Ағаш көшеттері отырғызылды
38 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Сан ғасырлық алуан қатпарлы тарих көшінде халқының басын қосқан, жарқын болашаққа бастаған, беделін асырған, намысын оятқан, абыройын қорғаған тұлғалар әлбетте, аз болмаған. Ұлт тарихының қалың оқулығы бізге тағылым аларлық сан тұлғаның өмірі мен өнегесін ұсынғанда, олардың ішінен мемлекет тізгінін қолына ұстаған хандар мен билерді, ел іргесін жаудан қорғаған баһадүрлерді, әлеумет өмірін кең толғаған жыраулар мен ақындарды, ән мен күйін әуелеткен өнерпаздарды, халқына жол нұсқаған ойшылдарды көреміз. Бойына алуан қабілетті сыйғызған осындай айтулы тұлғалардың ортасында барша қазақ “Ахаң” деп құрмет тұтқан, “Ұлт ұстазы” деген аса мәртебелі ат иеленген – Ахмет Байтұрсынұлының ерекше орны бар.
Елдің басына төнген кешегі қара бұлттың көбесі сөгіліп, азаттықтың ақ туы көк аспанда желбірегелі бері қазақ руханиятына зор үлес қосқан ұлт қайраткерлерінің еңбектері мен шығармашылығы туралы жазылып, мәдениетіміздің шамшырағы жанғандай болды. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз қайта тіріліп, руханиятымыздың кем-кетігінің орны толықты. Осы бір тұста туған халқымен қайта қауышқан Ахмет Байтұрсынұлының жөні бөлек. Талай уақыт архив пен жасырын құжаттарда сақталып келген оның есімі тәуелсіздік таңымен бірге қайтып келді.
Халық қайраткері, ұлт ұстазы, жамағат жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы – халқының азаттығы, елінің тәуелсіздігі мен ұлттың мемлекеттігі жолында жан аямаған күрескер. “Елшілдік ұранын көтерген” (М.Әуезов), жаңа заман жаршысы, ұлы реформатор. Дарынды сөзімен дабыл қаққан, өлең өрімі мен өресін ұққан ұлы ақын. Бала тәрбиесінен бастап, ұлттық санаға дейінгі педагогикалық мәселелерді түгел зерделеген ұлт ұстазы, гуманист ағартушы. Ұлттың дыбыстық жүйесін дұрыстап, әліпбиін жаңғыртқан, жазуын жүйелеп, жөнге салған ұлы тілші. Қазақ әдебиеті теориясының тәмсілін түзген, көркемдік кестесінің қисындарын көрсеткен әдебиеттанушы. Оқу мен оқытудың озық үлгілерін, оңай тәсілдерін үйретуші шебер әдіскер. Өзге жұрт жауһарларын өз тілінде сөйлеткен, өзгенің игілігі өз еліне пайдасын тигізерді ойлаған тапқыр аудармашы. Ұлттық ұғымға сыйымды, тіліне жатық, ойына жатық атаулар қорын түзген терминтанушы…
Ел ертеңін ойлаған есіл ердің ерен еңбегі бұл аталғандармен шектелмейді. “Тән көмілер, көмілмес еткен ісім, ойлайтын дай мен емес бір күнгі ісін, жұрт ұқпаса ұқпасын, жабықпаймын; ел – бүгіншіл, менікі ертең үшін” дейтін азаткер азамат арқалай алған уақыт жарлығы мен жұртының жауапкершілігіне саятынның баршасымен толығып кете береді…
Ахмет Байтұрсынұлы– қазақ мәдениеті мен руханиятында тұтас бір дәуірді алып жатқан үлкен тарихи тұлға. Оның тағылымға толы шығармалары өз кезеңінің негізгі ұранына айналып қана қоймай, бүгінгі күні ұлтының айнымас темірқазығына айналды. Ол өзінің тума талантын халқының жолында шыңдап, іргелі істердің аңдатпасы ретінде тарихи сахнаның бедерінен көрінген. Ол қараңғыдан жол тауып, қазақ қоғамына өзінің сәулесін төкті. Оқу мен білімнің қажет екенін түсінген А.Байтұрсынұлы қазақ даласына жарық беріп, ағартушылық қызметпен айналысқан еді. Бұл оның елі үшін туған арда азамат екенінің айқын көрінісі. Сондай-ақ, халықтың ояну, білім алу, ғылым игеру мәселелерін басты назарда ұстаған оның және Алаш қайраткерлерінің ұлт үшін еткен істері едәуір екені сөзсіз. Сонымен қатар, ол өз елінің ұшпаққа шығуын ойлап, осы жолда небір кедергілер мен кесапаттарды көрді. Елдік мұрат пен ұлттық мүддеге қызмет ете отырып, шолақ белсенділердің «таяғының» астында қалды. Сонда да Ахмет Байтұрсынұлы өзінің алған бағытынан таймай, іргелі істері арқылы елінің азаттығы жолында барын салды. Бұл тек нағыз жанкешті жанның қолынан келер іс.
Ахмет Байтұрсынұлының артына қалдырған мұралары мазмұнды екені даусыз. Осыған қарап біз ұлт ұстазын әлденеше университет бітірген, әмбебап білімдар адам деп ойлаймыз. Алайда, кітап беттерінен оқығанымдай, ол өз өмірінде екі-ақ оқу орнын көрген екен. Оның бірі – Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесі болса, екіншісі – Орынбордағы мұғалімдер дайындайтын қазақ мектебі. Бұдан біз, Ахмет Байтұрсынұлының өз бетінше оқып, өмірден әлденеше университетке татитын білім алғанын аңғарамыз. Бұл бүгінгі күнде қос-қос диплом алып, бірақ білімді іс жүзінде емес, қағаз жүзінде ғана алып жүрген адамдарға үлкен сын…
Ұлт ұстазы өмір сүрген кезеңде қазақ халқы арасында көзі ашық, сауатты азаматтар аз болғандығын білеміз. Осы тұрғыда Ахмет Байтұрсынұлы халқының мүшкіл халін көріп күйзеліп, оны өзге жұрттармен салыстырып, қараңғылықтан, надандықтан шығудың жолы – оқу, білім деп табады. Және сол жолда ол, қазақ балаларының өз ана тілінде сауат ашуына арнап әліппе жазады. Осы бір оқиғаның барлығын былтырғы жылы жарық көрген “Ахмет ұлт ұстазы” атты телехикаядан да анық көруге болады.
Барлық саналы ғұмырын ұлт күресінің қасиетті жолына арнаған Ахмет Байтұрсынұлының есімі ел шежіресінде көптеген қырынан айтылады. Біріншіден, ол-қайраткер тұлға. Алаш қозғалысының бастауында тұрып, оның өрістеуіне, жалпыұлттық қозғалысқа айналуына ерен еңбек сіңірген шын мәніндегі ұлт қайраткері. Тіпті, Алашорда таратылып, кеңестік билік орнаған шақта да Ахаң қайраткерлік тұғырында қалды. Соның жарқын мысалы – қазақтың кеңестік кезеңде автономияға қол жеткізуіне басты себепкер болғаны және қазақ жерінің тұтастығы үшін большевиктік билікке дегенін орындатқаны. Екіншіден, ол – сан буын қазақтың сауатын ашқан ұстаз. Оның әліпбиін осы күнге дейін миллиондаған қазақтар пайдаланады.
Қазақ тілін талдап-тануда да Ахмет Байтұрсынұлының еңбегін және бір тұрғыдан ерекше бағалау керек: ол – термин жасаудағы іс-әрекеті. Ғалым қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша термин ұсынды. Осы күнгі қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу сынды сан алуан лингвистикалық ғылыми терминдердің баршасы А.Байтұрсынұлының өлшеусіз еңбегі. Бұлардың барлығы дерлік не бұрынғы сөздің мағынасын жаңғырту, не жаңа тұлғадағы сөз жасау арқылы дүниеге келген соңғы атаулар, жасанды сөздер.
Ахмет Байтұрсынұлы терминология мәселесіне де қатты назар аударған. Ол тек білім саласы емес, әдебиеттану саласының да көптеген терминдерін жасағаны мәлім. Бұлар да өте сәтті шыққан, қонымды атаулар болған. Сондықтан әдебиеттанудағы А.Байтұрсынұлы ұсынған терминдердің басым көпшілігі күні бүгінге дейін қолданылып келеді.
Ахмет Байтұрсынұлы халықты оятудың жолын оқу-білімнен іздеді, қазақта Еуропадағы ғылымның жұрнағы да жоқ деп, Еуропаны үлгі тұтты. Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді деп санады. Қиын-қыстау кезеңіне қарамастан ғылымның дамуына ерекше назар аударып, академиялық орталықтың жұмысын басқарып, оның өркендеп дамуына жағдай жасап, оған өзі тікелей бағыт беріп отырды. Бұл саладағы қайраткердің қызметін ерлікке бағаласақ артық болмас. Жетім балалар үшін балалар үйі мен мектеп интернаттарын ашып, олардың әлеуметтік жағдайларын барынша жақсартты. Әлеуметтік жағдайдың әбден жіңішкеріп, экономикалық тапшылықтың құрсауындағы мемлекеттің дамып-жетілуіне зор еңбегін қосқанына қарамастан Кеңес үкіметі А.Байтұрсынұлына алакөздік танытып, қуғын-сүргінге ұшыратты.
Бүгінде Ахмет айтұрсынұлының шығармалары халық арасында кеңінен танымал. Оның есімін қазақ халқының тәуелсіздігімен байланыстырмау мүмкін емес. Осы жолда аянбай еңбек еткен оның тағылымға толы істері бүгінгі күні өз дәрежесінде бағаланып жатыр. Бұның бәрі ұлт мүддесін берік ұстанған Ахмет Байтұрсынұлының халқына деген сүйіспеншілігінен туындайтын дүниелер.
Қорытындылай келе, бақытқа тек қана білім, таным арқылы жетуге болады деп есептеген Әл-Фараби және білім мен біліктілікті құтқа жетудің жолы деп санаған Жүсіп Баласағұнның үрдістерін бойына сіңірген Ш. Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Абайдың тамаша дәстүрлерін жаңа кезеңде жалғастырушы, ұлы ағартушы-реформатор Ахмет Байтұрсынұлы халыққа білім беру, оқу саласы, мектеп жұмысын ұйымдастыруда қазақ тарихында өшпес мұра қалдырды.
Дариға Құрманалы,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің
2 курс студенті.