Кеңейтілген отырыс өтті
13 ViewsКеше аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Тұрар Рысқұлов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен өткен кеңейтілген отырысқа Жамбыл…
Бүкіл ауыл ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан, есік алды мен ауыл аумағын тазартудан бастайтын ұлы мерекелердің бірі – Наурыз мейрамы. Сондай-ақ, дәл осы күні су ағарлар тазаланып, оған «тіршілік көзі» жіберіліп, оның жағасына ағаш пен гүл отырғызылатын. «Жығылғанға жұдырық» демекші, бұл жағдайға екі жыл бұрын көрші елден келген кесапатта айтарлықтай өз кесірін тигізді.
Жалпы Наурыз мейрамы дәстүр бойынша ұлттық ойындармен, ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, «Қызғалдақ» мерекесімен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете беретін де, түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы тамашамен аяқталатын мереке. Сондықтан да ол халық арасында үлкен сұранысқа ие. Аталмыш мерекені тек біздің халық тойлайды десеңіз, қателесесіз. Бұл мейрам бүкіл ұлтқа ортақ.
Наурыз парсы, кавказ және түрік халықтарының арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Ол Иранда 21 наурызда, Орталық Азия елдерінде және Әзірбайжанда, мемлекеттік мереке ретінде Тәжікстанда және Қазақстанда, Өзбекстан мен Түркияда аталып өтіледі. Көне мейрам болғандықтан, Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүниежүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер «патрих», бирмалықтар «су мейрамы», тәжіктер «гүл гардон», «бәйшешек», «гүлнаурыз», хорезмдіктер «наусарджи», татарлар «нардуган», буряттар «сагаан сара», соғдылықтар «наусарыз», армяндар «навасарди», чуваштар «норис ояхе» деп түрліше атаған.
Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы ол «діни мейрам», «ескілік сарқыншағы» деп танылып тоқтатылды. Бірақ Қазақстанның бар аумақтарында жасырын түрде сақталып қалды. 1988 жылдан бастап Алматы қаласында, республиканың көптеген аудандарында Наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады.
Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр баба аралайды. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырған. Ал әйелдер болса құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен қауышуды білдіреді. Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Ал ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған.
Қарап отырсақ, бұл мейрамның өзіндік ерекшелігі бар. Ал тарихының маңыздылығы өте тереңде жатыр деп есептеймін. Ендеше ызғарлы қыстың кетіп, жаңа өмірдің, тіршіліктің қайта басталғанын неге кең көлемде атап өтпеске?! Бұрынғы бабаларымыздай жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап, қайырымдылықтың нағыз үлгісін көрсетіп, Наурыз көжені ортаға алып, бас қосайық, ағайын! Себебі, Наурыз – береке мен бірліктің бастауы. Ұлыс оң, ақ мол болсын!
Жәнібек СҰЛТАН.