Азық-түлік бағасын ұстап тұру – Бірінші кезектегі маңызды мәселе

406 Views

Сенбі күні Үкіметтің цифрлық кеңсесінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу, сондай-ақ, АЭА жұмысының тиімділігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы кеңес өткізді.

Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 0,9%-ды құрағанын айтты. Пияз 7,2%-ға, сәбіз 2,6%-ға, қырыққабат 2,5%-ға, картоп 2,2%-ға, сүт 1,8%-ға, құс еті мен айран 1,6%-ға, қант 1,1%-ға қымбаттады. Өңірлер бойынша бағаның ең көп өсуі Маңғыстау облысында 2%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында 1,9%-ға, Ақмола және Қызылорда облыстарында 1,5%-дан тіркелді. Жыл басынан бері бағаның өсуі 12,4%-ды құрады.
«Біз бөлшек сауда нысандарының рұқсат етілген сауда үстемесін сақтауы бойынша жергілікті атқарушы органдарды үйлестіруді жалғастырып жатырмыз. Мәселен, өткен аптада үй жанындағы 30,8 мың дүкенде, яғни сауда объектілерінің 73%-ында рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Осы аптада 231 бұзушылық анықталды. Соның нәтижесінде сауда үстемелері 25%-ға төмендеді», – деп атап өтті Е. Қазанбаев.
Сонымен қатар «айналым схемасын» қаржыландыруды ұлғайту жұмысы өңірлерде төмен деңгейде жүріп жатқаны атап өтілді. Жоспарланған 100 млрд теңгенің 58,3 млрд. теңгесі ғана бөлінді. ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев елдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры шамамен 643,5 мың тоннаны құрайтынын хабарлады. Қант зауыттары өнімін есепке алмағанда, шамамен 30 мың тонна қант қоры бар. Бұл ретте ел ішінде үздіксіз өндіріс қамтамасыз етілді және Үндістаннан қосымша қант көлемін жеткізуге келісімшарт жасалды.

Әкімдіктердің деректеріне сәйкес, республика бойынша картоп қоры 199 мың тоннаны, қырыққабат – 17,2 мың тоннаны, сәбіз – 43,1 мың тоннаны, пияз – 23,1 мың тоннаны құрайды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин монополияға қарсы әрекет ету шаралары туралы баяндады. 12 өңірде өнімдердің көтерме сауда субъектілеріне қатысты Агенттіктің аумақтық бөлім­шелері талдау жұмыстарын аяқтады, монополиялық жоғары бағаларды белгілеу фактілері бойынша 90-ға жуық сауда базарына қатысты тексеру тағайындалды. Есептерді тыңдаған Әлихан Смайылов бір апта ішінде азық-түліктің негізсіз қымбаттауына жол берген өңірлердің әкімдеріне бұл мәселеге жеткілікті бақылау жасалмай отырғандығын атап көрсетті.
«Маңғыстау облысында пияз 39,2%-ға, сиыр еті 5,5%-ға қымбаттаған. Өткен жылы біз Жамбыл облысының фермерлерімен өңірге пияз жеткізу бойынша уақтылы келісімшарт жасау қажеттігі туралы бірнеше рет айтқан едік. Аталған жұмыс орын­далмады, сол себепті азық-түлік бағасының өсуіне жол бе­рі­ліп отыр. «Айналым схемасына» 3,6 млрд. теңгелік жоспар кезінде 1,1 млрд. теңге бөлінді. Бөлінген қаражаттан кәсіпкерлерге 177 млн. теңге ғана бағытталды», – деді ол.
Үкімет басшысы соңғы екі жылда Солтүстік Қазақстан облысында сүт-тауар фер­ма­ларын салуға айтарлықтай қаражат бөлінгенін атап өтті. Бұл орайда өңірде сүт өнімдері, айран, сүзбе мен сары май тиісінше 14,3%-ға, 9,5%-ға және 5,3%-ға қымбаттады.
«Азық-түлік бағасын ұс­тап тұру – бірінші кезектегі ма­ңызды мәселе. Мен бір­неше рет «айналым схе­ма­сын» қаржыландыруды арт­­­тыруды тапсырған едім. Алайда бүгінде жұмыс тиіс­ті деңгейде орындалған жоқ. Осы айдың соңына дейін қаржыландыруды 100 млрд. теңгеге дейін арт­­ты­ру­ды тапсырамын. Ал­да­ғы аграрлық маусым қарса­ңында өңірлердің бірінші кезек­тегі міндеті күзгі ауыл шаруа­шылығы өнімдерін жет­кізуге форвардтық шарттар жасасу болуы тиіс. Егер қазір мүм­кіндікті жіберіп алсақ, мау­сымаралық уақытта біз ба­­ғаның өсуіне тағы да тап боламыз», – деді Ә. Смайылов.
ҚР Премьер-Министрі Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, тұ­рақты негізде өндіріс пен тұ­тыну теңгерімін өзекті етіп отыруды, өңірлер арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін олардың қажеттіліктерін ес­кере отырып жедел тәртіппен жеткізуді тапсырды. Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне әкімдіктермен бір­лесіп, көкөніс өнімдерінің тап­шылығы мен қажеттілігін ес­кере отырып, егілетін дақыл­дарды әртараптандыру бойынша шаралар қабылдау қажет. Сауда үстемесін бақылауға ерекше назар аудару керек.
«Азық-түлік өнімдері ба­ға­сының өсуі жалақыны, зей­нетақыны, әлеуметтік тө­лемдерді арттыру және жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет жүргізетін азаматтардың кіріс­терін ұлғайту жөніндегі ау­қымды жұмыстың бар­лы­ғын жоққа шығарады. Бұл халықтың наразылығын ту­дырады. Әкімдер мен ми­нистрлер бұл мәселеге ерекше назар аударуы керек», – деп атап өтті Ә.Смайылов.
Кеңестің екінші мәселесі арнайы экономикалық аймақтар қызметінің тиімділігін арттыру шараларын қабылдау болды. Өз сөзінде ҚР ИИДМ басшысы Қайырбек Өскенбаев кейбір өңірлерде АЭА аумағын ке­ңейту, оңтайландыру ша­раларын жүргізу, басталған инфрақұрылымның құрылысын аяқтау, бейінді емес қыз­мет түрлерін қысқарту жоспар­лан­ғанын хабарлады.
«Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму ми­нистрлігіне мүдделі мем­лекеттік органдармен бір­лесіп, биылғы 25 сәуірге дейін Үкіметке АЭА дамыту жө­ніндегі өзектендірілген Жол картасын енгізуді тап­сырамын», – деп қорытты Ә.Смайылов.

primeminister.kz

Поделиться ссылкой: