Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға…

606 Views

Өмір өзгермейтін, тәтті сәт таусылмайтын болсашы! Арғымақ аттай арындап тоқтауды білмейтін, уақытқа тосқауыл жоқ. Зымырап өтіп жатыр…
Жуырда ұлан-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде күм­бірлеген күміс қоңырау үні соғылды. Жас түлектер он бір жыл бойы оқыған алтын ұя мектебімен қимай қоштасты. Құлын-тайдай тебісіп қатар өскен құрбы-құрдастар өмір­дің сан тарау жолымен кететінін ұғынып, еріксіз көзге жас алды. Мұндайды бастан өткеру – табиғи құбылыс. Өмір заңы солай. Яғни бұл дегеніңіз – біз, белгілі бір деңгейде алғаш­қы сатыдан өттік деген сөз.
Алда әлі мемлекеттік емтихандар мен ұлттық бірыңғай тестілеу сияқты үлкен сынақтар күтіп тұр. Дегенмен, балапан боп кіріп, қыран боп ұшқан мектеппен қоштасу сәтіндегі жан тебірентерлік көрініс өмір бойы естен шықпасы анық.
Ауданымыздағы бірегей білім ошағының бірі саналатын №1 мектеп-лицейінде де «Соңғы қоңырау» салтанаты жоғары деңгейде өтті. Мектебіміздің директоры А.Кыдырова жүрегінен шыққан жылы лебізін білдіріп, сәт-сапар тіледі. Он бір жыл бойы білім нәрімен сусындат­қан ұстаздарымызға біздің де айтар алғысымыз шексіз. Қолға қалам ұстатып, алғашқы әріпті үйреткен бастауыш сынып мұғалімі Р.Тойбаева, қиыны мен қызығы мол жеткіншек шағымызда үнемі қасымыздан табылған сынып жетекшіміз Ж.Тлебалдиева апайларымызға деген құрметіміз ерекше. Жанашыр жан, аяулы ұстаз Сабира Налибаеваға да мың алғыс.
«Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ең­бектеріңіз ақтала берсін, аяулы ұстаздар. Алда біз шығатын талай белестер бар. Өмірдің үлкен жолына жетектеп келген асыл жандар, біз сіздердің үміттеріңізді ақтауға тырысамыз. Білімнің биік шыңынан көрініп, еліміздің дамуына өз үлесімізді қосатынымызға кәміл сенемін.
Мейірім Какен,
№1 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы.

Поделиться ссылкой: