САЙРАМБАЙДЫҢ ТӨҢКЕРІЛГЕН ҚАЗАНЫ ҚАНДАЙ СЫРДЫ БҮГІП ЖАТЫР?

723 Views

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Ескерткіш – ғазалдай шерлі ғасырлардың, зар илеген замандардың қайталанбауын қадағалайтын тәрбиеші, ажарына қан жағылған дәуірлерді, азалы жылдарды еске салатын ұстаз. Ескерткіш арқылы тарихымызды танып, танымымызды кеңейтіп, өткенімізді аралап, кеткен қатемізді саралауға болады. Өңірімізде қазақ топырағын ақсөңке сүйекке толтырған трагедияға арналған ескерткіштер көп емес. Осы ескерткіштердің бірі Жарлысу ауылында орналасқан. Көкке қол созып, көптің көңілінен шыққан ескерткішті тұрғызған азамат – Сайрамбай Дөненбаев. Ескерткіштің негізгі бөлігі – шаңырақ. Басты деталь туралы Сайрамбай Дөненбаев «Алтын бесік» бағдарламасына берген сұхбатында «Шаңырақ – халықтың ынтымағы жарассын деген ниетте салынған.», – дейді. Түсінікті. Бұл ескерткіште көрген адамды ойдың ордалы орманына жетелеп, шешімі күрделі сауалдарға сүйрейтін ең ерекше һәм ең негізгі нәрсе – төңкерілген қазан. Ой тізгінін босатып, тарихтың тереңіне үңілсек, қазақ пен қазанның байланысы бағзыдан бүгінге дейін жалғасып жатқанын байқаймыз… Әлқисса.

* * *

Қазақ халқы қазанды елдің ырысы, жұрттың байлығы, қарашаның қазынасы, қаймананың құты деп қастерлеген. «Ырыстың басы – қара қазан», «Қазаның толы болсын», «Қазаның оттан түспесін» деген тілектердің шығу себебі де осы. Жау жағадан алып, дұшпанның дүбірі дүрліктірген жаугершілік кезеңде қаншама қаракөздер қазанның астына жасырынып тірі қалды. Осы балалар қалың қолға айналып, қас дұшпанды қоғадай жапырғанын неге ұмытуымыз керек?! Қайратты қолбасшы, даңқты хан Әмір Темірдің арнайы «Тайқазан» салдыруы да бекер емес. Бұл «Тайқазан» жоғарыда көк аспан, төменде қара жер пайда болып, адамзат жаратылғалы ай мен күн куә боп көрмеген талай қиян-кескі ұрысқа куә болды. Батырлар «Тайқазаннан» ас ішіп, майдан даласына аттанғаны да белгілі. 1934 жылы Кеңес үкіметі Түркістандағы қасиетті «Тайқазанды» Санкт-Петербургтегі орталық мұражайға қоюға алып кетті. Бұл жағдайдың тереңінде бір ұлттың тарихын тұншықтыру, бір елдің шежіресін шимайлау секілді дұшпандық пиғыл жатқаны мәлім. 1989 жылы арда азамат, ұлттың ұйытқысы Өзбекәлi Жәнiбеков «Тайқазанды» Қожа-Ахмет Яссауи кесенесіне қайта орнатты. Көп ұзамай Қазақстан тәуелсіздік алып, егемен ел атанды. Елдің еңсесі тіктеліп, кеткен есені қайтара бастады. Ерлікпен қаза болған ерлердің басы елге қайтарылып, тарихи мұраларымыз өз орнын тапты. Бірақ, «Тайқазанның» қақпағы елге қайтпады. Жезайыр жазушы Шерхан Мұртаза «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедi», – деп сан мәрте шырылдады. Пайда болмады. Қазанның қақпағы ашық тұрғанына 30 жылдан асып кетті. Бір кем дүние…

* * *
Орыстың озбыр саясатының кесірінен халқымыз үш рет үлкен трагедияға тап болды. Ең алғашқысы – Бірінші дүниежүзілік соғыс һәм Азаматтық соғыстың басталуы мен мал-мүліктердің тәркіленуінен болған 1916-1918 жылдардағы ашаршылық. Бұл ашаршылық 2 млн адамның өмірін жалмаған. 1921-1922 жылдары болған ашаршылықта 1 млн 700 мың адам қаза болған. Бұл – «Ашыққандарға көмек көрсету» комиссиясының төрағасы болған Мұхтар Әуезовтің мәліметі. Ең үлкен ашаршылық – 1929-1933 жылдардағы ашаршылық. Ресми халық санағы мен түрлі мұрағаттардың мәліметтері бойынша 1930-1933 жылдары 2,4 млн адам аштықтан қырылған. Осы уақытта халықтың малы тәркіленіп, күштеп отырықшыландыру науқаны жүріп жатты. Малдан айырылып, арқа еті арша, борбай еті борша болған халық қазанды төңкеріп, шекара асып, шетке кетті. Төңкерілген қазан – отбасы да тұяқ қалмады, ошақтың оты өшті деген белгі. Ата-әжелеріміздің «Қазанды төңкерме» деп ескертпе жасайтыны да сондықтан. Жарлысу ауылында орналасқан, Сайрамбай Дөненбаев орнатқан ескерткіштің басты мақсаты – нәубет төнген дәуірді, халық бордай тозған уақытты ұмыттырмай, көпшілікке ой салу. Бұл туралы Сайрамбай Дөненбаев «Алтын бесік» бағдарламасына берген сұхбатында «Ел ыдырай көшіп, ата-бабаларымыз Иран, Пәкістан, Қытай асып, жан сауғалады. Бұл қазан осы зұлмат замандардың көрінісі», – дейді. Расында да, басқа төнген қасіреттен құтылып, қатерден қашу үшін Өзбек босып, Қытай ауып, Моңғол асып кеткен қандастарымыз жетерлік. Сайрамбай Дөненбаевтың ауыр азапты жан-жүрегімен сезініп, бүкіл болмысымен қабылдауы заңдылық. Ел игілігі үшін еңбек еткен арда азаматтың атасы 1932 жылы қайтыс болып, әжесі мен әкесі шекара асып, шетке кетеді. Бірақ, 1938 жылы елге келіп, қалыпты өмір бастайды. Міне, осындай жағдайларды естіп, түйсініп өскен адамның ата-баба үшін ескерткіш орнатып, құрмет көрсетуі заңды да секілді. Осы тұста Сайрамбай Дөненбаевтың елге еткен ерен еңбегін айта кеткен ләзім. Әжесінің арқасында ауыр да азапты жылдардың әңгімесін құлағының тесігі, кеудесінің есігі арқылы тыңдап өскен «ұқпа құлақ» бала бүтін елдің жыртығын жамап, бүкіл жұрттың жағдайын жасады. Мектеп салды, ауылды гүлдендірді. Зұлымдықтың, ашкөздіктің, бойкүйезділіктің, жемқорлықтың адамзатқа тигізетін залалын жас буын біліп, түйсініп өсуі үшін еңселі ескерткіш орнатты. Елін сүйген әрбір азамат осылай іс қылса, іргелі елдердің тізімінде ілгері жылжитынымыз ақиқат. Қазақтың қазаны оттан түспесін !..

Жәнібек Ұлықбекұлы.

Поделиться ссылкой: