Көшесі 100 % асфальттанған ауылда мәселе жоқ емес

464 Views

Өткен жылы тоғыз жолдың торабында орна­лас­қан Луговой ауылдық округінде іске асырылған ілкімді істер өте көп. Солардың бірі – көше жолдарының ретке келуі. Шындығын айту керек, былтыр Луговойда көшелердің біра­зына жол төселді. Оның 13-і «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнде­ліп, іске асырылды. 13,8 шақырымды құрай­тын 13 көшенің жөндеу жұмы­сына бюджеттен 261,3 млн.теңге бөлінген болатын. Бұл – бір. Екіншіден, Луговой ауылында су жаңа спорт кеше­ні­нің құрылысы жүргізіліп, оған 369 млн.теңге көлемінде қыруар қаражат бөлінді. Қазіргі таңда нысанның құ­рылыс жұмыстары аяқталып, кем-кетігі ретке келтіріліп, жуық арада пайдалануға берілмек.
Аудан орталығында «Арай» тұрғын үй алқабы соғылып жатқанын біз жақ­сы білеміз. Оған қоса облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша да мұқтаж жандарға үйлер берілуде. Айта кетейік, аталған жоба аясында өткен жылы 14 мұқтаж отбасыға баспана кілті табысталған. Бірақ аталмыш жұмыстардың бар­лығы аудандағы баспанаға мұқтаж жандардың үйлі болуы үшін жеткіліксіз. Сондықтан да дәл қазір Луговойда жер телімдерін үлестіру үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – Луговой ауылындағы 1 және 2 кезектегі тұрғын үй алқаптарына электр желісі­нің құрылысын жүргізу. Тілге тиек етейік, бұл бағытта бюджеттен 708 млн.теңге қаражат бөлінген.
Аталмыш мәліметтердің барлы­ғы аудан әкімі мен ауыл әкімінің Луговой ауылында өткен есепті жиын­да айтылды.
Жалпы жиында луговойлықтар аудан әкіміне бірнеше сауал жолдады. Атап айтар болсақ, Тұрар Рысқұлов мектеп-лицейіне жапсарлас ғимарат соғу, көшені абаттандыру жұмыстарын жалғастыру, жаяу жүргіншілер жолын салу, жол белгілерін қою, кеден қызметкерлеріне арналып салынған үйлерді мұқтаж жандарға беру, вокзал алаңын көріктендіру, дренаждарды тазарту, балалар алаңын соғу, өткел жолын жөндеу сынды мәселелер көтерілді.
Жалпы жиын соңында ауыл тұр­ғындары аудан әкімінің және ауыл әкімінің жұмысына көңілі толатынын айтты.

Жәнібек Базылбек

Поделиться ссылкой: