Әр жүректен өнегең орын алған
АДАМ
БАЛАСЫНЫҢ
КӨКІРЕК КӨЗІН
АШАРДА КӨРЕРІ –
ҰСТАЗ БЕН КІТАП. ЕҢ
ҒАЖАБЫ, КҮНДЕРДІҢ КҮНІ
АРМАНДАҒАН БИІГІҢЕ
ЖЕТІП, КӨЗ ЖЕТПЕС
КӨКЖИЕГІҢ КӨКЕЙІҢЕ
ҚОНҒАНДА АЛДЫМЕН
ЕСІҢЕ АРДАҚТЫ ҰСТАЗ
БЕН АСЫЛ КІТАП
ОРАЛАР.
Академик, жазушы Зейнолла
Қабдолов: «Ұстаз көрмеген кісі – үлгіөнеге көрмеген кісі. Ал үлгісіз, өнегесіз
кісіде қандай қасиет болмақ. Асылы
адам өзінің азаматтығы үшін алдымен
ұстазға қарыздар!» – деп жұрттың
көңіліндегі ойды жазушылық құдіретімен шебер жеткізген.
Осындай үлкен жүректі ұлы
ілтипат иесі, 40 жылдан астам
ұстаздық жолда еңбек еткен, саналы
ғұмырында сан мың шәкіртті
тәрбиелеген Башан Қашқынбайұлын
өзі еңбек еткен Жақсылық ауылындағы
Қ.Сұлтанбеков атындағы орта
мектебінің ұжымы еске алған болатын.
Еске алу шарасы Башан ағайдың
бақилық болғанына 30 жыл толуына
орай өткізілді. Тағылымды шараға
ардақты ұстазбен бірге ұжымдас
болған әріптестері, замандастары,
шәкірттері және ұрпақтары қатысты.
Келген қонақтардың әрқайсысы
Башан Қашқынбайұлының ұстаздық,
азаматтық келбеті, мектеп оқушыларын тәрбиелеудегі табанды еңбегі,
талапшылдығы туралы жылы естеліктерін айтты. Бір ұжымда қызмет
еткен жылдарында бастан өткен
қызықты оқиғаларын да әңгімелеп
берді. Ардақты ұстаз көршілес
Көкдөнен ауылында туып өскенімен
еңбек жолын Жақсылық ауылында
бастап, осы ауылдың қоғамдық өміріне
белсене араласқан. Ұзақ жылдар
бойы мектеп директорының тәрбие
ісі жөніндегі орынбасары қызметін
абыроймен атқарды. Жұбайы Шекер
апай да ауылда медбике болып қызмет
етіп, ауыл халқының денсаулығын
нығайтуға қомақты үлес қосқан.
Мектеп директоры, ағайдың шәкірті
әрі әріптесі болған ардагер ұстаз
Әмізе Даданұлы Башан ағайдың ауылға,
мектепке сіңірген қажырлы еңбегіне
кеңінен тоқталды.
Бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне,
ұстаздық жолға арнаған Башан
Қашқынбайұлының еңбегі мемлекет
тарапынан түрлі марапаттарға ие
болды. Ал оның басты марапаты —
өзі өмір бойы қызмет еткен ұжымы,
айналасындағы адамдардың, ата—аналардың, оқушылардың алғысы.
Көпке тағылым боларлық бұл іс-шара
аясында шахматтан жасөспірімдер
арасында аудандық ашық турнир
өткізілді. Ағайдың ұрпақтары әке
рухына деген құрметтің жарқын
үлгісін көрсетіп, мектеп қорына бағалы
кітаптар мен шахмат тақталарын с ы й ғ а т а р т т ы .
Ауылдағы «Сүйінбай
қажы» мешітінде ұлағатты ұстаз Башан
ағай мен жары Шекер
апайдың рухына арнап
Құран бағышталып,
ас берілді.
Мұғалім – барлық
білім беру жүйесінің
негізі, жаны және
жүрегі. Осы ретте Башан Қашқынбайұлының мейірімге
толы жүрегі шәкірт
бойындағы талай
ағаттықты кешіре
білді. Оның бойындағы білім мен ақыл,
ойының қуаты мектептегі талай тентекті жуасытып, небір еркені сабасына
түсірді, тәртіпке баулып, есейтіп, ержеткізді. «Қыран түлегіне қайтпас қанат
сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас мақсат
сыйлайды» демекші,
ұлағатты ұстаз Башан ағайдың есімі
мектептің, ауылдың тарихында,
ауылдастары мен әріптестерінің,
шәкірттерінің санасында сақталары
сөзсіз.
Марат АЯТБЕРГЕН.
