Жер беру жұмыстарын жеделдету қажет

394 Views

ӨТКЕН АПТАДА АУДАН ӘКІМДІГІНІҢ ҮЛКЕН МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТІ ОН АЛТЫНШЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ. ОҒАН ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫНАН БӨЛЕК АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ БАУЫРЖАН ЕСЕЕВ БАСТАҒАН БІРҚАТАР БӨЛІМНІҢ БАСШЫЛАРЫ МЕН АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРДІҢ ӘКІМДЕРІ ҚАТЫСТЫ.

Күн тәртібінде көптеген мәселелер қаралды. Соның ең алғашқысы – әлеуметтік сала аясында өрбіді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен аз қамтылған жандарға жасалып жатқан жұмыстарды аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айхан Назарбеков толықтай баяндап шықты. Бөлім басшысы өз баяндамасында көрсетіліп жатқан көмектер мен игі бастамаларды қамтып өтті. Халық қалаулылары тарапынан аталмыш бөлім басшысына бірнеше сұрақтар қойылды. Соның ең алғашқысын Айнұр Баймұратова жолдады. Аты аталған мәслихат депутаты маңызды әлеуметтік нысандарға орнатылған пандустардың талапқа сәйкес келмейтінін сөз етті. Бұл пікірді қостаған Қанатбек Арыстанбеков аталмыш олқылықты соңғы екі-үш жылда қозғап келе жатқанын айтып, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Есеевке мәселе төркініне терең үңіліп, басты назарда ұстауды өтінді. Сондай-ақ, жиында депутат Серік Дәлібаевтың бастамасымен мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдайтын инватаксидің мәселесі де қозғалды. Аталмыш мәселе бойынша бөлім басшысы Айхан Назарбеков бір мекемеге екі көлік тіркеуге қойылмайтындықтан, одан бас тартуға тура келгенін айтты. Дегенмен, аудан көлемінде инватакси қызметі өз деңгейінде қызмет атқарып жатқанын жеткізді. Тіпті, бөлім басшысы көлікпен қатар оған арнайы диспетчер маманы да бекітілгенін айтты. Жиында әлеуметтік саладан кейін Құмарық және Көгершін ауылдық округтерінің дамуы, бүгінгі тыныс-тіршілігі жан-жақты қаралды. Ондағы атқарылып жатқан ауқымды тірліктерді баяндау үшін қос округтің әкімдері Болат Мансұр мен Ержан Айдарханның есептері тындалды. Өз баяндамаларында ауыл шаруашылығы, білім, спорт, мәдениет, әлеуметтік салаларды қамтыған әкімдер ауылдағы проблемаларды да ашық айтты. Атап айтар болсақ, Құмарық та тұрғын үй салу үшін жер телімін беру өзекті мәселе болса, көгершіндіктерді ауыз судың бүгінгі жағдайы алаңдатып отыр екен. Сондай-ақ, депутаттар қос ауылда балалар жылын дұрыс деңгейде өткізу, жастармен жұмысты жандандыру, көше жолдарын жөндеу сынды мәселелерді назарда ұстау керектігін айтты. Әсіресе, 2007 жылдан бастап тірлігі тұралап тұрған жер телімін беру мәселесін тез арада шешіп, тұрғындарға үлестіру жұмыстарын жаңғырту қажеттігін жеткізді. Бұл пікірге Абай ауылдық округінің әкімі Мұратбек Арыстанбеков те қосылды. Себебі, дәл қазір аталмыш ауылдан жер алуға өтініш білдіретіндердің де қа­тары көбейген. Сондай-ақ, округ әкімі өз ауылы аумағындағы жаяу жүргіншілер жолының жұмысы да екі жыл бойы тоқ­тап тұрғанын да сөз етті. Бұл мәселені дереу арада шешу керектігін айтып, аудан әкімінің орынбасарына өз өтінішін жол­дады.
Жиында соңғы болып мінбеге құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ернар Бағылбеков шықты. Оның алдына халық қалаулылары «Арай» тұрғын үй алқабында салынып біткен 80 пәтерлік тұрғын үйдің төңірегіндегі су, жылу, кәріз жүйесімен қамту мә­селесін қойды. Сонымен қатар, Қарақат ауылындағы №2 шағын орталықты орта мектебінің ескі екендігін сөз еткен депутат Айнұр Баймұратова жаңа бі­лім ордасын салу мәселесі то­лығымен қашан шешілетінін сұрады. Бұл сауалға бөлім басшысы аталмыш бағыттағы жұмыстар 2013 жылы бас­талып, зерделеуден өтіп, сот шешімімен өндірістік жұмыстар тоқтатылғанын айтты. Сол себепті де, Ернар Жанатұлы жаңа мектеп салу жұмысы болашақта қалай өрбитінін білмейтінін жеткізді. Мәслихат депутаты Серік Дәлібаев та құрылыс саласына қатысты бірқатар сауал жолдады. Нақтысын айтар болсақ, халық қалаулысы мал өлексесін тас­тайтын орынның аздығын, қаңғыбас иттерді ұстайтын арнайы орынның жоқтығын, ветпункттерді соғу немесе оларға жөндеу жұмыстарын жүргізу сынды мәселелерді көтерді. Оның айтуынша, бүгінде бұл мәселелер өте өзекті. Себебі дәл қазіргі таңда иттерді атуға заң рұқсат бермейді екен. Мәселені егжей-тегжейлі түсіндірген депутат «аталмыш мә­се­лелерді ретке келтіру үшін қаражат бөліне ме?» деп аудан әкімінің орынбасары мен тиісті сала басшысына сауал жолдады. Ернар Жанатұлы бұл мәселелерді басты назарда ұстап отырғанын жеткізді.
Сессия жұмысын аудан әкі­мінің орынбасары Бауыржан Есеев қорытындылады. Ол өз сөзінде қолдау білдіруді сұрап, бірлесе жұмыс атқаруға мүдделі екенін жеткізді.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: