Шындықтың шырақшысы – Шерхан Мұртаза!

808 Views

Шерхан Мұртаза – қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан қаламгер. Әдебиеттің абызына айналған жазушының есімі ел аузынан түскен емес. Айлар өтіп, жылдар жылжып, уақыт сынаптай сырғыған сәтте де – Шерағаның аты өшпеді, керісінше, жарқырап, ұмытылмастай есімге айналды…
Бұл тұлға жұртының басындағы қиындығын, алапат дәуірдің, сұм заманның салған жүгін қара нардай көтеріп, елі үшін қолдан келгенше қызмет етті. Ел мүддесін қорғауда қайсарлық пен қарапайымдылықты жанына серік етіп, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері ретінде елге, қоғамға зор үлесін тигізді. Бүкіл ғұмы­рын әдебиетке арнап, шәкірт тәр­бие­леп, артына мол мұра қалдырумен айналысқан жазушының еңбектері бүгінгі күні жастарға тәлім-тәрбие бе­руде. Шындықтың шырақшысындай болған Шерхан Мұртазаның жазған том-том еңбектері адам жанына азық бола білді. Шерхан Мұртаза өзінің ғұмырын әдебиеттің дамуына арнап, қарымды қоғам қайраткері болды. Қазаққа мұңдас һәм сырлас болған, әділдік пен шындық үшін шырылдаған жанды халқы «Шераға» деп қадірледі. Шыбын жаны қалғанша шындық деп шырылдаған жазушы туралы Әмірхан Меңдеке: «Шындық дегеннен шығады, Шерхан Мұртаза бұл тұрғыда қайраткер ретінде, жазушы ретінде, ұлтының адал сүт емген азаматы ретінде ел алдындағы перзенттік парызын адал атқарды. Өзгелердей үнсіз қалған жоқ. Өзгелердей марапат пен мансаптан дәмегөйленіп, мешіндік кейіпке еніп мәймөңкелеген жоқ. Жарып тұрып, әділін айтты. Шағып тұрып, шындығын айтты», – деген екен. Расында да, Шерхан Мұртаза «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда!» деп ұлтына ұран тастаған ұлттың ұлы перзенті.
Жұрт ертеде пайғамбарларға, әулиелерге сенген, табынған. Қазір пайғамбар да, әулие де жоқ. Тұлға – бағыт-бағдар беруші адам. Әр саланың темірқазық іспеттес көшбасшылары болады. Әрине, тұлғаның да тұлғасы бар. Халық оған пайғамбардай, әулиедей табынбайды, бірақ құрметтейді. Ұлт әдебиетіндегі сондай тұлғаның бірі – Шерхан Мұртаза. Тұлғаның өмірінен тағылым алып, ой түю – бізге парыз, болашақ ұрпаққа міндет!

Гүлсім Дәулеш.

Поделиться ссылкой: