Шикізатты терең өңдеуге салынатын инвестиция: елімізде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 46,7 пайызға артты

10 Views

Қазақстанның 2026 жылға арналған экономикалық күн тәртібі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған шикізатты терең өңдеу моделіне көшу бағытымен сипатталады.

Президент тапсырмасы бойынша өңдеу секторы мен жоғары технологиялы өндірістерді дамытуға негізгі басымдық берілді. Бұл тәсіл шикізатты терең өңдеу және қосылған құны жоғары өнім шығаруды кеңейту арқылы экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді. Өнеркәсіпті трансформациялаудың негізгі тетіктері ретінде индустриялық қуаттарға инвестиция тарту, кластерлерді дамыту, кепілдендірілген сұранысты қамтамасыз ету үшін офтейк-келісімшарттар енгізу, сондай-ақ, отандық тауар өндірушілерді қолдаудың ашық цифрлық тетіктерін қалыптастыру айқындалды. Өнеркәсіптік саясатты жүзеге асырудың негізгі бағыттары мен отандық өндірушілерді қолдаудың өзекті шаралары туралы Primeminister.kz сайты редакциясының арнайы шолуынан біле аласыздар.
Тепе-теңдіктің өзгеруі: өңдеу өнеркәсібі тау-кен өндіру саласынан басым түсуде
2026 жылы өңдеу өнеркәсібінің экономика құрылымындағы рөлі артып, өндіріс көлемі бойынша алғаш рет шикізат секторынан алға шықты. Биылғы қаңтар-шілде айларында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 18,8 триллион теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібінің жалпы өндіріс көлеміндегі үлесі 46,7 пайызға дейін ұлғайып, алғаш рет тау-кен өндіру секторынан (45,8 пайыз) тұрақты түрде жоғары болды.
Өнеркәсіптік өңірлер арасында Ақтөбе (+10,7 пайыз) және Қарағанды (+10,6 пайыз) облыстары жоғары өсім қарқынын көрсетті. Ел экономикасы шикізаттық бағытқа тәуелділігін азайтуда: республика ішінде терең өңдеу шикізатты тікелей экспорттауға қарағанда тиімдірек бола бастады.
Салалық драйверлер: дайын өнім өндіруге басымдық
Өнеркәсіптік модельдің сапалы өзгеруі ірі тораптық құрастырудан жоғары деңгейде өңделген өнім шығаруға көшу арқылы көрініс табуда. Машина жасау ел ішінде неғұрлым күрделі өндіріске көшудің бір мысалы болып отыр, жеті айдың ішінде сала 3,2 триллион теңгеге өнім шығарып, 22 пайызға өсті. 96 мыңнан астам автокөлік шығарылды: жеңіл автомобильдер өндірісі 37,2 пайызға, автобустар – 27,6 пайызға, арнайы техникалар – 45,1 пайызға артты. Ұсақ тораптық құрастырудың үлесі 28,3 пайызға жетті. Қостанайдағы толық циклді KIA Qazaqstan зауыты мен Алматыдағы жылына 90 мың автокөлік шығаруға арналған көпбрендті Astana Motors Manufacturing зауытының іске қосылуы толыққанды өнеркәсіптік белдеудің қалыптасуына ықпал етуде. Кәсіпорындардың айналасында шиналар, аккумуляторлар, автокөлік орындықтары мен мультимедиа жүйелерін шығаратын өндірістер жолға қойылған.
Агроөнеркәсіп секторында отандық 10 кәсіпорын тракторлар мен комбайндарға деген қажеттіліктің 90 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Теміржол машина жасау саласында өндіріс көлемі 345 миллиард теңгеге жетті: жолаушылар вагондарын шығару 10,7 пайызға, электровоздар өндірісі 23,8 пайызға өсті, вагон-цистерналар өндірісі игерілді. Астанадағы «Локомотив құрастыру зауыты» кәсіпорнында қазақстандық қамту үлесі 75 пайызды құрады. Металлургия саласында өндіріс көлемі 8,1 триллион теңгені құрады. Болат өндірісі 4,1 пайызға, шойын өндірісі 5,8 пайызға, жіксіз құбырлар өндірісі 30,4 пайызға, құрылыс арматурасы өндірісі 10,5 пайызға өсті. Саланың өндірістік қуаттары кеңейіп келеді: Qarmet комбинаты құны 3,5 миллиард доллар болатын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруда.
Абай облысы мен Балқаш қаласында әрқайсысының қуаты 300 мың тонна катодты мыс өндіруге жететін жаңа мыс балқыту зауыттары, сондай-ақ, Mineral Product International ферроқорытпа зауыты салынуда. Химия өнеркәсібінде өсім 1 триллион теңгеге дейін артып, 26,9 пайызды құрады, мұндағы өсу азотты тыңайтқыштар өндірісінің 5,8 пайызға, каустикалық сода өндірісінің 5,8 пайызға және гипохлориттердің 3,3 есе артуы есебінен қамтамасыз етілді. Ішкі нарықты қорғау жөніндегі шаралар құрылыс және жеңіл өнеркәсіп салаларының өсуіне қосымша ықпал етті.
Импортқа тыйым салынғаннан кейін отандық цемент өндірісі 15,6 пайызға, тастан жасалған бұйымдар 11 пайызға, шыны 10 пайызға, гипсокартон 6,5 пайызға артты. Жеңіл өнеркәсіп 125,5 миллиард теңгеге дейін, яғни 80,1 пайызға, оның ішінде тоқыма өндірісі 2,2 есе, киім-кешек 27,5 пайызға, былғары 20,3 пайызға өсті.
Офтейк-келісімшарттар: отандық зауыттар үшін сұранысқа кепілдік беріледі
Негізгі міндеттердің бірі – от андық кәсіпорындарды кепілдендірілген сұраныспен қамтамасыз ету. «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев реттелетін сатып алуларда отандық өнімнің қатысуын арттыру және қазақстандық өндірушілермен офтейккелісімшарттар жүйесін жаңа деңгейге көтеру, осындай шарттардың үлесін жылына 10 пайызға немесе шамамен 2 триллион теңгеге дейін жеткізу міндетін қойды. Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде елімізді индустрияландырудың базалық құралы ретінде өндірушіге әлі шығарылмаған, бірақ жоспарда тұрған өнімді алдын ала сатып алуға кепілдік беретін офтейккелісімшарттар тетігі бекітілді.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жер қойнауын пайдаланушылар мен квазимемлекеттік сектор жалпы сомасы 466 миллиард теңгеге ұзақ мерзімді келісімдер мен офтейк-келісімшарттар жасасты. Соның нәтижесінде «СамұрықҚазына» қорының желісі бойынша отандық тауар өндірушілерден сатып алулар көлемі екі есеге артып, 2,1 триллион теңгеден асты.
2026 жылдың қаңтар-маусым айларында 594 миллиард теңгенің шарттарына қол қойылды, осылайша өсім 46 пайызды құрады. Жер қойнауын пайдаланушылармен кооперация одан ары кеңейтілуде, мәселен, 80,4 миллиард теңгеге 177 офтейк-келісімшарт жасалды, тағы 157 миллиард теңгеге болашақ кепілдендірілген тапсырыстар пулы қалыптастырылды.
Цифрлық сүзгі және шикізатқа қолжетімділік
Өндірушілерді қолдау шаралары нақты бағытталып келеді. Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі іске қосылып, өндірістік қуаттарды цифрлық верификациялау арқылы 6946 жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның мәртебесі расталып, 1,1 мыңнан астам жалған жеткізуші тізілімнен шығарылды. Отандық қайта өңдеушілердің шикізатқа қолжетімділігі кеңейтілді: кәсіпорындарға мыс, алюминий, қорғасын, мырыш және прокат сияқты 25 түрлі жергілікті шикізатты әлемдік биржаларда белгіленген бағадан 5 пайызға дейін төмен, экспорттық бағадан 50 пайызға дейінгі жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігі берілді.
Нәтижесінде еліміздегі қайта өңдеу қарқыны артты. Бастапқы алюминийді тұтыну 35 пайызға өсіп, 77,7 мың тоннаға, мырышты тұтыну 45 пайызға өсіп, 2,6 мың тоннаға, ал катодты мысты тұтыну 10 пайызға өсіп, 20,4 мың тоннаға жетті.
Инвестициялық әсер және капиталды қайтару
Биыл жалпы құны 1,7 триллион теңге болатын 200 индустриялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 337,4 миллиард теңгеге 84 өндіріс іске қосылып, шамамен 6 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Жобалық қуатқа шыққан кезде зауыттар жыл сайын 1,5 триллион теңгенің өнімін өндіретін болады. Оның шамамен үштен бірі экспортқа бағытталады. Арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) тетігі де нақты экономикалық нәтиже беріп отыр. 18 аймақта жүзеге асырылып жатқан 577 жобаға 11,1 триллион теңге инвестиция тартылып, 39 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Бұл ретте резиденттерден түскен салық түсімдері 865,4 миллиард теңгені құрады, ал мемлекет инфрақұрылымға 507,4 миллиард теңге жұмсады. Осылайша, елімізде тұйық өндірістік экожүйе қалыптасып келеді: елішілік қолжетімді шикізат, офтейк-келісімшарттар арқылы кепілдендірілген өткізу және қатаң цифрлық бақылау.
Бұл мемлекеттік қолдауды қайта өңдеуді дамытуға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағыттауға мүмкіндік береді.
Елімізде екі жылда 54 жаңа
кен орны ашылды
Қазақстан Үкіметі жер қойнауын геологиялық тұрғыдан зерттеу жүйесін жаңарту жұмыстарын да жалғастырып келеді. Президент ҚасымЖомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауларында айқындалған тапсырмаларды жүзеге асыру аясындағы негізгі бағыттардың бірі – геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыру, цифрлық құралдарды дамыту және минералдышикізат базасын неғұрлым ұтымды пайдалану үшін жағдай жасау. Сонымен қатар бүгінде басты назар зерттелген аумақтарды кеңейтумен шектелмейді. Геологиялық барлау перспективалы учаскелерді егжей-тегжейлі зерттеуге бағытталып, ондаған жылдар бойы жинақталған деректер цифрландырылуда, бұл өз кезегінде деректерді Big Data және жасанды интеллект жүйелерінде пайдаланудың келесі кезеңіне жол ашады.
Негізгі міндеттердің бірі Қазақстан аумағының геологиялық зерделеу деңгейін арттыру болып қала бермек. Мұндағы жұмыстар 1:200 000 масштабта жүргізіледі және елдің минералды-шикізат әлеуетінің тұтас көрінісін одан әрі қалыптастыруға бағытталған. Бүгінгі таңда Қазақстан аумағының геологиялық-геофизикалық зерттелуі бұл масштабта шамамен 2,04 миллион шаршы шақырымды құрайды. Биыл осы көрсеткішті 2,2 миллион шаршы шақырымға дейін жеткізу жоспарлануда. Биыл пайдалы қазбалардың перспективалы учаскелерін анықтауға бағытталған 20 жобаны жүзеге асыру басталды. Осы жұмыстар шеңберінде жүргізілетін геологиялық зерттеулердің жалпы ауданы 100 мың шаршы шақырымды құрайды. Зерттеулер алтын, мыс, полиметалдар, сирек және жерде сирек кездесетін металдары, литий, вольфрам және молибденді анықтауға мүмкіндік беретін аумақтарға бағытталған. Жұмыстарды жүргізу кезінде аэрогеофизикалық және геохимиялық әдістер, жерді қашықтықтан зондтау деректері және талдаудың заманауи зертханалық әдістері пайдаланылады.
Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде соңғы екі жылда еліміздің минералды шикізат базасы молая түсті. 2024 жылы алғаш рет мемлекеттік есепке 35 кен орны алынды, олар 23 қатты пайдалы қазбалар, 6 көмірсутек шикізаты және 6 жерасты суы. 2025 жылы тағы да 19 жаңа кен орны мемлекеттік есепке алынды, олар 17 қатты пайдалы қазбалар, бір көмірсутек шикізаты және бір жерасты суы. Осылайша 2024-2025 жылдары мемлекеттік есепке 54 жаңа кен орны қойылды. Жалпы алғанда мемлекеттің есебінде түрлі пайдалы қазбалардың шамамен 10 мың кен орны бар.
