Мал азығын дайындау кезіндегі өрт қауіпсіздігінің талаптары

459 Views

Мал азығын дайындау кезеңі басталғанда елді мекен тұрғындары жаз, күз айларында тынбастан еңбек етеді. Өкініштісі, кей кездері санаулы минуттарда барлық еңбек отқа оранып, күлге айналады. «Өрт қауіпсіздігі айлығының» шеңберінде Т.Рысқұлов ауданының ТЖ бөлімінің қызметкерлері шаруа қожалықтарының шабындық жерлерде шөп шабу, жинау жұмыстарымен айналысатын жұмысшыларымен профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Іс-шара барысында оларға пішен жинау және сақтау кезіндегі өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптары түсіндіріледі. Сондай-ақ, егістік жұмыстары басталмас бұрын барлық жұмысшылар өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша нұсқамадан өту керектігін ескертуде.
Қауіпсіздік техникасының ережелері мен нұсқауларын білу және оларды қатаң сақтау – келеңсіз жағдайлар мен оқиғалардың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Одан басқа, пішен шабу, жинау, тасымалдау жұмыстарына жұмылдырылатын техникалардың, отын жеткізу құбырлары, электр жүйелері мұқият тексеріліп, алғашқы өрт сөндіру құралдарымен және ұшқын сөндіргіштермен жабдықталған техникалар жіберілу керектігін ұмытпаған жөн. Ауыл шаруашылығындағы көліктердің электр жүйелерінің желілері мұқият оқшауланған, қажалу мен механикалық бүлінулерден қорғалған және мықты бекітілген болуы қажет. Ірі жем-шөп қоймасы арнайы бөлінген аумақта болуы керек және өрт сөндіру техникаларының еркін кіріп, шығу жолы қарастырылуы қажет. Пішенді кептіру және сақтау орындары күзетшімен, алғашқы өрт сөндіру құралдарымен, найзағайдан қорғау құрылғысымен, байланыс құралдарымен, дабыл, қоңырау тәрізді арнайы дыбыс беру құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс.
Естеріңізде болсын: Шөп жинау орны топырақ бiлiгiмен және сым қоршаумен қоршалады. Iрi жем- шөптердiң кебендерi (маялары), бастырмалары мен қатарлары электр беру желiлерiне дейiн кемiнде 15 метр, жолдарға дейiн кемiнде 20 метр және ғимараттар мен құрылыстарға дейiн кемiнде 50 метр қашықтықта орналастырылады. Шөп қоймалары қоршауларынан бастап жақын орналасқан орман алқаптарына дейiнгi қашықтық кемiнде 20 метр етiп орындалады, периметрiнің бойымен енi кемiнде 4 метр жолақ жыртылады. Жемшөп дайындауда жұмыс жасайтындар алғашқы өрт сөндіру құралын қолдана білулері қажет екенін ескертеміз.

Аудандық Төтенше жағдайлар және №10 Өрт сөндіру бөлімдері.

Поделиться ссылкой: