Прометейі» деп атап кеткен марқұм Ә.Әмзеевтің шәкірті Дүйсен бауырымыз ән өлкесінде де өз қолтаңбасын қалдырып, нәзіктігі мен өрлік үйлесімі жарасқан «Анашым», «Біз екеуміз», «Гүл-сезім», «Құстар қайтып барады қарашада», «Әже әлдиі», «Ағаға», «Тағы да келді бір көктем» т.б әдемі әндер жазды. Дүй­сеннің әндері адамдардың көңіл-күйін, үмітін, ойын, сезімін, мұң мен шерін, тамырын терең жайған сазгердің парасат сыр-сымбатының сұлулық сәу­ле­сін жарқыратып көрсетеді. Оның әндерін республиканың танымал әншілері үлкен сахналарда шырқап жүр. Дидары нұрлы, шоқтығы биік, өнегелі өмір иесінің дастарханына құт дарытқан сүйікті жары Шәрия екеуі алтын асықтай ұлықты ұлдар мен күміс қасықтай ибалы қыздар өсірген ұлағатты отбасы, бақытты жанұя. 70 жылдың 50 жыл өмір-өзе­­нінде қос аққудай бірге жүзген, жұлдыздары жарасқан жұбайлардың мәнді де мазмұнды, ғибратқа толы ғұмырлары ай мен күндей, шекер мен балдай немерелері мен шөберелерінің ортасында, Қазақстан тарихының Гималайындай Әулиета алқабында 80-нің сеңгіріне, 90-ның төбесіне шығып, 100-дің жазирасына аман-сау жетсе екен деп шын жүректен тілеймін. Көк тасты жарып шыққан қайсар қарағайлардай көкірек кеніші рухани қазынаға бай Дүйсенәлі сияқты азаматттардың ұлан-ғайыр еңбектері жастарға үлгі болса нұр үстіне нұр болар еді.

Шырын Мамасерікова,
Қазақстанның Құрметті жазушысы,
«Құрмет» орденінің иегері, Меркі ауданының Құрметті аза­ма­ты.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий