Тіл – ұлы құдірет
Айта берсек, қазақ тілі туралы проблема көп. Жаза берсең, таусылмайды да. Қай кезде болмасын, тіл мәселесі – сол тілде сөйлейтін, сол тілден сусындайтын ұлттық, ділдік белгісі болып саналатын халықтың мәселесі. Яғни, қазақ тілінің мәртебесін барлығымыз бірігіп, көтеруіміз керек.
Әрбір халықтың Ана тілі бар десек, өз ана тіліміздің әрбір дыбысы мен жалғау-жұрнағы өзіндік мәнге ие. Халқымыздың біртуар перзенті Мағжан Жұмабаев «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы» деп еді ғой заманында. Біз осыдан не түйдік?
Рас, шапса аттың тұяғы тозатын, ұшса құстың қанаты талатын кең байтақ жеріміз, әлемдегі ең құнарлы Ана тіліміз бар. Қаншама ел тәуелсіздік ала алмай, «жер кезіп» жүр. Соған қарап, шүкір деуіміз керек. Бүгінгі ұрпақ мақтанғысы келсе, артында осындай құндылық қалдырып кеткен бабалар ісімен мақтануы тиіс. Қайдағы жоқты айтып, бөсіп мақтанғанша… Осы тұста Бауыржан Момышұлы атамыздың «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген сөзі ойға оралады. Мемлекеттік тілімізді сақтап қалу үшін, ілгері дамытуымыз үшін бәрімізге ұлттық сана қажет алдымен. Бұл мәселеде мемлекеттің де идеологиялық саясаты дұрыс болғаны жөн.
Ана тіліміздің көсегесін көгерту әрбір қазақстандықтың өз қолында. Пәленбай қазақ тұрып, бір өзге ұлт өкілі кездесіп қалса, «орысша күмбірлейміз». Өзгелер сөйте ме? Әй, қайдам? Өзгенің емес, қазақтың тілін ұлықтасақ, дұрысы сол болмай ма?..
Зухра Пернебекова.