Д.Қонаев ауылына балалар бақшасы қашан салынады?
Аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың есепті жиналысы Көгершіннен кейін Д.Қонаев ауылында өтті. Д.Қонаев ауылы – Ақниет ауылдық округінің орталығы. Округке қарасты тағы бір елді мекен бар. Ол – Әбілхайыр елді мекені. Ақниет ауылдық округінің әкімі Нұрдос Тұрабаев пен аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың есепті жиналыстары №5 шағын орталықты орта мектебінде өтті.
Біз газетте аудан әкімінің есебінің тезистік нұсқасын жарияладық, білесіздер. Сондықтан бәрін қайталап айта бергеннен гөрі, бұл ауылға не керек, соны айтайық.
Алдымен жолдың жайын айтайық. Д.Қонаев ауылына баратын жолды көзімізбен көрдік. Кедір-бұдыр. Ол тұтастай жөнделеді. Жолдың жөнделетінін аудан әкімі де өз баяндамасында атап өтті. Мектеп жаңа. Медициналық пункт те жаңа. Газдың мәселесі. Иә, рас, талай жылдан бері көмір жағып, күл шығарып, газдың азабын тартудай-ақ тартты бұл ауылдың тұрғындары. «Жыр болған» мәселе былтыр оң шешімін тауып, бұл ауылдық округке газ келді. Мына жеңілдікті айтуымыз керек. Мәселен, Қарақыстақ ауылдық округінің тұрғындары газды 360 мың теңгеден кіргізсе, ал, Ақниет ауылдық округінің тұрғындары 150 мың теңгеден кіргізген. Бұл деген үлкен жеңілдік расымен де. Қай ауылға осылай жасалды? Кешіріңіз, біз, білмейміз.
«Ақниеттіктер енді ауылға жаңа балабақша салынса?» дейді. Бұл сұраққа аудан әкімі: «Қазір балабақша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынады. Бірақ мемлекет тарапынан кәсіпкерге үлкен қолдау көрсетіледі. Яғни, әр балаға ай сайын 45 мың теңгеден қаражат бөлінеді. Тек, соны салуға құлықты кәсіпкер болса, болғаны. Шүкір, елімізде бастамашыл азаматтар жетерлік. Тек, ауыл әкімі жұмыс істеуі керек бұл жерде» деп жауап берді тұрғындарға. Жиын соңында Ақниет ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Есен Бекенов сөз сөйлеп, қос әкімнің есебіне «қанағаттанарлық» деген баға берді.
Марат Диханбай.