Дарынды Диана

339 Views

Ғимараты келісті, ұстаздары білікті, оқу­шылары озат мектептің бірі – Луговой ауылындағы Максим Горький атындағы орта мектебі. Расымен де, бұл білім оша­ғында мұғалімдердің білім деңгейі өте жоғары. Оқушылары ғой тегі, жанып тұр. Соның бірегейі – Диана Баймуратова. Ол 11-ші сыныпта оқиды. Өзі мектептегі үлгілі оқушылардың бірі. Диана көптеген аудандық, облыстық, республикалық, тіпті, халықаралық жарыстардың жүлдегері.
Қазір оқимын деген оқу­шыға мүмкіндік көп. Оған толық жағдай да жасалған. Тек жалқаулыққа салынбай, ізденсең болғаны. Диананың автобиографиясына қарап, сөз басында атап өткен оқушының мүмкіндігін ойлайсың. Бос уақытты тиімді пайдаланудың тетігін жас та болса, Дианаға қарап бағамдай беріңіз. 2015-2021 жылдар аралығында ол түрлі байқауларға қатысты. Сөйтіп, аудандық, облыстық, республикалық байқауларда мектебінің абыройын қорғады. Мына жайтқа қайран қалдық.Тіпті, 2019-2021 жылдар аралығында Диана боксқа да барған. Тоғызқұмалақтан да үздік ойыншылардың бірі болды. Бір спортты мандытпай жүргендер бар ғой. Диана қалайша үздік болған? Тегінде бұның барлығы ізденістен деген дұрысырақ болады.
Оқу дейсіз бе, өнер дейсіз бе, спорт дейсіз бе, барлық жағынан Диана – үздік. Бұдан бөлек, ол кітап оқуға, жаңашыл нәрселерді зерттеуге, жаңа дүниелерді ойлап табуға құштар. Бос уақытында жиі кітап оқиды, тіл үйренеді. Міне, бүгінгі заманның оқушысы осындай болуы керек. Өйткені, түптің-түбінде білектілердің емес, білімділердің заманы туады. Ал оны қазіргі мектеп оқушылары жетік біледі және соны сана түйсігіне мықтап түйген.
Диананың жеткен же­тістіктері көп дедік қой. Соның алғашқысынан бастайық. Ол жақында ғана мектепішілік «Қыз – әдемілік пен іңкәрліктің символы» атты фотосессия байқауының жеңімпазы атанды. Бұл – Максим Горький атындағы орта мектебіндегі «Қыз Жібек» ұйымының ұйымдастыруымен өткен байқау болатын. Мектеп психологы Ару Базарбайқызы да Диананың алғыр оқушы екенін айтады. «Кез келген байқауға қатысса, ол жауапкершілікті бірінші орынға қояды» дейді мектеп психологы Диананың адами портреті туралы.
Бұдан өзге 2013 жылы бүкілресейлік «Человек и природа» конкурсына қатысып, сертификат иеленген Диана. 2015 жылы орыс тілі пәнінен халықаралық «Инфо урок» жобасына қатысып, жүлделі I орын, 2017 жылы халықаралық әлем тарихы бойынша «Золотое руно» байқауына қатысып, жүлделі III орын, дәл осы жылы «Ақ бота» интеллектуалды байқауына қатысып, жүлделі II орын, 2018 жылы халықаралық «Кенгуру-математика» байқауына қатысып, жүлделі III орын, 2020 жылы бүкілресейлік талант сайысына қатысып, химия пәні бойынша жүлделі I орын, осы жылы орыс тілі пәнінен республикалық олимпиадаға қатысып, жүлделі II дәрежелі диплом иеленген. 2021 жылы «Летний эрудит» атты республикалық онлайн викторинаға қатысып, жүлделі I орын және сол жылы «ReStart» республикалық жобасы аясында «Кибербуллинг, лидомания, интернет тәуелділіктің алдын алу» бойынша «Қысқа метражды фильмдер түсіру» байқауына қатысып, сертификат алған. 2021 жылы «Делимость натуральных чисель», «Количество инфор­мации», «Натуральные числа и шкалы» викторина-тесттеріне қатысып, үздік нәтиже үшін сертификаттар да алған.
«Өнерлі деп жазды ғой, ол қане!» десеңіз, ол міне! 2017 жылы Көкдөнен ауылында өткен балалар мен жасөспірімдер арасындағы аудандық «Менің Қазақстаным» атты Шәмші әндерінің байқауында «Қолөнер» номинациясы бойынша жүлделі II орын, 2020 жылы дана Абайдың 175 жылдығына орай өткен «Абай оқулары» байқауына қатысып, II дәрежелі дип­лом иеленген. 2020 жы­лы «Дизайн және мода», «Жоба менедж­менті»,«Маркетинг»,«Ділмар­лық»,«Жастарға арналған бизнес» курстарына қатысып, сертификат алған. 2021 жылы «Кибербуллинг, лидомания, интернет тәуелділіктің алдын алу» атты онлайн курсына қатысып, сертификат иеленген. Биыл «Инабатты ару – 2022» байқауына қатысып, ол байқаудың жүлделі II орын иегері атанды Диана.
Диананың ата-анасы қандай бақытты жандар. Осындай білікті де білімді, жан-жақты қызды тәрбиелегені үшін ол кісілерге мың алғыс. Біздің осы ойымызды құптағандай, 2018 жылы «Үлгілі оқушы Диананы өмір талабына сай, бәсекеге қабілетті, білімді, саналы ұрпақ етіп тәрбиелегені үшін» деген жазумен оқушының ата-анасына алғыс хат та беріліпті.
Спорт қалып барады екен ғой. Спортта да жетістік аз емес үлгілі оқушыда. Оны да жазайық. 2019 жылы Максим Горький атындағы орта мектебінде «Спорт – денсаулық кепілі» атты апталық аясында өткен «Ұлттық ойындар» байқауында тоғызқұмалақ ойынынан жүлделі I орын, осы жылы 15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай өткен аймақтық жарыста тоғызқұмалақтан «Үздік ойыншы» атанды. Ал былтыр аудандық «Ұлттық мектеп лигасы» жарысының бағдарламасына енген тоғызқұмалақтан жүлделі II орын иеленді.
Сондай-ақ, Диана Баймуратова 2020-2021 жылдары «Елбасы медалі» жобасына қатысып, жоба қорытындысы бойынша қола медаль мен төсбелгі иеленді.
2021 жылы бүкіләлемдік «Қазақстанның дарынды оқушылары» атты кітап жарыққа шыққан еді. Сол кітапқа Максим Горький атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Диана Баймуратованың осы жетістіктері жазылып, басылды.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: