Мерекелік құттықтау

390 Views

Құрметті медицина саласының қызметкерлері!
Сіздерді кәсіби мереке – Қа­зақстан Республикасының меди­ци­на қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Әрбір мемлекеттің басты байлығы – оның азаматтары болса, әрбір адам баласы үшін байлық та, бақыт та – денсаулық. Сондықтан да денсаулыққа деген қамқорлық, жауапкершілік еш уақытта да күн тәртібінен түскен емес.
Бүгінгі таңда қазақстандықтардың салауаттылығы – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы отандық медицина алдына үлкен әрі жауапты міндеттер қойып отыр. Елімізде денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүмкіндіктер жасалуда.
Саланы қаржыландыруға жыл сайын 2,0 млрд. теңгеден астам қаражат бөлініп, мемлекеттік бағдарламалардың аясында ауданымызда жарақтандыру деңгейі 91,2 пайызды көрсетіп отыр. Бұл көрсеткіш басқа аудандармен салыстырғанда жоғары деңгейде. Өткен жылы медициналық құрал-жабдықтарға 305,0 млн.теңге бөлінді. Ауданымызда көптеген бірегей мамандар жұмыс жасап, жаңа технологияларды, диагностикалау мен емдеудің инновациялық әдістерін игеруде. Аудан тұрғындарына 35 емдеу мекемелерінде 860 медицина саласының мамандары қызмет көрсетіп келеді.
Соңғы екі жылдан астам уақытта, жер шарын жайлаған коронавирус індетімен күресте медицина саласының өкілдері өз денсаулықтарын қатерге тігіп, тәулік бойы аяқтарынан тік тұрып, қырағы сарбаздай алдыңғы шептен көріне білді. Осындай жанқиярлық еңбектің, жоғары кәсіби шеберліктің арқасында қауіпті дертке тойтарыс бере алдық.
Бұл күн – адам жанын жүрегімен сезінетін денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлерінің ерен еңбегі бағаланатын күн. Дәрігер – адам жанының арашасы, жер бетіндегі сан алуан кәсіптің ішіндегі ең ізгі, ең қастерлі мамандықтың иесі. Ал, оның иесі болу – үлкен мәртебе. Осындай мерекелік күнде барлық дәрігерлеріміз бен бұл салада қызмет етіп жүрген әр қызметкерге, денсаулық сақтау ардагерлеріне ризашылығымызды білдіреміз.
Ерен еңбектеріңіз, шипалы алақандарыңыз, мейірімді жүректеріңіз үшін алғысымыз шексіз. Еңбектеріңіз халыққа қуаныш сыйлап, өздеріңізді нұрға бөлесін. Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, күш-жігер, баянды бақыт пен жаңа табыстар тілейміз. Кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында биік асулардан көріне беріңіздер!

Аудан әкімі Е.Садырқұлов

Аудандық мәслихат хатшысы Е.Әбутәліпов

Поделиться ссылкой: