Келелі кездесу

354 Views

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 3 наурызда «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826-шы Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл Жарлықта «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін», – деп айтылған.

Жақында жоспарланған алгоритмге сәйкес, аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Қайыңды, Тереңөзек және Ақыртөбе ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті.
Аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы ең алдымен атқарылып жатқан және атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтті. Ал, сұрақ-жауап бөлімінде әр ауылдық округте инфрақұрылым, әлеуметтік мәселелер, егістік, жайылым жер, ауыз су, елді мекендерді абаттандыру секілді әртүрлі мәселелер көтерілді. Ауыл тұрғындары белсенділік танытып, аудан басшысына көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.
Мәселен, Тереңөзек ауылдық округі тұрғындарын көптен мазалаған мәселелердің бірі – газ. Сондықтан олар аудан әкімімен кездесуге Шолаққайыңды елді мекенін көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесін сөз етті.
Бұл тұрғыда аудан басшысы өткен жылы ауданда газ кірмеген 10 ауылға газ тарту жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде ауданның 34 елді мекені газбен қамтамасыз етілгенін, Шолаққайыңды ауылына газ тарту жұмыс жобасының сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджеттен қаржы қарастыруға бюджеттік өтінім жолданғанын жеткізді.
Одан кейін Тереңөзек ауылына спорт кешенін салу, электр желілерін жаңарту, Ақыртөбе ауылына «СтритВоркоут» салу және де қаңғыбас иттерді аулау мәселелері көтерілді.
Аудан басшысы өз тарапынан қойылған сауалдар мен өтініштердің барлығы заң аясында кезең-кезеңімен шешімін табатынын және қордаланған мәселелер тиісті сала басшыларына жолданып, әр сауал жеке бақылауында болатынын жеткізді.
Аудан әкімі, аудандық прокуратура және полиция бөлімінің басшылық құрамы, жергілікті зиялы қауым мүшелерінің қатысуымен өткен қоғамдық қабылдауда, тұрғындар көтерген жеке мәселелері бойынша тиісті ақпараттарын алды.
Алдағы уақытта аудан әкімінің аудан тұрғындарымен кездесуі тұрақты түрде өткізілетін болады.

Мөлдір Тастанбек,
Т.Рысқұлов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.

Поделиться ссылкой: