Таңдау жасау – ортақ міндетіміз

543 Views

Қазақтың этноәдеби қоржынында «Елу жылда ел жаңа» деген тәмсіл бар. Осы сөздің түбіне терең бойлап, маңыздылығын ескеретін болсақ, ел үшін өзгерістер жасау керектігін ұғынамыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 5 мамыр күні халыққа жолдаған бейнеүндеуі елді елең еткізгені жасырын емес. Ел Президенті өз бейнеүндеуінде «Баршаңызға мәлім, Мен биыл халыққа Жолдауымда саяси жаңғыру туралы ауқымды бағдарлама ұсындым. Бұл құжат қоғамда жан-жақты талқыланды. Сарапшылар қауымы және белсенді азаматтар осыған қатысты өз пікірін білдірді. Қалың көпшілік қолдау көрсетті. Жолдауда айтылған бастамалардың негізгі мақсаты – саяси жүйемізді түбірімен өзгерту. Бұл халықтың көп жылғы талап-тілегінен туындап отыр. Азаматтарымыз мемлекетті басқару ісіне қатысуға кең мүмкіндік берілгенін қалайды. Сондай-ақ, саяси үдерісті түбегейлі демократияландыру қажет деп санайды. Мұны тиімді жүзеге асыру үшін Ата заңымызға өзгерістер енгізу қажет. Бір сөзбен айтқанда, конституциялық реформа жасау керек. Осыған орай менің тапсырмаммен арнаулы жұмыс тобы құрылды. Оған белгілі құқықтанушы ғалымдар, тәжірибелі сарапшылар және құзырлы органдардың өкілдері кірді» деп аталмыш жұмыс тобы негізгі заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын әзірлегенін айтты. Аты аталған жобаны мен БАҚ беттерінен оқып, өз басым қатты қуандым. Онда кейбір заңдардың өзгертуге ұшырағаны анық әрі айқын көрсетілген. Бір қуантарлығы, құнды құжат жобасы Ата заң нормаларына сай келеді.
Меніңше, біз конституциялық реформаның шешуші кезеңіне қадам бастық. Шын мәнінде, мұның ел тағдыры үшін айрықша мәні бар. Сондықтан да, құрметті жерлестер! Мен сіздерді 5 маусым күні болатын референдумға қатысуға шақырамын. Өз таңдауымызды бірге жасайық.

Ж.Базылбек.

Поделиться ссылкой: