Билер кеңесі мен медиация жұмысын жандандыру қажет

610 Views

Сәрсенбі күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жиын өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев, аудандық соттың төрағасы Айдарбек Замбаев, ардагерлер мен билер кеңесінің мүшелері қатысты. Сондай-ақ, жиынға ауылдық округ әкімдері, құзырлы орган өкілдері қатысып, пікір тоғыстырды.

Жалпы билер кеңесі мен медиацияның көздеген бағыты – бір. Қос тарап та елді ынтымаққа, бірлікке шақыруға үндейді. Ол аз десеңіз, ауыл ағайындары арасында болған даулы жағдайды оңтайлы шешуге өз ықпалын тигізеді. Бір сөзбен айтқанда, істің сотқа дейін жетпеуіне барынша атсалысады. Басты мақсаты да, көздеген бағыты да – осы. Бірақ неге екені белгісіз, біздің ауданда бұл бағыттағы жұмыстар сылбыр әрі баяу жүзеге асуда. Тіпті, облыс бойынша көш соңында келеді екенбіз. Бұл туралы жиында аудандық соттың төрағасы Айдарбек Замбаевтың өзі мәлімдеді. Тұралап тұрған тірлікті тірілту, жұмысты жандандыру, оны әрмен қарай ілгерілету мақсатында дәл осындай семинар-кеңес ұйымдастыруды жөн деп тапқан екен сот төрағасы.
– Шыны керек, біздің аудандағы аталмыш жұмыстар кенже дамып келеді. Соған бір серпіліс беру үшін осында жиналып отырмыз. Менің ойымша ауылдық округ әкімдері, билер кеңесі мен медиация мүшелері біріксе, бұл жұмысты дұрыс бағытқа қойып, жоспарлы түрде жүргізе аламыз деген сенімдемін, – деп Жуалы секілді көрші аудандардың жұмысын үлгі ретінде келтірді. Ондағы оң бастамалар жайында кең мағлұмат беріп, жиналған көпшіліктің сауалдарына құлақ түрді.
Жиын барысында бірнеше азаматтар сот төрағасына сан түрлі сауал жолдады. Солардың бірі – Үмбет Жанәділов. Қарақат ауылының тұрғыны аудандағы ерлі-зайыптылардың ажырасуын азайту керектігін, мейлінше ортада қалатын балалардың болашағын ойлау қажет екенін алға тартты. Сәйкесінше осындай дау-дамайларды шешуге құзырлы органдарда да атсалысса деген өтінішін жеткізді. Қарияның ұсынысын құптаған төраға осы орайда ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстарын жүйелеу керектігін сөз етті.
Жиында билер кеңесі мен медиация мүшелеріне арнайы куәлік беру, заңдық талаптарын кеңінен ұғыну мақсатында дәл осындай семинар-тренингтерді көптеп өткізу сынды ұсыныстар айтылып, бірлесе жұмыс істеуге қарсы емес екендіктерін жеткізді.
Айта кетейік, жиын барысында ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов пен билер кеңесінің төрағасы Серік Өтегенов те сөз сөйлеп, бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: