Қоғамға үн қосу – әрбір азаматтың парызы

461 Views

Бұл – Әлия Жанәбіл. Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 1 курс студенті. Құлан ауылының тумасы. Әлия алғашқы рет саяси науқанға қатысып, мемлекет­тің бір бөлшегі ретінде өз пікірін білдірді.
– Қоғамға үн қосу – әрбір азаматтың парызы. Еліміздің жарқын болашағына, жаңа өміріне қадам жасайтын күнді қалт жібергім келмеді. Референдум – өзгеріс пен жаңашылдықтың бастамасы, – дейді ол.
Әлияның ойынша, халықтың бойындағы бойкүйезділік, ымырашылдық секілді қасиеттер өзгеше күш алып, тенденцияға айналып барады. Ол – халықтың саяси науқандарға сенбеуін, басты проблемаларға бас қатырмауын дұрыс деп есептемейді.
– Режиссер Георгия Данелиидің «Афоня» атты трагикомедиялық туындысын кенже өнердің көрермендері жақсы біледі. Осы фильмде «Білесің бе, Борщев, сатқындар мен жауыздар соншалықты қорқынышты емес, өйткені, олар тек сатқындық жасай алады немесе өлтіре алады. Ең қорқынышты адамдар – немқұрайлы адамдар. Өйткені, осы адамдардың үнсіз келісімімен барлық сатқындық пен қылмыстар орын алады», – деген диалог бар. Расында да, адамның бойындағы немқұрайлылық, бойкүйездік секілді қасиеттер қоғамның алға қадам басып, ілгері жылжуына кедергі келтіреді.
Әлияның әңгіме ауанынан, ой орамынан «демократиялы ел үшін референдумдың пайдасы болмаса, зияны жоқ» деген пайымның шеті көрінді.
Ол «Референдум – мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу деген сөз. Бұл тәсіл – экономикасы дамыған, халқының санасы еркін, ойы азат елдерде қадым заманнан қолданылып келеді. Осы саяси науқанға үрке қарап, сырттай үкім шығарған адамдарды түсінбеймін. Мемлекет халықтың кеңесін сұрап, халық мемлекетке септескенде тұрған не бар ?», – деп сөзін аяқтады.
Өңіріміздегі референдумға бала шақты артқа тастап, болашаққа қадам басқан бозбалалардан бастап, бүтін отбасыны, бүкіл әулетті басқарып отырған қарияларға дейін қатысты. Елдің ертеңі үшін, ұлттың болашағы үшін жасалған қадам оң болғай !.. Үміт алдамағай !…

Жәнібек ҰЛЫҚБЕКҰЛЫ

.

Поделиться ссылкой: