858 Views
Өткен аптада аудан әкімінің ауыл әкімдерімен бірлескен есебі Құлан ауылында да өтті. Құлан жоғары агротехникалық колледжінің үлкен акт залында өткен жиында ең бірінші болып есепті Құлан ауылдық округінің әкімі Еркін Сейтжапаров берді. Ізінен мінбеге аудан әкімі шығып, ол да өңірде жүргізілген жұмыстарды толық баяндады. Атап айтар болсақ, аудан басшысы экономика және қаржы, ауыл шаруашылығы сынды салаларға тоқталып, бөлшек сауда айналымы, негізгі капиталға салынған инвестициялар, құрылыс жұмыстарының нақты көлемін айқындап берді. Сондай-ақ, өткен жылы Құлан ауылдық округінде іске асырылған бастамаларға өзіндік бағасын беріп, бірқатар бағдарламалар арқылы жүргізілген жұмыстарға тоқталды. Жалпы өткен жылы Құланға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» атты бағдарламасы оңтайлы болған секілді. Неге десеңіз, аталмыш бағдарлама арқылы округте бір емес, бірнеше жоба қолға алынған. Ол жобаларға 149,8 млн. теңге көлемінде қаражат жұмсалған. Соның бірі – Шөңгер ауылын газбен жабдықтау. Айта кетейік, бұл бағыттағы жұмыстарға 97,1 млн. теңге көлемінде қаражат жұмсалған. Ал қалған қаражат, яғни 52,7 млн. теңге «Арай» тұрғын алқабындағы көп қабатты үйлердің кәріз жүйесінің құрылысына жұмсалып, тиісті жұмыстар жүргізілген. Қос жобаның негізінде 28 жұмыс орны ашылған. Оның 10-ы тұрақты болса, 18-і уақытша жұмыс орындары.
Қос бірдей әкімнің есебінен кейін жиын «сұрақ-жауап» кезеңіне ұласты. Тұрғындар екі баяндамашыны да мұқият тыңдаған болуы керек. Әкімдерге көп сауал жолдамады. Тек округке қарасты Қарақат ауылының тұрғындары ғана аудан әкіміне мектеп төңірегіндегі мәселені көтерді. Ардақ Кульчиков есімді ауыл тұрғыны мектепке қатысты біраз дүниені жиын барысында баян етті.
«Мен мектептің және аудандық ата-аналар кеңесінің төрағасымын. Сондықтан да, ауылымыздағы білім ошағының бүгінгі жай-күйі ата-ана ретінде мені қатты алаңдатады. Шындығын айту керек, біздің ауылдағы мектептің тозығы әбден жетті. Салынғанына 60 жылдан астам уақыт болған №2 шағын орталықты орта мектебі бүгінгі білім стандарттарына мүлдем сәйкес келмейді. Не акт залы, не спорт залы жоқ. Тіпті, асханасы да жоқ деуге болады. Соның салдарынан балаларымыз дұрыс тамақтана алмай жүр. Жуырда СЭС мамандары осы асхананы тексеріп, мектеп басшылығына қомақты қаражат көлемінде айыппұл салып кетіпті. Біздіңше, бұл – әділетсіздік. Тозығы жеткен мектепке неге мұғалімдер жауап беруі тиіс. Қазір сіздің баяндамаңыздан тозығы жеткен мектеп жөндеуден өтетіндігін естіп отырмыз. Біз ауыл болып бұған қарсымыз. Неге? Себебі, біздің ауылымызға жаңа мектеп керек. Сонда ғана балаларымыз заманауи үлгіде салынған мектепте оқи алатын болады. Бүгінде мектеп ғимаратының ескілігінен және сапалы білім алу мақсатында 45-ке жуық ауыл баласы сыртта оқып жүр. Бұл ата-ана үшін үлкен шығын» – деп өз ойын ортаға салды.
Жүгі ауыр сауалға аудан әкімі толыққанды жауап қайтарды. «СЭС мамандарының бұл әрекеті былтыр да қозғалған болатын. Бұл бассыздықты доғару қажет» деп аталмыш басқарманың басшысын жиыннан іздеді. Бірақ, Құлан ауылындағы жиынға ол мекемеден бірде-бір адам келмепті. Өкінішті-ақ, «Мен ол мектептің мәселесіне толығымен қанықпын. Шындығын айту керек, сіз көтерген жаңа мектеп соғу мәселесі өте күрделі. Оған қомақты қаражат қажет. Бірақ, биыл мектепке күрделі жөндеу жүретін болады. Дегенмен, жаңа мектеп мәселесін зерделеп, осы бағытта жұмыс жасап көрейік» деп ауылдағы бала санының өсу динамикасын зерттеп көруді ұсынды. Сондай-ақ, аудан басшысы ауылдағы мектепке барып, мәселемен жеке танысып шығатынын жеткізді.
Жәнібек СҰЛТАН.
Поделиться ссылкой: