жәнібегіміз алғыс хат иегері
Жәнібек Базылбек. Жәнібек Мәмбетұлы. Жәнібек Сәдуақас. Жәнібек Сұлтан. «Бұл не тағы?» деп таңырқамаңыз, алдияр оқырман! Бұл – «Құлан таңы» газетінің бөлім меңгерушісі, сақа журналист Жәнібек Базылбектің газет тілімен айтқанда, псевдонимі. Бұны неліктен жазып отырмыз? Себебі, сұрайтындар көп. Әрине, бәрі бірдей газеттің тілін түсіне бермейді. Сондықтан жазып отырмыз. Әйтпесе, біз атаған төрт псевдоним де бір Жәнібегіміз ғой. Яғни, Жәнібек Базылбек. Жәкең әрбір мақаласын зерделеп жазатын журналист. Шатты-бұтты жазуды ол мүлде қаламайды. Әуелі ойланады, сосын зерделейді, зерттейді. Жазуға содан кейін кіріседі. Міне, өз жұмысын құрметтеу, шынайы кәсібилік деген сол.
28 маусым – Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күніне орай әріптесіміз Жәнібек Базылбек облыс әкімінің Алғыс хатын иеленді. Бұл марапатты әріптесімізге аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің өзі табыс етті. Бұл сәтті біз сіздермен қалай бөліспейміз. Бөлісеміз, әрине. Өйткені, еңбек бағалану керек. Жәкең секілді еңбекқор, әділ, адал, жүрегінің түгі, табанының бүрі, сөзінің бізі бар журналист бұл марапатқа әбден лайық. Жәкеңнің журналистік қызметтегі кредосы да сол ғой. «Қыза жазу, қыздыра жазу, қызыға жазу, қызықтыра жазу».
Бұл марапатқа Жәкең расымен лайықты. Жәкең сол сәтті өзінің «İnstagram» парақшасында салды. Пікір жазған адамдар көп, шыны керек. Оқысаңыздар болады. «Құлан таңы» газетінің ұжымы Жәнібек Базылбекті айтулы марапатымен құттықтайды. Жазар көбейсін. Қаламы мұқалмасын дейміз. Әріптесімізге тек қана шығармашылық табыс тілейміз.
«Құлантаңдықтар».