Ауған соғысы – жүректегі жара
Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шыққанына – 33 жыл. Қазақстаннан Ауған соғысына 22 000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты, 21 адам хабарсыз кетті. Бүгінгі таңда қазақ елінде 10 000-ға жуық Ауған ардагерлері бар. Олардың 3 000-ы мүгедектер қатарында. Соған қарамастан олар еш мойымай, өз батырлықтарын көрсете білді.
Апта басында Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектебінде «Ауған соғысы – жүректегі жара» атты Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті. Кездесуге Ауған соғысының алты ардагері келді. Олар: М.Таклышев, М.Мейманханов, Ж.Қалдабеков, О.Сұлтанов, Қ.Жазықбаев, Б.Қоқышев. Кеш барысы Ауған соғысы туралы бейнероликпен басталып, концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Кезек «Еркін микрофонға» жеткенде мектеп білім алушылары өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қоя отырып, өздеріне керемет әсер қалдыратындай жауаптар алды.
Білім алушылардың Отанға деген патриоттық сезімдері ерекше байқалды. Ардагерлер өз бастарынан өткен оқиғаларды ерекше тебіреніспен айтып, еріксіз көзге жас келтірді. Біз осы кездесуді ұйымдастырып отырған алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Е.Есжанов, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Ахылбекова, мектеп тәлімгері Г.Рысжанова мен мектеп білім алушыларына рақметімізді айтамыз.
Қазақтың жерін ешқашан бұлт торламасын.
М.Есімбекова,
Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектептің кітапханашысы.