Бабын тапсаң, балықта да пайда көп

808 Views

Балық шаруашылығы айтар сөзге оңай болғанымен, жеме-жемге келгенде оның қым-қуыт шаруасы көп. Бұл кәсіптің ауданымызда шатқаяқтап тұрғандығы да жасырын емес. Кәсіппен айналысатын жеке шаруашылық серіктестіктер немесе жекелеген шаруа қожалық өкілдері бұл кәсіпке «тіс батырып» бара бермейді. Яғни, балық шаруашылығының тірлігін олар да жақсы біледі деген сөз. Бұл кәсіпте бірден оңай олжаға кенеле қою екіталай. Дегенмен, ойдағы сартап болған сарсаң пікірді елемей, «нар тәуекелге» бел буып, ауданда балық шаруашылығын ілгері дамытқысы келетін шаруа қожалық өкілдері жоқ емес, бар. Соның бірі – «Номад» шаруа қожалығы.
Жақында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Шөңгер ауылындағы тау бөктеріне арнайы барып, «Номад» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Айта кетейік, аталған шаруа қожалық алдымен жасанды су айдынына 60 000 шабақ жіберген. Кәсіпкерлер игілікті істі осылай бастағанды жөн көрген екен. Алдағы уақытта 200 мың шабақты жасанды су айдынында өсіруді жоспарлап отырған көрінеді. Қожалықта қазірдің өзінде 20 адам жұмыс істейді. Егер кәсіптің керегесі кеңейген жағдайда бұл сан еселеніп, көбеюі мүмкін. Қожалық жетекшісінің мақсат-мүддесі де сол. Өз кезегінде аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы балық шаруашылығын қолға алып, ауданда сол кәсіптің өрісін кеңейтуді көздеген қожалық жетекшісіне әрқашан қолдау білдіретінін айтып, жұмысына сәттілік тіледі.

Әлия Жанәбіл,
Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: