Алғыс айтқым келеді

797 Views

РЕДАКЦИЯДАН: Ауданның айнасына айналған «Құлан таңы» газетінің ғимаратына оқырмандарымыз жиі қайырылып немесе жұмыс телефоны арқылы хабарласып тұрады. Айта кетейік, оқырмандарымыздың басым бөлігі біздің басылым арқылы білікті мамандардың атқарған ісіне ризашылығын білдіргісі келетіндер. Сондай жандардың бірі – Жанаткүл Базкейқызы. Өзін «Құлан ауылының тұрғынымын» деп таныстырған оқырманымыз аудандық орталық аурухананың бір топ қызметкерлеріне алғыс айтқысы келетінін жеткізді. Ендеше, сіздердің назарларыңызға оқырманымыздың хатын ұсынамыз.

Адам өміріне араша түсетін дәрі­герлік мамандықты таңдау – үлкен жауапкершілікті жүктейді. Себебі дәрігер адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайдағы науқастан жиіркенбейтін, қаннан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек. Сенесіздер ме? Мен дәл сондай жандарды жақсы білемін. Ондай абзал жандарды іздеп, алысқа барудың еш қажеті жоқ. Аудандық орталық аурухананың ішіне үңілсеңіз жеткілікті.
Осыдан бірнеше уақыт бұрын қатты ауырдым. Толассыз тексерулерден кейін бойыма көрші Қытай елінен келген індет енгені белгілі болды. Атың өшкір ауруды қайдан, қашан, қалай жұқтырып алғанымды білмеймін. Бірден жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылдым. Ауыр халде түскендіктен, ақ халатты абзал жандар бірінші күннен бастап-ақ, емдеу шараларын бастап кетті. Көрер қызығымыз алда екен. Ауыр індетті жеңіп шықтым. Осы орайда бар білгенімен бөлісіп, емдеу шараларына барынша атсалысқан жақсы жандарға ерекше алғыс айтқым келеді.
Соның бірі – Гүлзат Жалғасқызы Алимбердиева. Жалпы тәжірибелік дәрігер болып қызмет атқаратын Гүлзат Жалғасқызының көп көмегі тиді маған. Сондықтан да өз ісінің нағыз білгірі әрі маманына басымды иіп раһмет айтқым келеді. Сондай-ақ, аудандық орталық аурухананың реаниматолог-дәрігерлері Ерлан Ергешұлы Назарқұлов пен Есбол Сәрсенбайұлы Көрпетаевты да ерекше атап өтіп, алғыс арқалауға лайықты азаматтардың тізіміне қосқым келеді. Аты аталған азаматтар да өз ісін нақты білетін, өз мамандығын сүйетін жандар деп білемін.

Жанаткүл БАЗКЕЙҚЫЗЫ,
Құлан ауылының тұрғыны.

Поделиться ссылкой: