Референдумға бір кісідей атсалысуымыз қажет
Қазіргі таңда еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы референдум өткізу жөніндегі бейнеүндеуі кеңінен талқылануда.1995 жылы қабылданған Конституциямызға осы уақытқа дейін 4 рет өзгерістер енгізілген. Алайда, оның барлығы Парламент арқылы заңдастырылған болатын. Енді міне, реформалардың маңыздылығына байланысты бүкілхалықтық референдум өткізілетін болды.
Ата Заңымызға өзгерістер енгізу – бұл бүгінгі күннің кезек күттірмес талабы.
Референдум өткізудің негізгі мақсаты – конституциялық реформа жасау, қалыптасқан саяси жүйені жетілдіру болып табылады.
Конституцияның 33-бабы немесе 98-бабының үштен бірі өзгеріске ұшырағалы тұр. Менің түсінігімде ең негізгісі – 30 жылдық уақытта мемлекетімізде орын алған «Суперпрезиденттік» басқарудың яғни, бүкіл билік президенттің қолында болуынан парламентке арқа сүйейтін президенттік басқаруға көшетін боламыз. Немесе президент өз өкілеттігінің бірқатар бөлігін парламентке беретін болады. Сонымен қатар, жер және оның қойнауы су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және басқа да табиғи ресурстар – «халықтың меншігі» деген тұжырым Ата Заңымызда орын алатын болады.
Конституциялық реформаға сәйкес енді ел Президентінің жақын туыстары мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің басшылары бола алмайтын болды. Осы уақытқа дейін Тұңғыш Президенттің отбасы мүшелерінің мемлекетімізде үлкен лауазым атқарып келгенін және оның қоғамда қандай резонанс туғызғанына баршамыздың көзіміз жетті. Сондықтан да Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл шешімін халық қолдайды деп білемін.
Парламентпен бірге жергілікті мәслихаттардың да рөлі артпақ. Алдағы уақытта Парламент, мәслихат депутаттарының 70 пайызы партиялық тізіммен,30 пайызы мажоритарлық тәсілмен сайланатын болды. Сондай-ақ бір мандатты сайлау округі бойынша кері қайтарып алу мүмкіндігі пайда болады. Мұның осы депутаттың өз сайлаушыларының алдында жауапкершілігін арттыратыны сөзсіз.
5-ші маусым күні өтетін референдум бүкіл еліміздің келешегіне әсер ететін, екінші республикаға – Жаңа Қазақстанға алғашқы қадам жасайтын аса маңызды оқиға, тарихи сәт деп білемін. Сондықтан да баршамыздың бұл күні референдумға бір кісідей қатысуымыз – еліміздің жарқын болашағы үшін дауыс бергеніміз деп түсінуіміз қажет.
С.Қосшығұлов,
Луговой ауылының тұрғыны, зейнеткер.