Ер атағын Ел Сақтар

384 Views

Дерек пен дәйек
Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 млн. 200 мың сарбаз аттанған екен. Соның ішінде 70 мыңнан астам жауынгер Жамбыл облысының перзенттері. Ал ауданымыздан 6235 сарбаз майдан даласына аттанып, оның 3017-сі туған жерге аман-есен оралған.

Оқу бітіріп, қалада қалғанды құп көрмей, ауданға келдік. Өйткені, аудандық газет жақсы журналист болуға тәрбиелейді. Кез келген тақырыпқа қалам тербейсің. Шыңдаласың, қысқасы. КазГУ-де оқып жүргенде ұстаздарымыз айтушы еді «Журналистика жүрекке салмақ салатын мамандық» деп. Соның байыбын кейіпкерлермен тілдесіп, газетке мақала жазып жүріп түсіндік. Неше түрлі тағдыр иелерін көресің. Ой түйесің. Жүрекке қабылдайсың.
Ең алғаш қызметке келген жылдары ауданымызда қателеспесем, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саны – 22 болатын. 2014 жылдары ғой бұл. Газетке олар туралы сан қилы тақырыптарда мақалалар жаздық. Мәселен, Орынбасар Сүлікбаев, Асаубай Сүлейменов, Ілияс Шажалиев, Мамыртай Қойбақов, Жахан Мырзахметов, Игенбек Құрбанов ақсақалдардан сан мәрте сұхбат алдық.
Әсіресе, Көгершін ауылының қазыналы қариясы болған Ұлы Отан соғысының ардагері Игенбек Құрбанов ақсақалдың мына бір сөздері әлі күнге дейін есте. Игенбек ата 98 жасқа келіп, дүниеден озды.
–Жас кезімнен анамнан айырылдым. Әкем дәулетті кісі тұғын. Үш әйелі болды. Кейін белігілі бір себептермен әкем түрмеге қамалды. Өгей шеше өз анаңдай болушы ма еді. Мені қуып жіберді. Жападан жалғыз қалдым десем болады. Сол кезеңде де өмір сүрдік. Жастайымнан еңбекқор болдым. Бойдағы табандылығым мен еңбекқорлығымның арқасы шығар, Ташкентте 2 жыл білім алдым. Соғысқа 1942 жылдың наурыз айында аттандым. Алғашында 2 ай Алматыда жаттық. Сосын Қазанға жіберді. 27 күн бойы снайперлікті оқыдым. Әскери атағым – сержант. 1942 жылдың қараша айында Волга өзенінен өтіп, Саратов қаласын бетке алдық. Жолымыз 6 күнге созылды. Қарағым, айналайын-ау, майдан даласында қаншама сарбаз жан тәсілім етіп жатыр. Мына көз оны да көрді ғой. Ұрыс шебіндегі менің ептілігімді байқаған командиріміз ротаға жаяу әскердің қатарына қосты. Командир тапсырма жүктеп, пунктіге жіберді. 3 күн жүрдім. Аспаннан самолёттер бірінен соң бірі ағылып келіп, бомба тастап кетеді. Рота әскерімен көздеген пунктімізге осылай 2 рет бардық. Үшіншісінде рота бомбаның астында қалды. Мен жараландым. Госпитальға носилкамен апарыпты. 1 тәулік бойы қараусыз жаттым. Жарамды танбады. Әйтеуір 2 тәуліктен соң пароход келгені есімде. Менен:
–Кетесің ба? –деп сұрады. Ес-түссіз жатырмын. Жауап қайтаруға дәрмен жоқ. Су да ұрттамадым. Мәйіттерді сыртқа шығарған ғой. Мені де алып шыққан. Бір мезетте «жив» деген сөз құлағыма естілді. Содан пароходқа салып, алып кеткен. 8 тәулік жүріп Ульяновскіге келіппіз. Сонда бізді шомылдырды. «Жараланған қолымды көріп, кесеміз» деп шықты. Көзімнен жас парлай ақты. Мен кестірмеймін десем, тыңдап жатқан ешкім жоқ. Сол арада бір қазақ командир кіріп келді. Менің жаныма жақындай келіп:
–Қазақсың ба?–деді. Жылап жібердім. Содан саусағын бұлғап, «кеспеңдер» деді ол. 6 күн сонда жаттым. Сталин «Новосибирскіге жіберілсін» деп бұйрық беріпті. Ол жақта 4-5 ай жаттым. Дәрігер еврей жігіт еді. Жарақатым оңалмаған соң, мені елге жіберетіндігін айтты. Содан елге оралдық. Көгершін ауылына 1948 жылы көшіп келдім. Алғашында аудандық қамсыздандыру бөлімінде инспектор, одан кейін аудандық атқару комитетінде нұсқаушы, «Луговой жылқы зауытында» 7 жыл бөлімше басқарушы болдым,–деп әңгімесін айтып еді Игенбек ақсақал. Қалай ғана ұмытайын. Осындай көпті көрген ақсақалдардың батасын алып, өнегесін тыңдадық…
Қайбір жылы Мамыртай Қойбақов ақсақалдың үйіне барғанбыз. Мамыртай қария да әңгімешіл болатын. Сонда тізесінің ойнақшып тұрғанын көріп шошып кеткенім бар. «Соғыс салған жараның салдары ғой, қарағым» деп еді сонда қария. Күн бұлттанғанда әлгі жара сыздайтын көрінеді. Ойлап көріңізші, балтырымыз сыздағанда жан-дәрменіміз қалмайды ғой. Үйге сыймай кетеміз. Пәленбай жылдан бері соғыс өрті салған жараға шыдас берген Мамыртай ақсақалдың төзімділігін айтсаңызшы. Оны да қалай ұмытайын.
Жахан ақсақалдың табандылығына қайран қалатынмын. Сол 2014-2015 жылдары болуы керек, ардагер ақсақалдың шелекпен су көтеріп жүргенін де көзіміз көрген. Өмірінің соңына дейін елдің тыныштығын айтып өтті Жахан ақсақал. Береке-бірлік бар жерде, тірлік алға басатынын әркез мысалмен айтқан сәттерінің куәсіміз мына біз.
Бізде мынадай бір дағды бар ғой. Бір әулеттің баласы әкім болса болды, сол әулет сыйлы. Біз шаңырағына қарап емес, қариясына қарап сыйлай білетін ел едік қой. Оған міне, біз атап өткен майдангер аталарымыздың өмір жолы дәлел. Олардың есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Ұмытылмайды да. Өйткені, олар – нағыз рухтың шырақшысы.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: