АНА ҚАСІРЕТІ
Сахнаға арналған қойылым-триптих
.Рольдерде:
зағип ана Зағипа
келіні Жамал
ауыл мұғалімі,
ақын Заманбек,
немере қызы Айбөбек
(Бірінші көрініс)
Сахна төріне төселген құрақ көрпенің үстінде жастық таянып зағип ана жатыр. Қолындағы таспихты сырт-сырт аударып қойып:
– Иә, Алла! Патшаға, отбасыма тыныштық бере гөр, бала-шағамды бәлекеттен сақта…
Осы кезде есік сықыры естіледі. Көру мүшесі кем болса да әр дыбысты айнытпай танитын Зағипа апа: – Әй, Айбөбек, сенбісің? Ар жақтан ауыр сөмкесін сүйрете кірген немересі: – Апа, иә мен ғой, мамам келген жоқ па?
– Е…е… жарығым, шешең ел жатқанда бірақ келетінін білмейсің бе? Одан да астың қамын жасай бер, балапаным менің. (Зағип ана немересін құшырлана иіскеп) Сен болмасаң менің күнім не болады. Сенің барыңа шүкір. Қарғам анау, радиоңды қосып қойшы…Радио қабылдағыштан Заманбек ақынның «Бозым едің» атты әні естіледі. Домбыраның үнімен қосыла күңіренген қоңыр дауыс Зағипаның жанын баурап алған…
Жүргізуші осы кезде музыка әуезіне қосылып, сөйлеп кетеді:
– «…Босанып кеткендей ме, боз інгенім, қайда жүр қарашығым, қозым менің» деп аяқталатын осынау толғауды естіген сайын Зағипа ана лаулап жанған оттың ішінде қалған жалғыз ұлын көз алдына елестеді. Сол бір қасіретке толы күні шыбын жаны шырылдап шығып бара жатқан боздағын жоқтап ана ұзақ жылады. Содан ба, қос жанары су қараңғы болып көрмей қалды. Артында айға толмаған Айбөбегі мен ұлының Жамалдай жесірі қалды. Міне, содан бері де жылжып, арада жеті жыл өтті. Келіні де есін әрең жиды. Бірақ ішін өртеген жар қазасы оны ащы суға үйретті. Ол үйге кеш келетінді шығарды…
Есік тағы тысырлады. Үйге құшағы сыйлыққа толы келіні кіріп келді:
– Күнім менің, –деп ол бауыр еті баласын айналып-толғанып сүйе бастады. – Мынаның бәрі сенікі жаным, Айбөбегім менің. Бүгін папаңның пенсиясын алдым. Ал, мынау маған, –деп ол енді бір шөлмек арақты столға қоя салды. Зағипа ана әлгіні көзі көрмесе де «селк» ете түсті де:
– Жамал, мен сенің қызыңды жақсы көретініңді білемін, бірақ мынауың не? Әруақты сыйласаңшы? Енді үйге әкеліп ішпексің бе?
– Иә, ішемін, қазір құрбы-құрдастарым келеді. Бүгін менің туған күнім…
– Кешір жаным, мен сенің туған күнің қай күн екенін де ұмытып қалыппын. Болатым кеткелі күн мен түнді ажырата алмай қалдым ғой. Кешір жаным, кешір. Ана сөйтіп жастығына қисая берді де: – Айтпақшы жаңа ғана Заманбек «бір нәрсе әкеліп қойдым»деп еді, шамасы саған әкелген сыйлығы болар… Қарашы төңіректі…
Жамал столдың үстіндегі пакетті ашып көрді. Көздің жауын алатын бір құшақ райхан гүлі. Гүл арасына қыстырылған тілдей қағазы да бар екен. Жамал дауыстап оқи бастады: «…Күнім, туған күніңмен!
Өзіңді міне, көргелі,
Ішімде құйын,
Басымда дауыл басталды.
Ұмытып үйді, көмбені,
Түсімде жиын,
Өңімде жауын жауған-ды.
Ойыма алғым келмейді,
Өзіңнен, сәулем, басқаны.
Найзағай келіп түсті ме,
Сарайым жанып,
Жүзімді қарып барады.
Қонды ма шуақ үстіме,
Шолпандай анық,
Жүрекке жарық жағады.
Ұнаттым сені, ұнатам,
Күмәнім мүлде қалмады.». Жамал хатты оқып болысымен: – Мына Заманбектің өзі дені сау ма? Мен енді он сегіздегі қыз емеспін ғой, неге сонша «күйдім, сүйдім» деп үзіледі. Әлде шыны ма екен? А…? Қойшы соны, өзі де бір қияли адам сияқты. Жазушы, ақын дегендердің бәрі сондай деуші еді…деп, әлгі қағазды елеусіз, мыжғылап жерге тастай салды.
Жүргізуші: Ананың көз жасы бұл күні көл боп ағытылды. Бірақ онысын масаңдау келініне көрсеткісі келмей, бетін жастықпен бүркемелей берді. Жамал болса құрбы-құрдастарымен бірге таң атқанша туған күнін тойлады. Сөйтіп, тағы бір сүреңсіз таң атты…
(Екінші көрініс)
Таң алакеуімде сүреңсіздеу бөлмеге Заманбек кіріп келді де Зағипа ананың қолын алып, кеуілін сұрап:
– Апа халіңіз қалай? Сіздің жағдайыңызды білейінші дегенім ғой. Жата бересіз бе, былай орныңыздан тұрып орындыққа отырсаңызшы, бір мезгіл далаға шыққанның да зияны жоқ қой. Қаласаңыз таза ауаға алып шығайын…
– Заманбек балам, осы сенің не қасиетің бар? Сен келсең болды жаным жадырап қалады. Осындай жылы сөзді естімегелі қаш…а …а…н? Өзіңнің сабағың қалай жүріп жатыр? Анау, Айбөбек немерем әйтеуір сені үнемі мақтап келеді: «Заманбек ағай бізге өлең оқыды, өлең жаттатты»деп… Сол өлеңіңді бізге де оқып берсеңші, тыңдайық…
(Осы кезде бұлар отырған бөлмеге ұйқысынан жаңадан тұрған Жамал керіле кіреді де ыдыста тұрған су орнына түннен қалған арақты бір стаканға құйып алып басына көтере салады).
Заманбек аң-таң күйде, үндемеген бойы теріс қарап тұрып өлең оқи бастайды:
Түсінбедім.
Саусың ба, әлде…массың ба,
Түсінемін.
Киесі бар ақ болған соң астың да.
Бұл дүние неге саған бұлыңғыр,
Оразаңды бүгін тағы…
ашты сумен аштың ба?
Қорқасың сен қараңғылық түссе кеп,
Батыра айтсам, кешір мені: «ішпе» деп.
Сауықтырар тәніңді, шәрбат әкеп берейін,
Қайт райыңнан…
кейін жүрме бармағыңды тістелеп.
Қайдан таптың қарғыс атқыр заһарды,
Тамырыңа қан жүгірткен
уыты да оның жасанды.
Бір аяғың тұрған кезде батпақта,
Кеш болмайды, түзетсең тек қатаңды.
Ұнатасың, мені емес шөлмекті,
Түбінде сол…
бақытыңды көрге әкеп көмбекші.
Таста оны! Таста улы заһарды,
Жәудір көзің қызығыңды көрмекші.
Жібуі бар Самарқанда тастың да,
Киесі бар ақ болса да астың да.
Бірақ, бірақ…
жүрек шіркін жұрқа емес, жүн емес,
Сұрауы бар шығар мына бастың да.
Бұл жолы Заманбек емес Зағипа ана сөйлеп кетті.
– Заман! Мына өлеңің сал боп жатқан менің жүрегіме оқтай қадалды ғой. Бұл заһар кімнің түбіне жетпеген. Жамал, бұл шіркін атаңнан қалған ас емес қой. Қайт, райыңнан! Таста!
Жамал бөтелкені қолына қайтадан ала берген… Сол кезде үлкендердің әңгімесін бағаналы бері естіп тұрған Айбөбек жан дауысы шыға шырылдап жылап келіп:
– Мама! Маматай мынаны тасташы, ішпеші? Мен сені сондай жақсы көремін, –деп еңіреп анасының қолындағы араққа жармаса кетті.
Жамалдың да жүрегі тас емес қой:
– Күнім, жаным… енді ішпеймін. Тек сен жыламашы, –деп қызымен қоса солқылдап жылап отыра кетті.
(Радиодан тағы сол «Бозым едің» әні естіліп барып, жәймен тына қалды).
Жүргізуші: Жұмақ білсең аналардың аяғының астында. Сондықтан қоғамымызға қара күйе болып жабысқан осынау қасіреттен аулақ болайық.
Бүйте берсе, не болады ұрпағың,
Тұқымыңды зәузатымен құртасың.
Еркек тұрып, әйел өктем сөйлесе,
Сайда қалар иманың мен құмғаның.
Сондықтан да Ана деген атқа лайық…
Елге керек биік шыңда тұрғаның.
(С.Қожекенің осы шығармасының тәлім-тәрбиелік мәнін бағалап, мектеп сахнасында да қоюға болады деген пікірдеміз).
Сейсен Қожеке,
Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты.