Қорағаты ауылы тұрғындарының жер дауларын заңға сәйкес түпкілікті шешу қажет

707 Views

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Т.Рысқұлов ауданына жұмыс сапары барысында Қорағаты ауылының тұрғындарымен арнайы кездесті.
Кездесуде ауыл тұрғындары жер мәселесін көтерді. Олар «Қорағаты» ЖШС-нен өз еріктерімен шығып кеткенімен, өздеріне тиесілі жерді қайтара алмай жүргендерін жеткізді.
Сондай-ақ, кездесуде ауыл тұрғындарының бірнеше ЖШС-нің айналасына топтасып, өзара келісімге келе алмау мәселесі байқалды.
Бұл мәселе БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде бірнеше рет көтерілген.
– Біздің ауылымызда ауыз су, газ, мектеп, дәрігерлік қызмет барлығы шешілген. Бірақ, кейінгі кездері елімізде іріткі салушылар көбейді. Соның салдарынан жер даулары туындауда, – деді ауыл тұрғыны Жорабек Әнуарбекұлы. Аймақ басшысы ауылдықтардың өтініштерін мұқият тыңдап, бұл мәселені жан-жақты зерделеу керектігін атап өтті.
– Осыдан бір жарым жыл бұрын әрбір елді мекенді тексеріп, оның аумағындағы жерлерді зерделеу бойынша тапсырма берілген болатын. Әр ауылдық округте қанша мың гектар жер бар, оның қаншасы жайылым, шабындық немесе егістік екенін анықтап, сол бойынша жердің картасын жасау керек. Игерусіз жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, оларды мақсатты пайдалануға тиіспіз.
Елді мекен маңындағы жайылымдарды үйлердегі малдардың санына қарай ыңғайлауымыз керек. Төрт түліктің басым бөлігін ауылдың сыртындағы жайылымға апарып бағу қажет. Шаруа қожалықтарға да жер малдарының санына қарай беріледі.
Аудан әкімі, тиісті бөлім осы жұмыстарды дұрыс ұйымдастырып, орындағанда, мұндай мәселе туындамас еді. Халықпен кездесіп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары нашар жүргізілген. Бұқаралық ақпарат құралдарымен, әлеуметтік желімен жұмыс жасау керек, – деген Бердібек Сапарбаев бәрі заң аясында жүзеге асуы тиіс екендігін баса айтты.
Облыс әкімі ауылдықтардың мәселелері бойынша жауаптыларға комиссия құрып, зерделеу шараларын жүргізіп, бір апта ішінде нәтижесін баяндауды тапсырды. Аталған комиссия құрамына жер қатынастары басқармасы, құзырлы органдар, аудан әкімдігінің өкілдері, ауыл азаматтары енеді.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: