«Өмірлік ұстанымым – ата ұлы болу емес, ары зор Адам ұлы болу»

370 Views

Қайбір жылы республикалық мерзімді баспасөздердің бірі Смағұл Сәдуақасұлының мына сөзін жариялап еді. Газеттен оқыған есті сөз санада әлі сақтаулы. Жазайық. Оқып көріңіз. «Мемлекеттік қызметте ең әуелі не ескерілуі керек? Мемлекеттік қызметте ең бірінші кезекте мемлекеттік қыз­меткердің жергілікті ұлтқа жаны ашитындығы не болмаса жаны ашымайтындығы мықтап ескерілуі ке­рек» деген екен алаш қайраткері. Бұған көп адам жадағай сөз деп қарауы мүмкін. Шын мәнісінде, бұл сөздің астары тереңде жатыр. Меніңше, осы сөзді мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген әрбір адам қаперіне алуы тиіс.
Тізбектей берсек, алаш қайрат­кер­лерінде бұндай сөз жетіп артылады. Қайсібірін жазайық. Мәселе – «Сол алаш көсемдерінің сөздерін оқып, қызметтік ұстанымына балайтын азаматтар бар ма?» деген сұрақ бізді екіұдай ойға қалдыратын. Аудан әкімінің орынбасары Еспенов Ерғазы Жұмабекұлымен әңгімелескен соң, пікіріміз аз да болса өзгерді…
Мені қуантқаны – аудан әкімі орынбасарының қарапайымдылығы. Жазуға ниетті екенімізді айтып, хабар­ласқанымызда, сөзбұйдалыққа салған жоқ:
– Сіз­дерге әрқашан есігіміз ашық, – деді. Сосын межелі уақытты белгілеп, сұхбат құрдық. Міне, азамат! Айтқан уәдесін екі етпейді. Әйтпесе, «билікте жүрген кейбір бишікештердің» кабинетіне кіру мұң ғой. Кіріп сөйлесу былай тұрсын, жанына жолай алмайсың. Ал, біз, Ерғазы Жұмабекұлымен еркін отырып сұхбаттастық. Сондықтан қарапайымдылық – Ерғазы Жұмабек­ұлының бойынан біз байқаған бірінші қасиет. Кейіпкеріміздің бойынан байқаған тағы бір қасиет – білімділігі. Оның Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, экономика және бизнес факультетінде тектен-текке оқымағаны көрініп тұр. Цифрдан мүдірмейді. Яғни, кәсіби экономист. Өз мамандығының шебері.
Мына деталь бізді тіптен тәнті етті. Көке-жәкесі арқылы жұмысқа кіріп, түк бітірмей жүргендер қаншама?.. Ал, Ерғазы Жұмабекұлы тамыр-таныссыз жұмысқа орныққан азамат. Ол – қызметтік карьерасын 2005 жылы аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы бастаған. Жұмысқа деген қабілет-қарымын, біліктілігін, іскерлігін, табандылығын сол кезде көрсете білген жас маман кейіннен осы бөлімде статист, жетекші маман, экономикалық саясат секторының бас маманы, сектор меңгерушісі болып еңбек етті. Бұның бәрі бойдағы табандылық пен білімнің арқасы.
Ерғазы Жұмабекұлы 2012-2014 жылдары аудан әкімі аппараты кадрлық жұмыс бөлімінің меңгерушісі, сосын осы бөлімнің басшысы болды. Бұл қызметте де ол жауапкершілікті бірінші орынға қойды. Ал 2014 жылдан 2021 жылға дейін аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы болды. Бұл қызметте де Ерғазы Жұмабекұлы өзінің білікті экономист, агро саладағы тәжірибесі зор маман екенін көрсете білді. Ол басшылық еткен жылдары ауылшаруашылығы саласындағы бекітілген индикаторлық көрсеткіштер бойынша ауданымыз жоғары нәтижелерге ие болды. Қолынан іс келетін, жұмысты үйлестіре білетін Ерғазы Жұмабекұлы 2021 жылдан бері аудан әкімінің орынбасары лауазымы қызметінде. Біздіңше, ол – осы лауазымға лайық азамат.
«Менің арманым байлық, мансап, мақтан емес, ата ұлы да болу емес, ары зор, адам ұлы болу» деген екен Шәкәрім Құдайбердіұлы. Осы сөз менің қызметтегі кредом» дейді Ерғазы Жұмабекұлы. Рас, байлық, мансап бүгін бар, ертең жоқ дүние. Ал, Адам боп қалу – қиынның қиыны. Осы сөз бар, жоғары да сөз еткен Смағұл Сәдуақасұлының сөзі бар, бағамдай беріңіз.Осындай азаматтар мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген кезде «Жаңа Қазақстан қалай құрылады?» деген сауал қою – негізсіз секілді көрінеді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: