Ауданның құрылғанына 80 жыл толуы қарсаңында

1 528 Views

Мэлстің мерейлі мекені

КЕРЕК ДЕРЕК: Көкдөнен ауылдық округінің еншісіне 3 елдімекен қарайды. Олар: Көкдөнен, Жақсылық және Құмарық разъезі. Елді мекендегі жалпы халық саны – 4029. Ал, түтін саны – 705 шамасында. Ауылдық округте Мәдениет үйі, медпункт және екі мектеп бар. Аталмыш нысандар осы күнге дейін ел игілігі үшін қызмет етіп келеді. Ауыл мектебіндегі оқушылардың саны – 812-ні құрайды.

Айтулы мерекенің қарсаңында аудан аумағындағы әр ауылдық округ жайында кеңінен сөз етіп келеміз. Газетіміздің бүгінгі санында Көкдөнен ауылдық округінің тыныс-тіршілігінен сыр шертетін боламыз.

Атауы одаққа белгілі «Ленин» колхозы 1958 жылы құрылды. Алайда, оның тарихы одан бірнеше жыл бұрын бастау алады. Тарих қойнауына үңілер болсақ, 1929 жылы Калинин ауылдық кеңесіне қарасты Калинин атындағы колхоз бой көтерді. Ал 1932 жылы Эрнест Тельманның атына берілген колхоздың іргетасы қаланған болатын. 1938 жылға дейін аты аталған қос колхоз Меркі ауданының құрамына кірді. Сол кездері диханшылар егін орып, малшы малының, бағбан бағының жайын жасап жүріп, колхоздың атын шығару үшін қажырлы еңбек етті. 1938 жылы 4 наурызда Луговой ауданы жеке дара шаңырақ көтеріп, аймаққа тиесілі колхоздардың барлығын құрамына енгізді. Жаңа ауданның экономикасының дамуына тың серпін әкелген Калинин мен Тельман колхоздары 1958 жылы ірілендіру науқанына байланысты Ленин атындағы колхоз болып бірігеді. Қазіргі таңда Калинин Көкдөнен, ал, Э.Тельманның атындағы колхоз Жақсылық деп аталып келеді.

Енді осы ауылдардың көне тарихына көз жіберіп көрейікші… Көкдөнен жайында айтылған аңыз әңгімелер көп-ақ. Сондай бір оқиғалардың бірін журналист Сейсен Қожекенің жинақтарының ішінен көзіміз шалып қалды. Онда былай дейді: «Иә, Шал тауы мен Көгершін тауы қойнауына талай сыр жасырып жатыр. Ел ішіндегі көне аңыз бойынша Көгершін қызға ғашық болған Көкдөнен жігіт туралы ел әр түрлі пікірлер айтып жүр. Бір-біріне ғашық екі жас Шал бабадан бата сұрай келгенде ол кісі аталас екеуінің үйленуіне қарсы болады. Сонда екі ғашық биік шыңнан төмен қарай секіріп, өмірлерін қиса керек. Кейін жергілікті жұрт емшек тауға Көгершін қыздың атын беріп, ал, еңістегі жазықты Көкдөнен жігіттің ныспымен атаған деседі,» -деп жазылған.

Ал, аудан орталығынан 5 шақырым қашықтықта орналасқан Жақсылық ауылы кезінде «Құттыжан» деп аталған. Оның себебі мынада. ХІХ ғасырдың бас кезіндегі Қоқан хандығымен болған қақтығыста осы ауылдың тумасы Асан бабаның Құттыжан деген баласы жау қолынан қаза табады. Сол ардақты азаматтың құрметіне ауыл дәл осылай аталынып кеткен болатын. Кеңес өкіметі орнаған тұста бұл ауылға Эрнест Тельман аты берілсе, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл ауылға Социалистік Еңбек Ері атағын иеленген Жақсылық атамыздың есімі берілген еді.

Жалпы алғанда, Көкдөнен ауылын «аудан өнерінің ордасы» десек қателеспейміз. Себебі, аталмыш елді мекенде сазгер Жаңбыршы Үсейінов пен қазіргі таңдағы белгілі композитор, әнші, Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Университеті «Өнер және мәдениет» факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚР Мәдениет қайраткері Гүлнұр Өмірбаева мен сатирик-жазушы Басқарбек Битанов дүниеге келген. Олардың өнер әлеміне қосқан үлестері орасан зор.

Сонымен қатар, Көкдөненді ойға алғанда бар ғұмырын әнге арнаған талантты сазгер Мэлс Өзбеков бірден есімізге түседі. Бұл түсінікті, әрі қалыпты жағдай. Себебі, көненің көзі болған Көкдөненді Мэлссіз елестету өте қиын. Ауылдың талантты тумасының туған жеріне арнаған әндерінің ішінде «Көкдөнен вальсі» әуені сазгердің туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін білдіреді. Бұл ән бүгінгі таңда Мэлістің мерейлі мекенінің төлқұжаты ретінде қалыптасқан ән десек, асыра айтқандығымыз емес.

Өмірі еңбекпен өрілген

Көкдөнен ауылдық округі жайында жазбас бұрын ауылдың көне көз қарияларымен тілдесуді жөн санадық. Сөйтіп, Жақсылық ауылының тұрғыны Боқан Әсемқұловтың шаңырағында қонақ болып, өткенге көз жүгірттік. Сұхбат барысында ақсақалдың сөзінен көптеген мәліметтерге қанық болдық. Боқан ақсақалдың айтуы бойынша Кеңес үкіметінің кезінде Жақсылық ауылының өзінен үш бірдей «Социалистік Еңбек Ері», жеті «Ленин» орденінің иегерлері мен он жетіге жуық адам «Еңбек Қызыл Ту» орденін кеудесіне таққан екен. Ауыл ақсақалы солардың ішінен жастайынан мал бағып, зор еңбектің күшімен мол табысқа кенелген, Бәйтік Зәуірбековке кеңінен тоқталды.

Бәйтік Зәуірбеков 1895 жылы Жамбыл облысы, Луговой ауданы, қазіргі Жақсылық ауылында дүниеге келген. Жетімдіктің қамытын ерте сезінген бала Бәйтік он бес жасында байға жалшы болып, мал баққан деседі. 1929 жылы «Құттыжан» артеліне мүшелікке өтіп, 1963 жылы зейнетке шыққанша сол шаруашылықта қызмет атқарған. Сонымен қатар, еңбек жолында жылқы фермасының меңгерушісі қызметінде де болған. Алғашқы кезде 4 бас жылқыны өз қарауына алып, оның басын бірнеше есе көбейткен. Одан бөлек, 51 жылқыдан 51 құлын алып

оны аман-есен өсірген. Дәл осындай мал шараушылығына қосқан үлестері үшін жылқышы Бәйтікке 1947 жылы 23 шілдеде СССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Одан бөлек, Бәйтік Зәуірбеков Ұлы Отан соғысы кезінде Жақсылық Қапалбаевпен бірігіп, әскерді атпен қамтамасыз еткен жандардың бірі.

Иә, Бәйтік сынды жылқышылардың сол жылдары елім деп жасаған игі істері бүгінгі ұрпақтың санасында мәңгі сақ талары сөзсіз. Оның адамгершілік болмысы мен қажырлы еңбегі үлгілі өнеге болып дәріптелуі тиіс.

Шаршы алаңның хас шебері

Иә, қанша жерден бойыңда тау қопаратындай күшің толып тұрса да, шаршы алаңда ақылға жүгініп, әр қадамыңды анықтап баспасаң, мінбенің биігіне шыға алмайсың. Дәл осындай сөздерді Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов бапкерінен сан мәрте естіген. Тек естіп қана қоймай, санасына мықтап түйіп алған. Былғары қолғап шебері 1972 жылы 1 қаңтарда Жақсылық ауылындағы Сағи мен Жәмилә Ыбырайымовтардың отбасында дүниеге келген. Ермахан Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектебінде оқып, 1979 жылы облыс орталығындағы А.С.Макаренко атындағы мектеп-интернатқа барып, алғаш рет бокс әліппесімен танысады. Оның алғашқы бапкері Бахшар Қарсыбаев болатын. 1987 жылы ол Алматыдағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы арнайы спорт мектеп-интернатына ауысты. Ермахан көптеген жаттықтырушылардан сабақ алған. Олардың қатарында Ә.Нұрмаханов, Х.Дүсіповтар бар. Кейіннен оған білікті бапкер Т.Еділов дәріс беріп, бар білгенін үйретті.

1994 жылы Ермахан Қазақстанның жеті дүркін чемпионы деген атаққа ие болған. Ал, 1995 жылы Римде өткен І Бүкіләлемдік әскери ойындардың чемпионы атанса, Ташкентте өткен Азия чемпионатында тұғыр биігінен көріне білді. 1996 жылы Атланта олимпиадасында қола жүлдені қанжығасына байлаған еңбекқор Ермахан одан соң Будапеште өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдесін, АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен Әлем чемпионатының қола жүлдесі мен Азия чемпиондығын екінші рет жеңіп алды. 2000 жылы омырауын қола мен күміс медальдарға толтырып, Сидней Олимпиадасына келді. Дәл осы сәтте боксшыға сенім артқандар көп болды. Ол сенім артығымен ақталды. Дәл осы байрақты бәсекеде Жақсылықтың жампоз ұлы ел мәртебесін биікке көтеріп чемпион атанды. Қазақтың Әнұранын ойнатып, көкбайрағын көкте желбіретті. Ермахан Сағиұлы Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері. Өзінің еңбек жолында Қазақстан құрама командасының бас бапкері, Олимпиадаға боксшылар даярлау орталығының директоры сынды маңызды қызметтерді атқарған азамат. Сонымен қатар, жерлесіміз І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, «Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты және ауданның Құрметті азаматы.

Арнайы бетті дайындаған: Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: