Аудан халқы да белсенділік танытты

339 Views

6 маусым күні, таңғы 08.00-де еліміздің барлық өңірлеріндегі және шет елдердегі референдумның 10012 учаскесінде дауыстарды санау толығымен аяқталды. Референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 11 миллион 734 мың 642 адамды құрады. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны 7 миллион 986 мың 293 адамды немесе референдумға қатысу құқығы бар азаматтар санының 68,06 %-ын құрады. Референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны – 6 миллион 163 мың 863 адам. Бұл еліміздің барлық өңірлерінде дауыс беруге қатысқандардың 77,18 пайызын құрайды. Конституциялық түзетулерге қарсы дауыс берген азаматтардың саны – 1 миллион 490 мың 475 адам. Яғни, 18,66 пайыз. Бұл – Республикалық референдумның ресми сайтында жарық көрген ақпараттық хабар.
Ауданға оралайық. Аталмыш референдумға аудан тұрғындары да белсенді қатысты. Атап айтар болсақ, біздің ауданда дауыс беруге құқы бар азаматтардың саны – 39 869. Оның 29976-сы референдум учаскелеріне келіп, дауыс беруге қатысқан. Пайыздық көрсеткіш бойынша бұл – 75,19%-ды құрады. Дауыс қорытындыларына келер болсақ, мәселенің оң шешімі үшін 24229 (81.05%) азамат дауыс берген. Ал, «жоқ» деп дауыс беріп, шешімді жақтамағандардың саны 4434 (14,8%). Референдумның мән-жайын біліп, жағдайды бағамдау үшін №359 референдум учаскесіне барып, учаске төрағасы Талғат Жүзбаевпен тілдестік. «Біздің учаскеге тиесілі 7 көше бар. Референдумға 7 көшеден, 900-ден астам дауыс беруші келді деп топшылап отырмыз. Түске дейін дауыс берушілердің 59 %-ы өз таңдауын жасады. Бұл – өте жақсы көрсеткіш», – деді Талғат Жүзбаев.
Елдің ертеңі үшін жасалған құтты қадамды қолдаған қауым жетерлік. Бүгін істелген іс, қылған жұмыс, шығарған шешім болашақта өз пайдасын берері сөзсіз…
Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: