Қазақтың Асанәлісі – 85 жаста

554 Views

Биыл КСРО Халық әртісі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлық­тарының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов 85 жасқа толады.
Тұлғаның мерейтойына орай Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында Халық әртісінің шәкірттерінен құралған «Жаңа ғасыр» театрының актерлері «Тағдыр тағдыры» спектаклін ұсынды. Театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімовтың өзі.
Қойылым басталмас бұрын Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов пен Асанәлі Әшімовтың қатысуымен қазақтың тұңғыш театр режиссері Асқар Тоқпановтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.Қойылым барысында Асанәлі Әшімов­тің өмір жолындағы арпалыстар баяндалды. Бұл тұлғаның күнделік жаз­балары мен естеліктері негізінде режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың сахналаған туындысы.
Спектакльден кейін сахнаға шы­ғып, құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Асанәлі Әші­мовтің еліміздің рухани-мәдени өміріне қосқан зор үлесін атап өтіп, оның асқан таланты, ерік-жігері мықты қасиеттеріне айрықша тоқталды.
– Асанәлі Әшімов – тек жамбыл­дық­тардың ғана емес, барша қазақстан­дықтардың мақтанышы. Сіздің ел мәдениетін дамытуға, жастарды тәр­биелеуге қосқан үлесіңіз орасан. Бүгін Сіз өз шәкірттеріңізбен бірге жер­лестеріңіздің назарына әсерлі қойы­лым ұсынып, керемет көңіл-күй сыйла­дыңыз. Сіздерге зор денсаулық және шығармашылық табыс тілеймін, – деді Нұржан Нұржігітов.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: