Б.Сапарбаев: Жер — халық игілігіне жұмыс істеуі тиіс
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Т.Рысқұлов ауданына жұмыс сапары көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысудан басталды.
Аймақ басшысы «Жамбыл БТТ» шаруа қожалығының, «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-нің жұмыстарын, техникаларын көріп, жергілікті шаруалармен кездесті.
Диқандар ауа райының жылылығын пайдаланып, дала жұмыстарына ертерек кіріскен. «Жамбыл БТТ» шаруа қожалығының төрағасы Темірбек Байкулиев заманауи технологиялар арқылы жүздеген гектар алқапты суғарып, мол өнім алуға ниетті екенін айтты.
Қожалықтың 4 135 гектар жері бар. Егістік алқапты негізінен жаңбырлатып және тамшылатып суғарады. Одан бөлек, жеті ұңғыма қазып, электр желісін тартып, дайындап үлгерген.
Жалпы, аудандағы егістік жер көлемі 150 352 гектарды құрайды. Бүгінге дейін 131 мыңнан астам гектарға дәнді-дақыл себіліп үлгерген.
Облыс әкімі биыл да су тапшылығы туындау мүмкін екендігін атап өтіп, сондықтан қазірден алдын алу жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына тоқталды.
– Қазір арқаны кеңге салып жүретін уақыт емес. Жағдайды өздеріңіз де көріп отырсыздар. Ылғалдың түсуі өте төмен. Жауын-шашын жаумады десек те болады. Сол себепті, қазірден қам жасап, барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек. Ұңғымалар қазып, жерасты суын игеріп, жаңбырлатып және тамшылатып суғару технологияларын көптеп енгізу қажет. Егер аудандағы 192 ұңғыма тазаланып, аршылса, мыңдаған гектарды суғаруға болады. Кейін сан соғып қалмас үшін, қазірден осы жұмыстарды қызу атқару керек, – деді Бердібек Сапарбаев.
Бұдан кейін аймақ басшысы Ақыртөбе ауылдық округінің әкімі Бауыржан Ахметовтің Малдыбай ауылы тұрғындарының алдындағы есеп беру кездесуіне қатысты.
Округ әкімі Мемлекет және облыс басшылығының қолдауымен өткен жылы ауқымды жұмыстар жүргізілгенін жеткізді.
– Егін шаруашылығы бойынша 2021 жылы 570 гектар жерге күздік бидай, 563 гектарға жаздық арпа егіліп, ойдағыдай өнім алынды. Округ бойынша 1 жылыжай жұмыс істеп тұр. Өткен жылы Ақыртөбе ауылдық округі бойынша 147 тұрғын жұмыспен қамтылды. 18 тұрғын қайтарымсыз грант алып, шаруаларын тіктеп, табыстарын арттыруда. Бұдан бөлек 4 тұрғын жеңілдетілген несиеге қол жеткізді, – деген баяндамашы басқа да салаларда атқарылған жұмыстарды, шешімін күткен мәселелерді баяндады.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары бірқатар мәселелерді көтерді. Солардың негізгісі – жер мәселесі. – Ауыл халқының дені мал шаруашылығымен айналысады. Ал жері жоқ шаруа қалай күн көреді. Бос жатқан жерлерді анықтау мақсатында тиісті басқармалар зерделеу жұмыстарын жүргізді. Сонда қолында малы жоқ адамдардың жүздеген, мыңдаған гектар жерге иелік етіп отырғаны белгілі болды. Олай болмайды. Жер – халық игілігіне жұмыс істеуі тиіс. Біз мал басын көбейту керектігін айтамыз. Егер жайылым жоқ болса, шаруалар мал басын қалай көбейтеді?
Арнайы жер картасы жасалып, халық қай жерде жайылым, қай жерде егістік жер барын біліп отыруы керек. Пайдаланусыз жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс, – деді Б.Сапарбаев.
Аймақ басшысы Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорнының тыныс-тіршілігімен танысып, жұмысшыларымен кездесті. Жобалық қуаты жылына 500 шақырым рельс дәнекерлеуге арналған кәсіпорын еліміздегі осы бағыттағы санаулы нысандардың бірі.
Кәсіпорында ұзындығы 800 метрге дейінгі жаңа түйіспесіз және ескі жарамды рельстерді дәнекерлеу жұмыстары орындалады. Сондай-ақ, арнайы жылжымалы машинамен рельстерді теміржол үстінде де дәнекерлеу мүмкіндігі бар. Мұнда 300 адам жұмыспен қамтылған, олардың орташа жалақысы 200 мың теңге көлемінде.
Облыс әкімі кәсіпорынның жұмысына оң бағасын беріп, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына, еңбек қауіпсіздігіне көңіл бөлді.
Аймақ басшысының аудандағы жұмыс сапары актив жиынында қорытындыланды.
– Аудан әкімінің жұмысы нашар. Халықпен байланыс жоқ. Егер, аудан әкімдері тұрғындармен жиі кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, талап-тілегін тыңдаса, ешқандай мәселе туындамайды.
Жалпы, ауданда мәселе көп. Құрылыс сапасы сын көтермейді. Қылмыс санында өсім бар. Бір ауданда жарықтың тарифі неге екі түрлі? Бірі 26 теңгеден төлесе, енді бірі 15 теңгеден төлейді. Мұны қалай түсінуге болады?!
Көктемгі дала жұмыстары барысында ауа-райының жауын-шашынсыз екендігін ескеріп, суды аз қажет ететін дақылдардың аумағын арттыру керек.
Алдағы мерекелерді жоғары деңгейде ұйымдастыруға назар аударыңыздар. Халыққа рухани серпіліс сыйлау қажет, – деген облыс әкімі аудан әкімінің әр сала бойынша орынбасарларынан жеке-жеке жауап алып, аудан басшысына нақты міндеттер жүктеді.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.