Асқар тауым – ірісің, көңілімде – тірісің!..

9 Views

Жан деген не,
Мүлде өле ме,
Шын жоғалып, сөне ме?
Дене жөндеп,
Жоғары өрлеп,
Тағы «Мен» деп келе ме?
Ш. ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ.
Біздің қазақ «Қараша келеді, жақсылыққа бақса, бетегеден
б и і к , ж ус а н н а н  а л а с а  к е ле д і ,
жамандыққа бақса, қары мен жаңбыры
араласа келеді» деп жатады. Кейде
бұл айды «жамап- жасқау» айы деп
жатады. Күз бен қыс айының өтпелі
кезеңі болған соң, солай атаған шығар.
Денсаулығымыз сыр берген соң, аурумен
алысып өткен сол күндерді жамапжасқау айы дегенге келетін сияқты.
Екі ай біз үшін оңай болған жоқ.
Бір емес, екі бірдей арқа сүйеріңнің бір
мезетте, денсаулығы сыр беріп, жатып
қалуынан қиын нәрсе жоқ екен бұл
өмірде. Күндіз-түні Алладан амандығын
тілеп, басқа түссе басбақшылдың
күйімен, сыр білдірмей жүрген болдық.
Анам әдетте алған химиясын қайта
алуға мәжбүр болды. Дәрігерлер МРТ,
УЗИ нәтижелеріне қарай ұйғарым
жасаған болар. Бірақ бұл жолғысы кеуде
тұсына ота жасау арқылы түймедей
ғана құрылғымен іске асатын болды.
Анамды ауру меңдеп, күш-қуатын
алып қойған. Қатты уайымға салынып,
қан қысымы көтеріліп кететіні тағы
бар. Әлгі аты жаман сұйықтық екі күн
қатарынан тамып тұрады екен. Тамшы
тама берсе, тасты да жібітпей ме?!
Арасы он күнді құраған 2 химия анамды
аяқтан қалдырды. Оған дейін алынған
17 химияны айтпағанда…
Кейінгі алынған химияның күші анама қатты әсер еткенін әкем
іштей сезінген ғой. Анамның емге
барған уақытынан бастап, өзі ауырып
жүріпті. Күннен-күнге азып, тамақтан
қала бастаған соң, уайымдай бастадық.
Әкем ауырмай тұрып, тамақты талғап
жейтін тамақсау кісі еді. Ауырған соң,
астан тыйылып, тамағынан ас жүрмей
қалды. Онысын біздерге айтпай, іштен
тынып, біраз жүріп қалғаны тағы бар.
Әкемізді біздер үлкен әпкемізге қарап
«Көке» деп атайтынбыз. Әпкем шал мен
кемпірдің қызы болған соң, атасы солай
ататқан болар.
Соңғы екі ай «жүріп жүр» дегені
болмаса, іштей ауырып жүрген екен.
Айтуынша, базардан әкелген қауыннан
секем алып қалғанға ұқсайды. Содан
кейін тамаққа тәбеті болмай, астан қала
берген. Таразға барып медициналық
тексеруден өткенде, өті толып, асқазанына жара пайда болған деген диагноз
көрсетті. «Ол барлық адамда болатын
асқазан жарасы. Жақсы күтім жасаса,
аяғынан тұрып кетеді» – деп жұбатты.
Сәл болса да, көңіліміз орнына түсті.
Дәрігер анализ тапсырып, нәтижесін
салып жіберуін сұраған.
Бірақ біздің жақтың қан сарапта масының қорытындысы 3 —
аптадан кейін ғана әзер болды. Ал, сол
үш аптада әкемнің жағы суалып, көзі
шүңірейіп, құлағы қалқиып шыға келді.
Өзі етжеңді, ірі кісінің аз күнде күрт
төмендеп кетуі көңілді алаңдатпай
тұрмады. Біз енді басқа «есіктерді»
қағып, әрекет жасадық. «Дәрігерлерден
басқа, халық еміне жүгініп көрейік»,
– деумен әл-дәрмені кеткен әкемізді
Алматыға да сүйредік қой. Ол емші
дәрігерге жүгінуіміз керек екенін
ескертті. Көңілімізге қарағаны ма, жоқ
әлде, үміттерін өшірмейін дегені ме,
«Әкелеріңіз әлі-ақ аттай шауып,
аяқтан тұрып кетеді» – деп сендірді.
Осылай жүріп бір ай уақыт жоғалттық.
Ауру меңдемей тұрып, бес уақыт
намазын қаза қылмайтын әкеміз
Алладан «Сәлиманың алдында алшы»
– деп дұға қылғанға ұқсайды. Оны
тіпті, көңілін сұрай келген кісілерге
де айтып отыратын. Әкем марқұм:
«Әйелдің артында қалдырма» – деп
тілеп отырушы еді – деп отырғанын
да естідік. Онысын әлсіздікке балап:
– Неге «жазыламын» деп ниет қылмайсыз? Сіз түгілі ауыр дертпен
арпалысып жүрген мамам да күресіп
жатыр, – деп батыра айттық. Кейін
көңілін сұрай келген балдыздарына:
«Менің ауырып жүргеніме біраз болды.
Балалар Салимамен әбігерге түсіп,
жанталасып жүргенде, мен масыл
болмайын деп айтпадым» – деген ғой.
Әттең, қиналысын білдіріп, ауруын
алдын ала айтқанда, уақыт создырмай,
апаратын едік қой деген өкініші өзегімізді өртеді. Ағаларымның әкесі мен анасын апармаған жері жоқ. Бар
уайымы – екеуінің амандығы болып,
елден естіген қымбат дәрі-дәрмектің
бәрін алдырып жатты.
Бауырларыңның жақын жерде тұрғаны басыңа іс түскенде
білінеді екен. Анамның да бауырлары
күн құрғатпай келіп, екеуінің жайынан
хабар алып тұрды. Әсіресе «жатып
қалды» деп естіген күні байыз таппай

билет алып, Астанадан арнайы келген
сіңілісінің көмегі көп тиді. Әпкесіне бір
қарап, жездесін балаша тамақтандырып,
жата-жата жауыр болған екеуінің арқабасын маймен сылап, бәйек болғанына
еріксіз риза боласың. Бізге қиын күнде
тіреу болған әпкемді «кетіп қалмаса
екен» – деп тіледік. Біздің көңілімізге
қарады ма, жоқ екеуін мүшкіл халде
тастап кетуге жүрегі дауаламады
ма, әпкем де кетемін деп айтпады.
Әкем тілден қалмай тұрып: «Шопеке,
мұндайыңды білгенде, бала күніңде
арқамнан түсірмей, арқалап жүрер
едім» – деп ризашылық сезімін білдірген
екен. Әпкем байғұс, төсекке таңылып
жатқан әкемнің осы бір жүрекжарды
сөзін айтып, жылап қалды. «Енді
еңбегім еш кетпей, екеуі де аяқтан
тұрып кетсе екен» – деп тілеулес болған
әпкемнің алтын жүрегінен айналмасқа
шараң бар ма?! Бірақ адамның дегені
бола бермейді екен. Науқасы меңдеп,
тұрудан қалған соң, жедел жәрдем
көлігімен аудандық ауруханаға әкемізді
жеткіздік. Анам болса, бір жағы әкемді
уайымдап, екінші жағы, дерті жанына
батып, ұзақ түнде көз ілмей шығатынды
шығарды. Химияның әсері ме, жоқ
әлде тосыннан тағы бір дерт жабысты
ма, анам жүруден қалып, төсекке
таңылып қалды. Ауру жанына батқаны
соншалық – жанын қоярға жер таппай,
ұзақ күнді ұйқысыз өткеретін болды.
Ақыры болмаған соң, ол кісіні де жүйке
жүйесін емдейтін бөлімге жатқызуға
тура келді. Анам ауруханаға жиі жатып
жүрген соң, әкем сияқты «кетемін» деп
қиғылық салған жоқ. Анам өздігінен
жүре алмайтын болған соң, әпкемді
көмекшілікке қалдырдық. Ал әкемнің
қасына Мейрамбек ағам барды. Біз
болсақ, екі жаққа мойын созып, жетім
қозыдай аурухананың алдын торуылдап
жүрміз. Сол екі аралықта қаншама
уайым, қаншама қиын күнді бастан
өткердік. Үйден шалғай шыққанды
тәуір көрмейтін әкем ауруханаға барған
күннен «үйге кетемінге» басып, қиғылық
салумен болды. Әкемнің меселін
қайтарғысы келмеген ағам дәрігермен
сөйлескен болып, кеңес алғандай
алдарқатып жүрді. Үйге барғанда, жан
қиналысына дауа болмасын білген
соң, дәрігердің қарауын ес көріп тұр.
Оны ойлайтын көкем ба?! Екінші
ағаммен алмасқанда: «Сендер менің
өтінішімді орындамадыңдар», – деп
өкпе артып, жатып алыпты. Қолдан
келер қайран бар ма?!
Сөйтіп әкем ауруханада 8 күн жатып шықты. Мен әкемді
емханадан шыққан үшінші күні көрдім.
Анам шыққан күні ауылға келіп, жүзін
көргенде, еріксіз езіліп кеттім. Баяғы
түрі түр ма, тілден қалған әкемнің
аянышты күйі жазылар деген көңіліме
селкеу түсірді. Мына сықпытымен қайта
аяқтан тұрмасына көңіл құрғыр сенбей
тұр. Айтуға аузымыз да бармайды.
Қызылордадағы тұңғышы апта сайын
келіп, екі араны жол қылып жүргеніне
де біраз болды. Әкесі мен шешесі
төсек тартып қалған соң, жұмысқа
зауқы қайдан болсын?! Алқынып ол
да жетті. Қолында ағамның студент
қызы, тұңғышы – Назерке бар.
Ауруханадағы бір апта бойындағы күші
мен аузындағы тілін алып қойған екен.
Одан бөлек жанары суалып, сарғая
бастаған. Ес- ақылдан аман болған соң,
келген кісінің бәрін танып жатыр. Аузын
аша берген соң, бір нәрсе айта алмай
жатқан болар деп, құлағымды тоссам,
бетімнен сүйіп қояды. Көзі жартылай
жұмулы. Әл-дәрмені құрып, қиналып
жатып, менімен қоштасқаны шығар.
Түс ауа Ақтаудағы кенже баласы
келді. Ермек әкесінің түрінен шошыса
да, сезімін сабырға жеңдіріп, өзін
жақсы ұстады. Бірақ келген бойда
қасынан бір елі кетпей, өзі қарап жүрді.
Мүмкін, Ермегін күтіп жатты ма екен?!
Анам да көзін жаспен жуып:
– Бадан Гүлжас пен Ермекті күтіп жатқан екен. Мына түрімен көпке
бармайды, – деп қорқынышын білдірді.
Тағдырға мойынсынудан басқа
қолымыздан не келеді?!
Бір есеппен анамды да жайсыз
жағдайға дайындай бастадық.
– Ауырып жатқанда әкемнің бар
тілек-дұғасы сіздің алдыңызда кету
болды. Сіздің бар ауыртпалығыңызды
көтеріп кетсем деп, Алладан тілеген
шығар» – деп жұбатып жатырмыз.
Қайтыс болардан бір күн бұрын ағайынды ағамыз – Қалибек халахуалын білмекке кірген еді. Қан-сөлсіз,
сұлық жатқан ағасын мұндай күйде
көремін деп ойламады-ау шамасы, көз
жасын тізгіндей алмады. Ағайынға бас
болған ағасының жатысы жанына қатты
батса керек, дауыс салып жылап жіберді.
Үлкен кісілер біледі ғой. Мына кісі
де әкемнің беті бері қарамайтынын
іштей сезіп-ақ тұрған сыңайлы.
Мен болсам, Қалибек ағаның бет жүзін бақылап жүрмін. Әкем кірпігін
әнтек қимылдатып, көзін әлсін-әлсін
ашып, ақырын ғана ағамыздың қолын
қысып, арқасынан қақты. Бұнысы,
«Ендігі ағайынның үлкені өзің
болдың… Мына ағайынға бас-көз
болу енді саған тиді» дегені болар.
Жексенбі күн өзімен бірге айналасына
жылы шуағын таратқан нұрлы күн
болды. Таза ауа жанға дауа, дертке
шипа болар деген оймен, далаға орын
сайлап, әл үстінде жатқан әкемізді
сыртқа алып шықтық. Күннің шуағы
көзін бір ашып, бір жұмғызып, жанына
жайлы тиіп жатқандай.
Үн үзілген. Бір нүктеге қадалып, ұзақ қарайды. Мүмкін, бақи
дүниенің есігі көзіне көрініп жатқан
болар?! Арасында көңілін сұрай
келіп жатқан кісілерді таныстырып,
танығандығын тексеріп қоямыз.
Ақырын ғана басын изеп, белгі береді.
Онысына шүкірлік етіп, ес-ақылдан
ажырай қоймағанын көңілге медеу
қыламыз.
Екі сағаттың көлемі есіктің алдында
отырды. Арада көп уақыт өткен жоқ.
Анамның әпкесі көңіл сұрай келді. Сол
кісі бізге:
– Адамнан жасырғанды Алладан
жасыра алмайсың. Әкелеріңнің түрін
көріп отырсыңдар. Көз жанары кетіп
қалыпты. Бекем болыңдар! Бұлай қамсыз
отыра беруге болмайды. Әрекетін
жасаңдар! Ертең ел қарасы көбейгенде,
шыға алмай, әбігерге түсесіңдер» —
деп ауыр да болса, шынын айтты.
Атам қазақ өзінің кебінін тірі кезінде
дайындап қоятын. Ешкім қашан, қай
күні, қандай өлім күтіп тұрғанын
білмейді. Сендер де ақтық сапарға
шығарып салатын кебінін дайындай
беріңдер,- деп өнегелі сөзін айтты.
Бұл сөз ініме ауыр тиді. Жолай көлікте
келе жатып, еңкілдеп жыламасы бар ма?
– Сендер неге берілесіңдер! Әкем
әлі-ақ аяқтан тұрып кетеді. Өлмеген кісіге кебін дайындап, неге
асықтыңдар! Аяқтан тұрғызып,
адам қыламын, – деп жылап келеді.
Біз болсақ, басу айтып келеміз.
Өзі бір күн бұрын келген соң, көкесін
мұндай күйде көремін деп ойламаса
керек.
– Мен жағдай күрт нашарлап кетті,
– деп ойламадым. Хабарласқан сайын
«бір қалыпты» дегенге, аса жамандық
ойламап едім. Мұндайын білсем,
ертерек келіп, үлкен қалаға алып кетер
едім» – деп өзекті өртеген өкінішін
білдіріп жатты. Кеше «сезімін сабырға
жеңдірді» – деген бауырымның іштен
тынып, жылай алмай тұншыққанын
сонда білдім. Іштегі шердің сыртқа
шыққаны сол екен, біршама жеңілдеп,
басқа түссе баспақшылдың күйімен
көнуден басқа жол жоғын түсінді.
Базардан оны-мұны заттарды алып,
біз де ауылға асықтық. Ағамдар
молда шақырып, дембіл-дембіл дем
салдырып тұрды. Әйтеуір, қиналып
қалмай, жеңіл кетсе екен? – деп,
ауыр болса да, қимасымды «қидым»
деп, жанын қинай көрмеуін тіледім.
Нағашы әпкем анамды дайындап,
айтар сөздерін аузына салып, химия
алып қойған санасын ақпараттармен
толықтырды. Бізді де кіргізіп, әкелеріңе
деген сөздерің болса, айтып қалыңдар.
Сендерді осы күнге жеткізген әкелеріңнен кешірім сұрап,
ризашылықтарыңды білдіріңдер деп
құлағымызға құйып жатыр.
Соны күткендей- ақ, әкемнің де
демі үзіліп, жүрек соғысы тоқтады.
Жүзінен бір қиналыстың, я өкініштің бейнесі білінбейді. Түріне қарап, түсінбей біз тұрмыз. Ағам:
– Көкем жүріп кетті, – деп жылағанда
ғана есеңгіреп қалдық. Көңіл шіркін
сенбейді екен.
– Мүмкін, талықсып кеткен шығар.
Қазір жүрегі қайта соғар. Неге бірден
өлдіге санайсыңдар? Кейбір адамдар
ауыр науқас үстінде комаға түсіп
жатады, – деп жылап жатырмын. Екінші
әпкем де:
– Денесі жылы ғой, күтейік, – деп
күйінеді. Тек молда келіп:
– Қайтыс болған адамның денесі екі
сағатқа дейін жылы болып тұрады,–
дегенде ғана көңіл сеніп, жүрек жіберді
ғой. Міне, солай арпалысып жүріп,
әкемізді жер қойнына тапсырып қайттық.
Өмірде тік жүріп, тура сөйлейтін көкешім, ажалды да қайыспастан көтерді.
Жан қиналысын жақындарына көрсетпей, жан тапсырған менің әкем
бұрынғының батырындай, кесек тұлғалы, ірі еді. Сол ірілігін өлім сәтінде де көрсетті. Жатқан жеріңіз жайлы болсын! Пейіште нұрыңыз шалқып, мекеніңіз жұмақтан болсын, алтын көкем!
Базаркүл ТОҚТАҒАНОВА,
Т.Рысқұлов атындағы мектеплицейдің қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалім

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий