Облыстық турнир Мешір Жанбосыновтың рухына арналды
Жақында Жақсылық ауылының тұрғыны болған арда азамат, спорт десе барлық жұмысын шетке ысырып қоятын ұлтжанды кәсіпкер, осы ауылдың жастарына парасатты ақылымен үлгі бола білген Жанбосынов Мешір (Сейітхан) Үсенқұлұлын еске алуға арналған волейболдан облыстық ашық біріншілік турнирі өтті. Турнирдің ашылу рәсімі Қызылпан Сұлтанбеков атындағы шағын орталықты орта мектепте өтіп, оған аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев, аудандық бұқаралық іс-шараларды дамыту орталығының директоры Жанат Бағылбеков, Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Атабаев және Жақсылық ауылының ақсақалдары Мелис Егембердиев, Наурызбай Түменбаев қатысып, сөз сөйледі. Турнирді ұйымдастырушылар негізінен Жанбосыновтар әулеті.
Турнирге 20 команда қатысты. Турнирдің жүлде қоры 200 мың теңгені құрады.Осы жиырмалықтың ішінен 4 команда суырылып алға шықты. Олар Жаңатұрмыс, Көкдөнен, Жақсылық және Тараз қаласының волейболшы командалары. Жүлделі төртінші орын Көкдөнен (20 000 мың теңге), үшінші орын Жаңатұрмыс ауылының командасына (40 000 мың теңге), бұйырды. Ал финалда тартысты ойын өрнегін көрсеткен Жақсылық және Тараз қаласының волейболшы жігіттері расында да шебер ойыншылар екен. Нәтижесінде тараздық жігіттердің мерейі үстем болды. Яғни жүлделі бірінші орынды тараздық жігіттер жеңіп алса (80 000 мың теңге), жүлделі екінші орын Жақсылық ауылының намысын қорғаған волейболшы жігіттерге (60 000 мың теңге) бұйырды. Бұдан бөлек әр номинация бойынша үздіктер анықталды.
«Жас ойыншы» номинациясымен Мейрамбек Әмірқұл (Жақсылық ауылы), «Үздік доп беруші» номинациясымен Есқожа Нұрманов (Көкдөнен ауылы), «Көрермен көзайымы» номинациясымен Әділ Кенжебеков (Байзақ ауданы), «Үздік тосқауыл қоюшы» Александр Хакимов (Тараз қаласы), «Ардагер ойыншы» Жанат Сабалақов (Жақсылық ауылы), «Үздік қорғаушы» Нұрым Нұрманов, (Көкдөнен ауылы), «Үздік шабуылшы» Дастан Құдайберген (Жақсылық ауылы), «Үздік ойыншы» Сәулет Әлденбай (Жаңатұрмыс ауылы) марапатталды.
М.Жолдасбекұлы.