Сирек кездесетін металдардың 935,4 мың тонна болжамды ресурстары анықталды
Геологиялық барлаудың маңызды бағыты өнеркәсіп пен жаңа технологияларды дамыту үшін қажетті маңызды және стратегиялық пайдалы қазбаларды іздеу болып саналады. Олардың ішінде алтын, мыс, полиметалдар, литий, вольфрам, молибден, сондай-ақ, сирек және сирек жер металдары бар. Қазақстан келесідей шикізат түрлері бойынша ресурстық базаға ие. Атап айтқанда, вольфрам Караоба кен орнында бар. Литий бойынша ең ірі нысандарға Қарағайлыактас, сондай-ақ, Ахметкино мен Ахмировское жатады. Молибденнің ірі кен орындары Қарағанды облысында шоғырланған, олардың ішінде Көктенкөл, Жоғарғы Қайрақты және Солтүстік Қатпарды атай кету керек. Ал Абай облысындағы маңызды нысандардың бірі – Айдарлы.
Бұл тізімде қазіргі заманғы технологиялар мен перспективалы өндірістерде сұранысқа ие сирек және сирек жер металдары ерекше рөл атқарады. Оларды игеру тек шикізат секторы үшін ғана емес, сонымен қатар өнеркәсіпті одан әрі дамыту үшін де маңызды. Бүгінгі таңда зерттеулер іздеу бағдарламасына енгізілген 11 учаскеде аяқталды. Қарағанды облысындағы Күйректікөл учаскесі ең перспективалы деп аталды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде мұнда La, Ce, Nd және Y жерде сирек кездесетін металдардың жоғары болжамды қоры анықталды.
Учаскелер бойынша болжамды ресурстардың жалпы көлемі 935,4 мың тоннаны құрайды. Қосымша түрде Ырғыз алаңы бойынша С2 санатындағы 795,8 мың тонна көлемінде қор есептелді. Кеңқұдық, Ржавая Сопка, Миролюбовский, Боқай және Кунеой учаскелерінде де сирек және жерде сирек кездесетін металдардың әлеуеті бағаланды.
Инвесторларды қолдау шаралары кеңейтілді
Геологиялық барлау жұмыстарын кеңейту саланың нормативтік-құқықтық базасын жүйелі түрде жетілдірумен қатар жүргізілуде. Соңғы үш жылда «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске толықтырулар мен түзетулер енгізілді. Олар жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге, инвестициялық тартымдылықты арттыруға, рәсімдерді цифрландыруға, сондай-ақ, жер қойнауын ұтымды пайдалануға және қоршаған ортаны қорғауға қатысты болды. Осылайша 2024 жылы өзгерістер жер қойнауы учаскелерін берудің ашықтығын арттыруға, аукциондық тетікті жетілдіруге, цифрлық сервистерді дамытуға және қатты пайдалы қазбалар, көмірсутектер мен уран салаларын реттеуге бағытталды. 2025 жылы саланы цифрландыру және жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын дамыту бойынша жұмыс жалғасын тапты.
Заңнамада Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасының мәртебесі бекітіліп, электрондық аукциондар өткізу тетігі кеңейтілді, стратегиялық инвесторларды қолдаудың қосымша шаралары және аз зерттелген аумақтарды реттеу тетіктері қарастырылды. Бұл өзгерістер жер қойнауы учаскелерін беру рәсімдерін барынша түсінікті етіп, өзара іс-қимылдың едәуір бөлігін цифрлық форматқа көшіруге бағытталған. Мемлекеттік геологиялық жұмыстар жер қойнауын ұтымды әрі кешенді пайдалануды қамтамасыз ету мен аумақтың геологиялық зерделенуін арттыру жөніндегі бюджеттік бағдарлама шеңберінде қаржыландырылады.
2024-2026 жылдары мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржыландыру көлемі 62,4 миллиард теңгені құрады. 2024 жылы 6,6 миллиард теңге, 2025 жылы – 7,9 миллиард, 2026 жылы 47,9 миллиард теңге көзделген. Бағдарлама аясында өңірлік, геологиялық түсіру, іздеу-бағалау және іздеу-барлау жұмыстары жүргізілуде. Олардың нәтижесі жер қойнауын мемлекеттік басқару үшін де, жер қойнауын пайдаланушылардың қызметі үшін де қажетті геологиялық ақпараттың сапасы мен толықтығын одан әрі арттыру болуы тиіс.
Ресурстарды өндіріске ауыстыру – үш жылда 96 лицензия берілді
Бүгінде салада тұтас цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыру аяқталуда. Ол геологиялық деректерді, интерактивті картаны, Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын, Big Data аналитикасын және жасанды интеллект алгоритмдерін инвестициялық шешімдер қабылдаудың бірыңғай тізбегіне біріктіреді. Сонымен қатар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі минералдық-шикізат базасын мемлекеттік есепке алуды цифрлық трансформациялауды жүргізіп жатыр. Кен орындары, қорлар және жер қойнауын пайдалану нысандары туралы мәліметтерді байланыстыратын бірыңғай ақпараттық кеңістік қалыптасуда. Үкіметтің стратегиялық мақсаты – ресурсты анықтау, геологиялық барлау, өндіру, терең өңдеу және ел ішінде жоғары қосылған құны бар дайын өнім шығару кезеңдерін қамтитын тұйық өндірістік тізбек құру.
Бұл тәсіл ұлттық экономиканы индустриялық әртараптандыруға тікелей ықпал етеді. Интеграцияның практикалық нәтижелері қазірдің өзінде тіркеліп отыр. Соңғы үш жылда барлау кезеңінен өндіруге өту жер қойнауын пайдалануға арналған 7 келісімшарт бойынша рәсімделді (2024 жылы – 3, 2025 жылы – 2, 2026 жылы – 2). Осы кезеңде Министрлік қатты пайдалы қазбаларды өндіруге 96 лицензия берді (2024 жылы – 33, 2025 жылы – 32, 2026 жылы – 31).
Мұнай-газ секторындағы негізгі ресурстар – мұнай, шикі газ және табиғи битум. Ішкі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аз зерттелген шөгінді бассейндерді игеруге басымдық берілді. 2025-2026 жылдары мұнайгаз бағыты бойынша 8 кен орны өндіру кезеңіне ауыстырылды.
Геологиялық деректерден – жаңа инвестициялық жобаларға
Алдағы уақытта Қазақстандағы геологиялық барлау саласының дамуы зерттеулердің нақтылығын арттыруға, жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдануға және жинақталған геологиялық ақпаратты тиімді пайдалануға байланысты болмақ. Бұл ретте негізгі міндеттердің бірі – геологиялық барлау нәтижелері мен кейінгі өнеркәсіптік игеру арасындағы байланысты қамтамасыз ету.
Іс жүзінде бұл перспективалы ресурсты анықтау мен оны барлаудан бастап өндіру, өңдеу және дайын өнім шығаруға дейінгі бірізді үдерісті білдіреді. Осылайша, саладағы өзгерістер бірнеше бағытты қатар қамтиды: аумақтарды зерттеу деңгейі тереңдейді, ресурс базасы кеңейеді, нормативтік реттеу жетілдіріледі, архивтер цифрландырылады және геологиялық деректердің ауқымды массивтерін ЖИ арқылы талдауға арналған құралдар енгізіледі.
Мемлекет басшысының Жолдауларында осы бағыттағы берілген тапсырмаларын жүзеге асыру геологиялық ақпарат пен жер қойнауын басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Қазақстан үшін бұл геологиялық барлау нәтижелері қорларды бағалау құралы ғана емес, сонымен бірге аумақтарды одан әрі игеру туралы шешімдер қабылдау құралына айналатын бірыңғай негіз қалыптастырады. Келесі кезең – жинақталған цифрлық деректерді практикалық шешімдерге аудару: талдауды жеделдету, болжау дәлдігін арттыру және жаңа инвестициялық әрі өнеркәсіптік жобаларды қалыптастыру.
PRIMEMINISTER.KZ

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий