Спорт – денсаулық кепілі
Дене тәрбиесі жалпы мәдениеттің бір бөлігі болғандықтан, қоғамның кез келген саласында спорттық іс-шаралардың өтуі – заңды құбылыс. Соның айғағы ретінде Максим Горький атындағы орта мектепте дене шынықтыру пән бірлестігі айлығының іс-шаралар жоспарына сәйкес, пән бірлестіктері мұғалімдері арасында «Спорт – денсаулық кепілі» тақырыбында эстафеталық жарыс ұйымдастырылды. Жарыстың мақсаты – мектеп мұғалімдері арасында бірлікті нығайта отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру. Мектеп директоры Озипа Лесбекқызы аталмыш іс-шараға қатысып, командаларға сәттілік тіледі.
Іс-шараға мектеп әкімшілігінен құралған «Бірлік», бастауыш пән бірлестігінен «Барыс», қазақ тілі мен әдебиеті пән бірлестігінен «Жеңіс», орыс тілі мен әдебиеті пән бірлестігінен «Лидер», ағылшын тілі пән бірлестігінен «LUCKY», математика-физика пән бірлестігінен «Көңілді спортшылар», тарих пән бірлестігінен «Адреналин», мектептің кіші қызметкерлерінен құралған «Жауқазын» топтары қатысты. Пән бірлестіктері мұғалімдерінен құралған командалар секіртпемен секіру, допты алып жүріп себетке лақтыру, тир ату, теннистік ракеткамен шарды алып жүру, арқан тарту бойынша жарысып, сынға түсті. Жарыс тартысты өтті. Арнайы топтан құралған әділқазы мүшелері жарысқа қатысушы командалардың іс-әрекеттерін жіті бақылай отырып, өздерінің бағаларын қойып отырды. Нәтижесінде мектеп әкімшілігі құрамындағы «Бірлік» тобы» І орынды иеленсе, орыс тілі мен әдебиеті пән бірлестігі мұғалімдерінен құралған «Лидер» тобы ІІ орынды қанжығасына байлады. Ал ағылшын тілі пән бірлестігінің «LUCKY» командасына ІІІ орын бұйырды. Басқа қатысушы командалар Алғыс хаттармен марапатталды.
Айгүл Жарылқасынова,
Максим Горький атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.